3. Алты құрлықтың Ақылманы

   Әр дәуірдің ақиқаты – өзінде. Біздегі бір кемшін дүние – Тәуелсіздік толғауын (тарихын) шынайы пейілмен жаза алмай жүргеніміз. Жазғымыз келеді. Бірақ, енжарлыққа енші беріп қойғанбыз-ау. Әйтеуір, бағалауға келгенде кежегеміз кейін тарта қалады.

Тәуелсіздік ұғымы мен Елбасы еңбегін сабақтастыра салмақтауға арналған сериялық топтамамның бүгінгі әпсанасын Әлем картасында пайда болғанына небары ширек ғасыр уақыт өткен Қазақстан мемлекеті мен оның Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жаһандық беделіне арнамақпын.

Біз – 25 жылдық жылнамасы бар Тәуелсіздік жылдарында ғарыштық жылдамдықпен дамып, толайым табыстарға, толағай биіктерге қол жеткізген Елміз. Әлем таныды. Танып қана қоймай, мойындады. Ендеше, Қазақстан жолы – тарихи ақиқат! Ал, Тәуелсіздік тартулары мен Елбасы қайраткерлігі арасында алшақтық болмайтынын да уақыт өзі дәлелдеп отыр.

Уақыт таразысында екшелген тарихи игіліктерімізді тарқатып көрелік…

 

Атом қаруы атамнан

қалған мұра емес

Иә, біз – жаппай қырып-жою қаруынан Әлемде бірінші болып бас тартқан елміз. Тіпті, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір батыл қадамы – еліміз Тәуелсіздігін жарияламас бұрын жасалған тарихи байлам. 1991 жылдың 29 тамызы. Осы күні Қазақстан Көшбасшысы Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сол сәттен басталған жасампаз қадамдар жарқын игіліктерге бастау болды. Шынымен де, бұл күн Қазақстан тарихында ғана емес, адамзат күнтізбесіндегі айтулы тарихи күнге айналды. Әйтпесе, БҰҰ бұл күнді Ядролық қарудан бас тартудың Халықаралық күні деп жарияламас еді.

Елбасы өзінің «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабының әлқиссасында «ХХ ғасыр. Мұныңыз – Ғалам бір бөлшек деп танылған, бірақ, бөлшектің өзі тұтас бір ғалам болып шыққан заман. Мұныңыз – адамзат баласы атомның ғаламат тыныштығын тұңғыш рет мазалап, сол атом өзінің ғылыми қиялдан күштірек екенін көрсеткен заман.

Ұйқысынан оятылған күш өзінің адами әуестікті тояттандыратын дүниенің құйтымдай бөлшегін құрайтын жай ғана нәрсе е мес, әлдеқайда үлкен нәрсе екенін танытты. Өзінің дүниеден жоғары, тыс тұрғанын, оның тағдырын адам айқындамайтын, керісінше оның шексіз энергиясы адамзат тағдырын айқындайтынын дәлелдеді.

Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ, өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамға сенуден қалды, бірақ, ядролық күшке сеніп алды» деп толғанады.

Ақиқат! Шынымен-ақ, ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қарудың кесірлі потенциалын өз қиялымен ойлап тауып, өз қолымен жасаған адамзат осы бір аждаһаны қайта жоюға қауқарсыз болып қалған еді.

Ядроның қазақша баламасы – өзек. Зұлымдықтың өзегі. Қазақы ұғымда – жараның өзегі. Міне, ХХ ғасыр осы бір кесапаттың өзегіне тәуелді болып қалған. Анығын айтқанда, құлдық ұрдық. Зұлматты ғасырдың зұлым ғаламаты саналған бұл қарумен Елбасы сөзімен айтқанда, «біз ештеңені көздей алмайтын едік». Өйткені, басты нысана – өзіміз. Әлем – әбігер. Өзі ойлап тапқан қаруынан өзі үркіп, ядро жанарындағы зұлымдық жалынына шарпылып тұрды.

Алты құрлықты абдыратып тұрған осы аждаһадан айналып өтіп, тығырықтан шығар жолды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тапқан-ды.

Қазақстан Көшбасшысының ядролық қарудан бас тартып, Әлем жұртшылығына қарусыздану бағдарламасын ұсынуы Еуразия құрлығындағы жас мемлекеттің абыройын аспандатып жіберген. Қуаты жағынан Әлемдегі төртінші қаруға иелік ете отырып, одан бас тарту шынымен де тарихи тәуекел еді. Неге? Қойнауы құтқа, жайлауы түлікке толы кең байтақ Қазақ жеріне көңілі ауып, көз қадамаған көршіміз жоқ. Әсіресе, КСРО ыдырап, «үлкен үйден» еншісіз отау шыққан сәтте жұртымызға көз алартып, жұтынбаған держава болмады деп айта алмаспыз. Қарапайым логикаға сүйенсек, бұл қару біз ықтимал жауды ықтыру үшін де қажет секілді көрінген. Осы пікірді желеу етіп, көне Шыңғыс топырағындағы аждаһа апанын әлі ұстай тұру қажеттігін ұсынған саясаткерлеріміздің де болғаны жасырын емес. Алайда, Қазақстанды ғана емес, жұмыр жерді бейбітшілік бесігіне айналдыруды көздеген көреген Көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы табанды түрде тарихи тәуекелге барды. Ықтимал жауды ықтырудың бейбітшіл нұсқасын ұсынды.

Әуелі ядролық қару тетігін ұстап отыру арқылы жан-жағына жасанды сес көрсету қып-қызыл шығын екенін дәлелдеді. Өйткені, қарулану арқылы бәсекеге түсу Одақтың шаңырағын ортасына түсіргенін жақсы білді. АҚШ-пен КСРО арасындағы ядролық текетірес кезінде ордалы Одағымыз 20 триллионға жуық АҚШ доллары көлемінде шығынға батқан екен. Экономикалық үдерісі нөлден басталғалы тұрған жас Қазақстан мемлекеті әуелі осы шығынды көтеруге қауқарсыз еді. Ядролық қарудан бас тартудың жан-жақты тиімділіктерін әлемдік деңгейде дәлелдей білген сұңғыла саясаткер мақсатына жетті. Алты құрлық аузына қарады.

ҚР Президентінің қарусыздану идеясы бір емес, бірнеше мәрте мәртебелі жиындардың биік мінберінде таразыланып, Назарбаев бастамасы бейбітшіл халықтардың біріккен бағдарламасына айналды. Осы жылдың сәуір айында АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы саммитте жарияланып, сол сәтте-ақ БҰҰ-ның ХХІ ғасырдағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі бас құжатына айналған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – Нұрсұлтан Әбішұлының тажал қаруымен болған ширек ғасырлық күресінің – жемісі!

Ақыры, Атом қаруы атамыздан қалған мұра еместігін дәлелдеген Қазақстан Президентінің осы мақсаттағы тарихи идеясы Жер планетасының жүрегі болып бүлкілдеп, тамырына қан жүгіртіп тұрғандай көрінеді. Бұл – жай ғана елес емес, ақиқат!

Дала бітімгерінің

даналығы

Әлемдегі қырғи-қабақтар мен сын-қатерлерге кейіпкер елдер – Қазақстанның бітімгерлік ұстанымына мүдделі. Өйткені, еліміздің Тәуелсіздік тарихында Елбасының дала дипломатиясының дана үлгісі арқылы атқарған араағайындық миссиялары үнемі сәтті нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Тіпті, Нұрсұлтан Әбішұлының бірегей бітімгерлік тұлғасы еліміз Тәуелсіздігін жарияламаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде айқұлақтанып, елге абырой әкелгенінен бастауымызға болады әңгімені.

Тарихқа шегініс. Естеріңізде ме, 1988 жылы ақпан айында Әзірбайжан Республикасы құрамындағы Таулы Қарабақ автономиялық облысы мен Шаумян ауданы республика құрамынан бөлінуге ұмтылыс жасағаны. Үй ішінен үй тіккісі келген үркердей топтың бұл бастамасының соңы таулы аймақ тұрғындарының түні мен таңынан тыныштық қашырған. Жағдай күрт шиеленісіп, соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Осы тұста Ақтамберді жырау толғағандай «Қиуадан ақыл алатын, қиыннан айла табатын» тұлға керек болды Қап тауындағы қақтығысты ымыраластыруға. Мақтанып айталық, сол даудың түйінін дала даналығына сүйенген Нұсұлтан Әбішұлы шешкен еді. Әрине, жалғыз емес. Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Ельцин екеуі араласты алауыздықты ауыздықтауға.

Сол кезеңде-ақ Қазақстан Республикасының бейбітшіл һәм ымырашыл ұстанымын Әлемге паш етіп, асқан қайраткерлік пен адамгершілік құндылықты қастерлей білу үлгісін танытқан Нұрсұлтан Назарбаевқа жер-жаһан тәнті болған еді. Иә, содан бері көршісімен келіспей, қабақ шытысқан ел болса, Қазақстанға, оның Көшбасшысына жүгінетін дәстүр қалыптасып кетті.

Назарбаев араағайындығынан кейін 22 жыл мылтық атылмаған Таудағы Қарабақ 2014 жылы тағы дүрліккен. Тағы ҚР Президентінің төрелігі ымыраны төрге оздырды. Осыдан-ақ Нұрекең бойынан баяғы бабаларымыздың қара қылды қақ жарып, әділ төрелігімен топ жарған қастерлі қасиетін аңғаруға болады.

Дала дипломатиясының дара дарыны бойына дарыған Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік тұлғасын айшықтай түсетін араағайындық қызметі бір ғана Таудағы Қарабақпен шектелмейді. Украина мен Ресей, АҚШ пен Ресей, Түркия мен Ресей арасындағы қабақ шытулардың бәрін бейбіт жолмен шешуде біздің Көшбасшымыздың көшелі қолтаңбасы бар.

Иә, дала данышпандығының даңғайыр үлгісін дағдарыс диалогында асқан беделмен алып жүрген ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бітімгерлік миссияларының жемісті нәтижелері еліміз үшін зор абырой әкелуде.

Ең бастысы, Елбасының бітімгерлік қызметте тайсақтамай, батыл қадам, әділ шешім жасауы. Мәселен, әлгі Таудағы Қарабақтың дауында Одақтың көсемі М.Горбачевтің Таудағы Қарабақтың шиеленіскен жағдайын реттеу жөніндегі Жарлық әзірлеп жатқанына қарамастан, журналистерге берген сұхбатында: «Енді ол Жарлықтың қажеті жоқ. Өздерінің араларында болған ахуалды екі ел өздері реттейтін болады. Біз сондай мәмілеге келдік» деп батыл пікір айтуының өзі «Үлкен үй» қожайынының беделін өзінен кейінгі орынға ысырып тұрған жоқ па?!

Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып қабылдануында алты құрлықтың ақылманына айналған Қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасыр бойы сыр бермей, тек оң нәтиже беріп келе жатқан бітімгерлік беделінің басты рөл атқарғанын түйсінуге тиіспіз.

«Назарбаев нұсқасы»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды бастамалары мен ұтқыр ұсыныс, батыл қадамдары тек Қазақстан үшін ғана емес, алты құрлық алыптарының даму барометріне айналып отыр. Тұңғыш Президенттің «Қазақстандық жол» қағидасы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасы шетелдік саясаткерлердің қызығушылығы мен ықыласын егіз оятып, оң пікір қалыптастырғанын көріп те, естіп те жүрміз.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің әлемдік дау-дамайларға төрелік айтуы және әр пікіріне барша әлемнің назар аударуы кездейсоқ құбылыс емес. Дала даналығының дағдарыс дақпыртына араласуы, араласып қана қоймай, тығырықтан шығар жол сілтеуі данагөй бабалар билігінің мұрагерсіз емес екендігін танытса керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бағдарламасы мен әр жобасы әлемдік саяси аренада «Назарбаев нұсқасы» деген тұғырлы тіркестің пайда болуына септігін тигізіп отыр. Тіпті, кейбір мемлекеттер «Назарбаев нұсқасын» өз билігінде бағдар етіп алғаны да белгілі.

Халықаралық деңгейдегі саяси жүйеге серпіліс әкелген Елбасы жобасының бірі – «G-GLOBAL» бастамасы. Дағдарыс дауылына төтеп берудегі ортақ мақсаттар үшін жедел үнқатысудың таптырмас үлгісі ретінде мойындалған бұл жоба қазан айында Миланда өткен «Азия-Еуразия» форумының 10 саммитінде түбегейлі мақұлданды. Сөйтіп, қаржы-экономика саласындағы халықаралық әрекеттердің негізгі платформасын да ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

Сонымен, «G-Global» жаһандық үнқатысу алаңы – Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың идеясы.

Үнқатысу алаңының басты мақсаты – әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру мәселесін кеңінен талқылап, одан шығудың тиімді жолдарын бірлесіп анықтау. Заманауи жобаның тұсауы өткен жылы V Астана форумында кесілген. Өте қысқа мерзімде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. «G-Global» жобасына интернет арқылы әлемнің саңлақ сарапшылары қатысып, өз ойларын ортаға сала алады. Осы сәтте «Интернетте жарияланған пікірлер қай проблеманы шешеді?» деген мазмұндағы заңды сұрақ туындауы әбден мүмкін. Алайда, «G-Global» сайтында бүгінгі күнге дейін жарық көрген пікірлер мен ұсыныстардың есепке алынбағаны жоқ. Сол пікірлер тоғысы ертеңгі форумда талқыға түсіп, дағдарыс дақпыртын бәсеңдетуге өзіндік ықпалын тигізбек.

Жалпы, әлемдік саяси жүйе – «Назарбаев нұсқаларына» мүдделі. Мәселен, еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді тұрақтандырудағы Елбасы тәжірибесіне дүйім дүние қызығушылық танытып отыр. Ашығын айтайық, кешегі «өтпелі кезеңде» ұлтаралық факторларды теріс пиғылға пайдаланып, ұлыстар арасына жік салғысы келген топтар болды. Олардың түпкі мақсаты ұлтаралық жанжал тудырып, Елбасының сындарлы саясатына сызат түсіру еді. Бұл арқылы көршілер алдында немесе біздің елді мекен еткен кейбір ұлт өкілдерінің тағдыры мен тұрмысына мүдделі мемлекеттер алдында Нұрсұлтан Назарбаев беделін түсіру оңтайлы әдіс болатын. Бірақ, алғашқы сәттен-ақ Қазақстанды мекен еткен жүзден астам ұлттың жүзіне мұң ұялатпауды мақсат еткен сабырлы саясаткер, қажырлы қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев бұл кедергілерді де жеңе білді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Әрбір ұлт пен ұлыстың тілі мен мәдениетін дамытуды, оларға рухани тұрғыдан қолдау көрсетуді мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде қалыптастырды.

…Сөз соңында Қазақстан ат жалын тартып мінер азамат шағына енді жеткен жас мемлекет бола тұра, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жылнамасында алты құрлықтың ақылманына айналып үлгерді. Оның Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаев! Әлем «Назарбаев нұсқасымен» тыныстап тұр…

Ерсін МҰСАБЕК

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.