Жаңалықтар

Жас өскіндер – жазушы әлемінде

Қарағанды қаласындағы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында көрнекті қазақ жазушысы Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ 100 жылдық мерейтойына арналған «Сөз маржанын терген Тәкен» атты әдеби кеш өтті. Кеш барысында оқушылар жазушының шығармашылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен мәнді шараға №5 мектеп оқушылары қатысты. Жас өскіндер жазушының прозалық шығармаларынан үзінділерді аса жоғары деңгейде оқып, сахнада образдарды шебер сомдап шықты.

Ұлы суреткер бірқатар шығармаларын ұлттық рухани байлығымыздың алтын арқауы – күй өнерін жасаушыларға арнағаны белгілі. Арғы ғасырлардағы Қорқыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сәйтектің, берідегі Динаның, Сүгірдің, тағы басқа біртуар күйшілердің образын бейнелеуге Тәкен Әлімқұлов осы күй, күйшілік өнер тарихын терең біліп, ұзақ жылдар зерттеп барып құлаш ұрған.

Әдеби кешті қорытындылау кезінде жазушының өмір жолын оқушылар жадында сақтау ниетімен әдеби лото (ойын) өткізілді. Сөз зергерінің өмірі мен шығармашылығына байланысты ұйымдастырылған «Жұмбақ жан» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Оқушылар әдеби кешке белсенді түрде ат салысып, жазушының көркем, суреткер әлеміне саяхаттап, бір жасап қалғандай.

Қазақтың маңдайына біткен осындай біртуар дара тұлғаның еңбектерін есімізден шығармай, оқушыларға үлгі ету – жасампаз ұлттың өнегесі. Жазушының шығармалары қазақ халық өнерінің көшімен бірге ілесіп, уақыт озған сайын қырлана түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сайын жарқырай түсері сөзсіз.

Гүлнұр МЫРЗАХМЕТ,

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button