Ат артық па, адам ба?..

Ірілі-ұсақты тойларда ат шаптырып, балуан күрестіріп, жеңімпаздарға көлік сыйлап, құрметтеп жатамыз.

Тұлпар 20-30 шақырымды 40-50 минут ішінде шауып өтіп, алды автокөлік, арты бағалы сыйлықтарға ие болып жатады. Жеңімпаздарды бұқаралық ақпарат құралдары дүрліге хабарлап, аттың жасын, иесін, шабарман баланы бүкіл ел танып-біліп жатады. Ат – дүлдүл, бапкері – білгір, шабарман бала алғыр екен деп таңдай қағамыз.

Ал, 11 жыл бір мүдірмей, бір төрттік баға алмай, кілең беске оқып, мемлекеттік сынақтардан сүрінбей өтіп, орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған балаларды білсе мектебі, ата-анасы, туған-туыстары мен жақындары ғана біледі. Салыстырайықшы, 11 жыл босаңсымай, күнде оқулыққа үңіліп, талмай-шаршамай, көз майын тауысып, «инемен құдық қазғандай» білім іздеу… Бүлдіршін, ойын баласы кезінен балалығын құрбан етіп, ойы мен бойын тәртіпке бағындырып, үздік оқушы болу… Ерлік емей не?

Әрине, оқушыны атақ үшін, мансап үшін оқуға ынталандыру дұрыс емес болар. Бірақ, екі озатты: бәйгеден топ жарған сәйгүлік пен «Алтын белгімен» орта мектепті тәмамдаған баланың, қоғамнан алар бағасында олардың бүгінгі күн мен келешек үшін орны көрініп тұрғаны дұрыс болар еді деп топшылаймын. Егер де қоғам үшін сәйгүлік артық болса, онда автокөлік те, бағалы сыйлық та орынды. Ал, егер қоғам үшін білімді жас пен білгір маман, білікті басшы, ғалым, зерттеуші маңыздырақ болса, онда үздік оқушыларға көрсетер құрмет пен бөлінер көңіл ерекше болу керек. Озаттар барлық жерде марапатталып, құрметке бөленуі керек. Олардың ұзақ жылдар бойы тауысқан көз майы, төккен тері мен еңбектері елге паш етіліп, ата-аналары, ұстаздары бүкілхалықтық құрметке бөленсе артық емес.

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп данышпан бабаларымыз білімге ерекше көңіл бөліп, жоғары бағалаған. Әрі біз білім-ғылымнан кешеуілдеп қалған халықпыз. Сусынымыз қанған жоқ. Ал білім нәрін жұтқан адамның сусыны ешқашан қанбас деп ойлаймын. Білім деген тұңғиық тереңге тарта береді. Жастарға осы тұңғиықтан, өмір бойы сусындатып қойсақ, осы қасиет әкеден балаға жұқса, халқымыз оқымысты болса ғана көшбасшы ұлтқа айналамыз. Білім мен ғылым әлемде өндіруші күш екені жасырын емес. Олай болса, білімге, ғылымға ерекше құрмет көрсету орынды болмақ.

Осылай біз қоғамға не құндырақ, не маңыздырақ деген жастардың ойына түсер сұраққа дұрыс жауап берер едік. Бір кезде жастардын көбісі неге заңгерлікке оқуға түсті. Себебі оқуға түскендердің бір бөлігі полиция, прокурор, сот, кеден кызметкері болып, пара алып тез баиймыз деп жоспарлады.

Мен бұл бір үзік ойда ұлттық салт-дәстүр мен білімді бір-біріне қарсы қойып отырған жоқпын. Салт-дәстүр ұлт тұтастығының, ел бірлігінің көрінісі. Ерен еңбек арасында ауық-ауық бой жазғанға кім қарсы болар дейсіз? Тек әр іс маңызына қарай бағаланса және ұрпаққа дұрыс бағдар берсек деген ой ғой.

Серік АЛПЫСОВ,

заңгер.