Рухани жаңғыруРуханият

Қыздарбек күйші

Қазақтың дәстүрлі өнер шежіресінде Қыздарбек күйшінің орны бөлек. Қыздарбек Төребайұлы (1850-1922) заманынан оза туған тұлға, оның күйлері тарихи кезеңаралық мазмұндылығымен құнды, дәлірек айтсақ, ол ақ патша заманының отаршылдық саясатын да, Кеңес Үкіметінің қанқұйлы өктемдігін көрген адам. Сондықтан, оның тараулы толғаулары мен мұң Қосбасарлары кешегі кер заманның зұлматынан хабар береді. Қыздарбек күйлерінің үні өзгеден бөлек, кәсіби композиторлық сараппен алғанда тәтті күй үшін «домбыраның терін алған» тұңғиық сазгерші. Қазіргі шертпе күй тарихында аттары асқақ классик күйшілеріміз – Әбди, Мақаш, Сембек, Ақмолда, Рысқұлбек, Бегімсал, Әбдіғали, Кәрібектер осы Қыздарбектей күй алыбының сынынан өтіп, бұйырған жағдайда батасын алып, шерту үлгісін жалғастырушылар. Осының өзі Қыздарбектің күй әлеміндегі тау тұлғасын айғақтайтындай дәлел бола алады, Арқадағы ауызекі әңгімеде әуелі күй тәңірі Тәттімбеттің аты аталса, одан кейінгі буындардағы Дайрабай, Тоқалардың қатарында түпсіз күйші Қыздарбектің де есімі ардақтала айтылады. Қыздарбек Тәттімбеттің замандасы болған әйгілі Итаяқ күйшінің төл шәкірті.

Осы шағын мақалада Қыздарбек күйшінің өмірін, шығармашылығын баян етуді мақсат етпейміз. Себебі, бұл тақырып жөнінде жазушы Кәмел Жүністегінің «Шырағдан» («Шырағдан». Мақалалар. Деректер. Алматы-2007, «Ел-шежіре» баспасы) атты деректі очерктер топтастырылған тамаша кітабы бар. Зерттеу еңбекте күйшінің өмірі, замандастары, шәкірттері, күйлерінің шығу оқиғалары түгел дерлік қамтылған. Сөз реті келген соң айта кетелік, Арқа өңіріндегі жыраулар мен ақындар, билер мен шешендер, күйшілер мен әншілер туралы биографиялық деректер жинақталған осы кітапты баспадан қайта шығарудың жөні бар сияқты. Себебі, өлке мәдениетін тануда «Шырағдан» энцилопедиялық жүкті арқалаған, осы күні қолға түсе бермейтін сирек әдебиет.

Қыздарбек күйшінің халықтық өнердегі орны туралы өскелең ұрпақ төмендегі мәліметтерді білгені дұрыс болар еді. Қыздарбек туралы алғаш қалам тербеген – жазушы Кәмел Жүністегі. Ол өткен ғасырдың 80-жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы даңқты күйшінің өмірі мен шығармашылығын халыққа тұтас таныстырарлық мақала жазды. Кезінде бұл мақала өнертану саласында аса маңызды һәм сенсациялық жаңалық болды, себебі, Қыздарбек күйшінің аты ел жадында сақталғанымен оның мұрасы алмағайып заманның ағымында ескерусіз-елеусіз қалып бара жатқан еді. Кеңестік идеология салқынының өтінде жүріп Кәмел аға Арқа күйшілерінің фонотекалық дерегін қалыптастырды, Қыздарбек күйлерін ел арасындағы кәріқұлақ күйшілерден магнитофон таспасына жазып алды. Осы күні сол құнды таспалардың негізінде көптеген хрестоматиялық еңбектер, диссертациялық жұмыстар жазылды, күйші мұрасы «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын», «Сарыарқа» аудиоантологияларына енді. Егер Кәмел ағамыздың осынау зерделі еңбегі болмаса, Қыздарбек күйшінің шығамашылығы осы күнгі дәрежесіндей болар ма еді, болмас па еді…

Қыздарбек есімін елге таныстыруда зор еңбек еткен тағы бір ғалым – Уәли Бекенов. Ол «Шертпе күй шеберлері» атты зерттеуінде арқадағы ірі күйші Қыздарбек мұрасын шұғыл зерттеу керек екенін жазған. 1981 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Күй табиғаты» атты кітабының Әбікен Хасеновке арналған бөлімінде:

«…олар – Баубек, Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Итаяқ атты атақты күйшілер. Ә.Хасенов бала кезінде бұлардың бірінің қолынан домбыра үйренсе, екіншісінің өнеріне еліктеп, жылы лебізін естіп батасын алған» деп жазды. Сонымен қатар Әбікен Тәттімбет күйлерінің нұсқаларын Қыздарбектен көріп, үйренгенін баяндайды. Уәли Бекеновтен кейін Қыздарбек күйші жөнінде зерттеулер жүргізген ғалым – Тымат Мерғалиев. Ол Қыздарбек күйлерінің лирикалық сипатын ерекше бөлек бағалады.

Қыздарбек күйлерін шертушілердің алдыңғы буыны – Әбікен Хасенов, Бегімсал Орымбеков, Әбдіғали, Самат Мұсабеков, Мағауия Хамзин, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев, Қалкен Қасымовтар. Кейінгі орындаушылар легінде – Базаралы Мүптекеев, Мұрат Әбуғазы, Арман Қадырбек, Саян Ақмолда, Жалғас Садуақасов, Манап Анықбеков сияқты дарынды домбырашылар бар.

Қыздарбек мұрасын қастерлеген бір азамат – Қайролла Садуақасов еді. Ол 2014 жылы ЮНЕСКО-ның домбыра күйлерін материалдық емес (бейзат) құндылық санатында тіркеу жұмысына қатысқан еді. Беделді ұйымның Бельгиядағы штабы талап еткен 20 минуттық кинороликке Қайролланың орындауында Қыздарбектің «Өткінші» қосбасары жазылды. Бұл аса маңызды тарихи құжат болатын. Қайролла Қарағанды қаласында тұңғыш рет «Шертпе күй» оқыту орталығын ұйымдастырды. Облыстық деңгейде дәстүрлі өнерге жастарды баулитын небір мәдени іс-шаралардың талай куәсі болдық. Қайролланың көзі кеткен соң сол орталық жабылып қалған көрінеді. Өкінішті…

Тәттімбет өнер колледжінің оқытушысы, белгілі күйші Мадияр Сүлейменов өткен жылы «Ұлттық арна» ұйымдастырған «Ұлы дала сазы» мегажобасында және «Қазақ радиосының» «Күй шашу» бағдарламасында Қыздарбек мұрасын насихаттаушы ретінде елді елең еткізген еді. Ол Шет ауданы өңіріндегі күйшілердің дәстүрін сақтаған, үлгісін таза жеткізе білетін шебер орындаушы, Дәулетбек Садуақасовтың баталы шәкірті.

Қыздарбек күйлері кинорежиссер Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде орындалды. Бұл шындығында тарихи деректерге сай келетін режиссерлық шешім еді, себебі, Біржан салдың соңына ерген серілердің арасында Қыздарбек күйінің шертілуі заманына да, күйшінің даңқына да дөп келеді.

Қыздарбектің туындылары Тәттімбет атындағы ұлт аспаптары оркестрінің (Жетекшісі Д.Үкібай), «Сазген» (жетекшісі Б.Тілегенов), «Арқа сазы» (жетекшісі Б.Садуақасов) фольклорлық ансамбльдерінің репертуарында орындалады. Қыздарбек күйлерін оркестр тілінде сөйлетуге тер төккен дирижер – Әбуғалисын Шоқанбаев. Қыздарбектің атақты «Сылқым қыз» күйі кәсіби оқыту саласында танымал туындылардың қатарына жатады. Қыздарбектің Қосбасарлары республикалық, халықаралық күй конкурстарының бағдарламаларына енген.

Қыздарбек күйлерін нотаға алғаш түсіруге талпынғандардың бірі осы мақаланы жазып отырған пақырларыңыз екенін айтсам, сөге көрмессіздер. 2006 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен Қарағандыдағы «Болашақ» баспасынан менің «Қазақтың шертпе күйлері» атты жинағым шыққан еді. Сол кітапқа Қыздарбектің бірнеше күйінің нотасы жарияланды. Әрине, осыдан кейін көптеген хрестоматиялық, антологиялық әдебиеттерге Қыздарбектің айшықты күйлері жариялана бастады.

Осы мақаланы жазу барысында Арқа жерінде Қыздарбек күйшіні ұлықтаған айтулы оқиғаларды еске түсіргім келді. 1991 жылы 13 ақпан күні Жезқазғанда «Ұлытау үні» облыстық фестивалі аясында К.Жүністегінің «Қыздарбек күйші» атты музыкалық-драмасы қойылған екен. С.Қожамқұлов атындағы театрда ине шаншар орын жоқ, шертілген күй, шырқалған ән, күй әуеніне мың бұрала билеген «сылқым қыздар», не керек, күйші аруағына арналған тамаша кештің қызығына тоймап едік. Артынша араға бірер жыл салып Шет ауданында Қыздарбек күйші атындағы бірінші аймақтық күй конкурсы ұйымдастырылды, бірінші бәйгені дарынды жас күйші Арман Қадырбек алғаны есімізде.

Осыдан кейін Қыздарбек мұрасына мойын бұрған кезіміз сиреді. Биыл ұлы күйшінің 170 жылдық мерейтойына орай облыстық деңгейде ғылыми конференция, алқалы жиын, күй кештері өтер деп үміттенеміз. Себебі, аты Алашқа әйгілі болған күй сардары Қыздарбек бабамыздың мұрасы мың жылдық құрметке, мың жылқылық дүбір-думанға лайық.

Жанғали ЖҮЗБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button