Мағауия СЕМБАЙ, журналист, жазушы: «ТАБАНДЫ БОЛМАЙ, БАСШЫ БОЛУ ҚИЫН…»

«Көзден кетсе де көңілден кетпейтін» тұғырлы тұлғалар болады. Марқұм Мағауия СЕМБАЙ ағамыз да сондай сойы бөлек,соқталы азаматтардың бірі еді…

Ол – саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің көкжиегін кеңейтуге арнады. Қаламынан туған ойлы дүниелері оқырмандардың жүрегіне жол тапты. Қара сөздің қаймағын қалқып, қара орман қазақтың құрметіне бөленді. Сөйтіп өзі 22 жыл басшылық жасаған «Орталығымен» біртұтас ұғымға айналып кетті.

Бүгін қолдарыңызға тиіп отырған сұхбат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері марғасқа Мағауия ағамыздан осыдан 2 жыл бұрын алынып, қаламгердің жеке мұрағатында сақталып қалған екен. Бұрын — соңды баспасөз бетін көрмеген соны сұхбатты ағамыздың рухы шат болсын деген ниетпен төл мерекесі қарсаңында «Орталығының» ормандай оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан

«ШИ ШЫҒАРҒАН ШЫТЫРМАННЫҢ» АРҚАСЫНДА ЕКІ АУДАНҒА БАСШЫЛЫҚҚА ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕР КЕЛДІ»

– Тәуелсіздік дәуірі келгелі облыстық газетті жиырма бір жыл бойы үздіксіз басқарып келе жатқан бүкіл елдегі жалғыз редакторсыз. «Қазақ журналистикасының төлқұжатына айналған адамның» (К.Әмірбек) бүгінгі күнгі «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» (Ш.Мұртаза) мамандыққа келу жолы қалай болғанынан бастамасақ болмас сұхбатты.

– Анамыз көтерген он құрсақтан мен жалғыз қалдым. Әкей 1931 жылы сотталған екен. Үйге қайынағасы Иса қажы келмей ме? Ал, ол адам Семей өңіріндегі көтеріліске қатысқан, Шәкерім қажының сенімді серігі, атақты Ақбайдың Жақыбымен де терезесі тең адам болған. Әкей бір апта патшадай күтеді қонағын. Қажы: «Қытайға өтемін. Сен абай бол, қызылдардың беті жаман» деп ескертіп кетеді. Ағайыны, аудандық милицияның бастығы, революционер Угар Жәнібековтің «жолықсын» деген сәлемдемесін естіп барса, ол: «Бүгін түннен қалмай қаш! Дұрысы – Ресейге өтіп кет. Менің саған қолымнан келер көмегім осы…» дейді. Дүние-малды, жас зайыбының жасауына келген керемет ақ боз үйден бір сабақ ине-жіп алмаған күйде Семей асады. Ол жерде де тұрақтай алмай, Томскіге табан тірейді. Аңшы, аттың құлағында ойнайтын шабандоз әкей бір бай орыстың жылқысын бағып, жағдайы жаман болмағанмен елдегі болған ашаршылықты, жақсы біткеннің бәрін баудай түсірген қуғын-сүргінді естіп бір күйзелсе, бірінің артынан бірі төрт ұлы қызылшадан кетіп, жаны тағы күйеді. Зайыбы бесінші балаға жүкті болған сәттен «жер ауыстырмай болмайды, ары барса атылармын» деп елге қайтуға қам жасайды. Жол үстінде дүниеге келген ұлға Сапарғали деп ат қояды. Бұлар оралғанда соғыс басталып, майданға аттанады. Көрер жарығы, ішер суы бар екен, аман оралады.

Мен он алтыға толмай, төлқұжатсыз Алматыға, ҚазМУ-ге бардым оқуға. Тарихты өте жақсы көремін, бірақ, бір орынға отыз (!) адам үміткер екен. Журфакқа барсам – 13 адам. Құжаттарымды соған тапсырдым. Марқұм Ғабиден Құлахметов екеуміз бірге оқыдық. Қарағандыға, «Орталық Қазақстанға» жұмысқа тұрдым. Рамазан Сағымбеков есімді өзімізге университетте сабақ берген ұстазымыз республика Компартиясы Орталық комитетінен редактор болып ауысып келген екен. Бір-екі жылдан кейін КГБ жұмысқа шақырды. Барған жоқпын. Еркін жүріп-тұрғым келді. Әкемнің сотталғанын, ақталмағанын сол кезде білдім…

Ол кезде Оралханның даңқы жер жарады. Бәріміз соған ұқсағымыз келеді. Ал, газет – партияның органы, оның тілі мүлдем басқа… 29 жасымда партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болдым. Ол үшін партия қатарына кіруге тура келді, әйтпесе, бекітпейді. 1991 жылы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» шақырды. Еркін Қыдыр, Темірхан Медетбек, Бекен Әбдіразақов, Нұртөре Жүсіп, Әмірхан Меңдеке, Қали Сәрсенбаев, Аян Нысаналин, Ермұрат Бапи, Қайнар Олжай, Құдияр Біләл, Нұри Мұфтахпен бірге жұмыс істедік. Шетінен «сен тұр, мен атайындар». Үлкендер «барып кел, алып келге» жұмсайды, шауып барып алып келеміз. Содан соң ондай құрамды кездестірмедім…

Тәуелсіздікті жариялаған 16 желтоқсан күні жұмыстан шықтым.

– Жұрт жете алмай жүрген жерге шақыртумен барған екенсіз, кеткеніңіз қалай?

– Үйім болмаса не істеймін енді? Бала-шаға – бұнда, мен – анда. Баруыма себепкер болған курстасым редактордың орынбасары Ержұман Смайыл еді, жұмыстан да өзі шығарды – Шекең арызыма қол қоймай қойған болатын…

Қарағандыға, «Орталығыма» қайтып келдім. Нұрмахан Оразбеков деген жақсы кісі басшымыз. «Менің орныма түбі сен боласың!» дейтін. «Бірақ, әзір дайын емессің» деп қояды. Нұрмахан кеткен соң Рымқұл Сүлейменов бас редактор болды, ол да кетті, өз орнына менің кандидатурамды өткізе алмады. Тоғыз ай редактордың міндетін атқарушы болып отырдым. Бас редактор болып бір зоотехникті әкеп отырғызды бір күні.

– Зоотехникті?..

– Иә. Тағы ол бізге ақыл үйретеді… Қолды бір сілтеп, университетке оқытушы болып кетіп қалдым. Ермұрат Бапи сол кезде Премьер-Министр Ә.Қажыгелдиннің баспасөз хатшысы болып істеп жүрген еді, «Егеменге» бас редактор болып келген Уәлихан Қалижанға айтқан екен, ол «Егеменге» шақырып, облысқа меншікті тілші болдым. Бұрқырап мақалаларым шығып жатады. Бірге істеген жігіттер отыр редакцияда. Облыс әкімі Мәжит Есенбаев болатын, «Орталыққа» редакторлыққа екі рет шақырды, енді қырсығып, мен бармадым.

– Шақырған жерден кетіп қаласыз, келесі шақырған жерге бармайсыз, неге?

– Әбден көңілім қалған ғой. «Мен редактор болғым келген кезде қоймадыңдар, қазір менің «мұртымды балта шаппайды», енді неменеге барамын?» Үшінші реттен бас тартуға болмай қалды. 1997 жылдың 5 қарашасы күні келдім… Кезінде облыстық газеттердің арасында «Жетісу», сіздердегі «Оңтүстік», сосын біздің «Орталық» мықты болып саналатын. Келсем, газет құлдыраған. Тираж төрт мыңға түсіп кеткен. Әзер дегенде бұрынғы қалпына келтірдік қой… Бүгінгі әкім – 1997 жылдан бері тоғызыншы облыс басшысы. Газеттің 70 жылдығынан бастап, төрт мерейтойын өткіздім. Былтыр Президент сыйлығын алдым. Облыстық редакторлардан оны иеленген жалғыз мен болармын.

– Журналист болғаннан кейін өзіңіздің көңіліңізден шығатын мақалаларыңыз жайлы сөз қозғамасақ, сұхбаттың дәмі кірмейді ғой.

– Бір-екі оқиғаны айтайын. Биліктегілер Нұра ауданы, «Нұра» кеңшарындағы сайлау учаскесінде іс жүзінде болмаған сайлау өтті деп жалған мәлімет беріп жіберген. Газет шығайын деп жатқан күні Алматыдан, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Ануфриев біздің редакторымыз Нұрекеңе телефон соққан ғой. Тың игеру кезінде түгел орыстандырып жіберген ауданның бірінші хатшысы Нонавуенко соның жақсы танысы болса керек. Нұрекең «газеттің шаруасына араласпаңыз» деп жауап берді. Бүкіл Одақта ондай оқиға болмаған екен, «Ши шығарған шытырман» аталған мақаланың жаңғырығы Мәскеуге дейін жетті. «Қайта құру», «жариялылық» заманы. Соның өзінде де ешкім қарамайды ғой. Нұрекеңнің кереметтігі сол, «облыс прокурорына телефон соқ» деді маған. «Заң бұзылды, неге тексермейсіз?» деп дікілдедімау… Парторг пен ауыл кеңес хатшысы сотталды, құрбандыққа солар шалынды. Басым кете жаздады. Әуелі Алла, сосын Нұрмахан Оразбековтің арқасында аман қалдым.

Екіншісінде Ульянов ауданының бірінші хатшысы Беляевпен ұстасып қалдым. «Қазақтардың қорымы неге бөлек болуы тиіс?» деген неме еді, оны да жеңіп шықтым. Нонавуенко ауданның бір мекемесіне бастық болып ауысты, ал, Беляев жай инженер болып кетті. Екі ауданға да басшылыққа қазақ жігіттер келді…

Одан бөлек «Ірі қараның іргелі мәселелері» деген мақалам бойынша арнайы обкомның бюросы шақырылды. Ондай оқиға ол кезде сирек кездеседі, газетке абырой әкелген ісімнің бірі сол болды.

– Бүгінгі таңдағы ірі қараның мәселелері қандай күйде? Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуына деген көзқарасыңыз? Ұсынар ой-идеяларыңыз?

– Негізі – «ірі қара», «мүйізді ірі қара» емес. Мүйізді қосып жүрген аудармашыларымыз (КРС). «Сиыр пұл болған соң» пұлын дұрыстап, аз шығын жұмсап, көтеріп сату керек. Кеңес заманында шаруашылықты жүргізудің экстенсивті, интенсивті әдістері болған. Қазір де бар. Басқаша атайды бұл ұғымдарды. Экстенсивті дегеніміз бір сиырдың сүтін, етін екі, үш сиырдан өндіру. Социализм жоспарлы болған соң, өл-тіріл жоспарды орындау керек. Интенсивті дегеніміз бір сиырдан екі сиырдың өнімін алу. Бұл ауыл экономикасының барлық саласына қатысты ұтымды шара.

Шетелден мал сатып алуға қарсымын. Мал түгіл адам үйренген ортасын, туған, өскен жерін аңсап тұрады. Ағзасы соған үйренген. Мал да солай. Әсіресе жылқы жерсінбейді. Алыс шетелді айтпағанда еліміздегі оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың малы әр түрлі табиғи жағдайда өседі. Жайылатын жайлауы, ішетін тұнығы, жұтатын ауасы бөлек. Енді өзіңіз ойлаңыз, Еуропаның су татыған шөбіне үйренген мал, айталық, Арқаның мәйекті шөбімен қоректенсе, не болады? Жақпайды. Оның үстіне асыл тұқым емес, ауру тұқымды мал сатып алудамыз. Соңы белгілі…

Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Осы Қарағандының КарЛАГ-ында қазақтың ақбас сиырлары өсірілген. Тірі салмағы 1 тонна тартқан таразыға салғанда. Міне, осы тұқымды баптап өсіру керек. Валюта шығындап, әуреге түсудің еш қажеті жоқ. Қарағандының іргесіндегі «Көксу» совхозында 1980 жылдары өзіміздің қырдың қызыл сиырлары СССР көлемінде Балтық жағалауындағы мақтаулы сиырлардан сүттілігі жағынан озып, қарасын көрсетпей кеткен болатын…

– Тағы да сол сұрақ – кезінде өзіңіз дабыл қаққан «Қарағайлыңыздың» қазіргі ахуалы нешік? Енді өнеркәсіпті өлкенің азаматы ретінде, өндіріс жайлы екі ауыз сөз. Одан көп болса да мейлі.

– Қарағайлы қаусаған күйінде. «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген Бұқар жырау бабамыз. Бит терісінен биялай тігетін бизнесмен, өзі адал, өзі іскер қара көздерімізге өндірістің екі тізгін, бір шылбырды ұстату керек.

– Араласқан замандастарыңыз арасынан кімнен қандай қасиеттерін өзіңізге қабылдап ала алдыңыз?

– Көп адамға иіле қоймайтын Мұхтар Мағауиннің маған көңілінің құсы түсті. Мұхаңның балалары мен немерелері орысша білмейді. Қазақшадан бөлек ағылшыншаға судай. Сосын біртуар Тоқтар Әубәкіровпен қатынасымыз жақсы. Мұхаңның жазу стилінің құлағы менің шығармаларымнан қалқиып көрініп тұратын болса, Тоқаңнан батырлықты үйрендім. Горбачевқа: «Өз еліңіздің әскерін асырамасаңыз, өзге елдің әскерін асырайтын боласыз!» деген адам ғой.

«ШЫНАЙЫ, НАҒЫЗ ПАТРИОТИЗМНІҢ ҮЛГІСІ ЖАПОНДАР МЕН НЕМІСТЕРДЕ»

– Көпті көрген жанның бірісіз. Ерекше әсер еткен оқиғалар жайлы айта отырыңызшы.

– Чехиядағы Карловы Вары курортында демалып жатқанда екі-ақ сағаттық жердегі Германияның Дрезден қаласына арнайы барып қайттым. Не үшін? Дрезден – америкалықтар мен ағылшындар соғыс кезінде тып-типыл етіп қиратқан қала. Америкалықтар Вьетнам соғысында жаппай қолданған напалм бомбасын алғаш рет Дрезденге тастап, іс жүзінде «сынақтан» өткізген екен. Ал, ағылшындар болса аса ауыр бомбаларды қолданыпты. Өрттің күшті болғаны соншалық, ауа температурасы 1000 градусқа, темір рудасы балқитын деңгейге жетіпті. Кәріздік (канализация) құдықтарға тығылып аман қалмақшы болып жанұшырған жұрт сол құдықтардың ішінде тірідей пісіп қалған көрінеді. Ал, енді осындай түгі қалмай қираған қалада соғыстың ізі де жоқ. Ең таңғаларлығы ол да емес – Дрезденді немістер түп-түгел соғысқа дейін қалпына келтірген! Әлемге әйгілі көркемсурет галареясы мен опера театрын да! Рас, ол екеуінің сызбасы немесе көшірмесі басқа бір жерлерде сақталған да болуы мүмкін. Ал, немістер әрбір ғимарат, әрбір үйді қайта салып шыққан ғой!..

– Өз елінің өткеніне деген нағыз құрмет үлгісі осындай-ақ болатын шығар! Тұтас бір қаланы қалпына келтіру үшін ұлттың патриоттығы қандай биікте болуы тиіс! Осы тақырыпты тарқатыңқырай түссеңіз қалай болар еді?..

– Сіздің өтінішіңіз ойыма жапон тарихын оралтып отыр… «Камикадзе» дегеннің не екенін күллі әлем біледі – өз ұшағын саналы түрде жау әскерінің үстіне құлататын жапон ұшқыштары. «Құдайдың дауылы» дегенді (ками – құдай, кадзе – жел) беретін бұл сөздің шығу тарихының өзі қызық. Шыңғыс ханның немересі, Қытайдағы Юань империясын құрған Құбылай хан 1274 және 1281 жылдары Жапонияны басып алуға қаптаған қол жібереді. Екеуінде де тайфун тұрып, кеменің бәрі теңіз құрдымына кетіпті… Ал, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондарда 2525 камикадзе ұшқыш болған екен. Олар АҚШ-тың 81 кемесін (оның ішінде авианосецтер де бар) суға батырып, 195 кемесін істен шығарған көрінеді. 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғаннан кейін бейбіт елін одан әрмен қырыла беруден сақтап қалғысы келген император Хирохито жеңілгенін мойындайды. Бірақ, соғыста жау әскерінің табаны тимеген жер басып алынды деп есептелмейтін жазылмаған заң бар. Америка солдаттарына жапон жерін таптатпаймын деген әуе флотының қолбасшысы Матомэ Угаки өзі ұшаққа отырады. Қалған 20 камикадзе бұйрық берілмесе де бәрі бір адамдай оның соңынан ереді. Парашюттерін тастайды. Бастарына жапон туындағыдай қызыл күн бейнеленген лентаны байлайды. 11 ұшақ Окинавадағы америкалық әскери кемелердің тас-талқанын шығарады. Жапон жерін жау табаны баса алмайды…

– Е, мен мектепте жүргенде «капитуляцияға авианосецте қол қойылды» дегенді оқып, «жер жетпегендей онысы несі?» деп ойланған да қойған едім. Міне, оның сыры қайда жатыр…

– Меніңше, патриотизм деген осы. Алаш арыстары ел болуға үлгі етіп жапон жолының таңдауының себебі де сонда болса керек.

– «Ұстазға жарыған адамбыз». Бейсенбай Кенжебаев жайлы бұл сөзді мен екі адамның – марқұм академик Рымғали Нұрғали мен сыншы, жазушы Құлбек Ергөбектің аузынан естіп едім. Нұрмахан Оразбеков секілді 1991 жылдың тамызында қазақтың қалың жауға жалғыз шаба алатын жүрегі түкті батырларының бүгін де табылатынын дәлелдеген ердің қолында жұмыс істедіңіз. Сол кісінің көпке беймәлімдеу бір ерендігін еске алыңызшы.

– Мұхтар Мағауин ағамыз «өзі батыр, өзі оғлан» деп баға берген Нұрекең біздің «Орталық Қазақстанды» басқарып тұрған кезінде бүкіл Кеңес Одағында бірінші болып «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастады. Орнына қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген сөзін қойды. Және ол біздің халқымыздың мақалы болған соң ғана қойған жоқ, әлемде тек қазақ қана айта алған, бір ауыз сөзбен қазақтың қандай халық екендігін айшықтап көрсетіп тұрған сөз болған соң қойды.

– «Патшалық Россия жүз жыл бойы шеше алмаған мәселені мен екі-ақ жылда шештім – Қазақстанды орыстандырдым» деп мақтанған ұрда-жық Никита Хрущевтің солақай саясаты салдарынан күнгейдегі қалың қазақтың ішіндегі орыс мектебін бітірген замандасымыздың біразы әлі қазақтыққа қайтып орала алмай жүр. Сіз өскен, жұмыс істеген Орталық Қазақстанда бұл мәселемен өзіңіз де бетпе-бет келген кездер болған шығар?

– 1976 жылы Алматыда ҚазМУ-ді бітірдім. Ол заманда идеологияға мемлекеттің мән бергені соншалық, ат төбеліндей аз журналист жұмысқа Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен жіберіледі! Осы өзіміздің «Орталық Қазақстанға» келдім. Партия тұрмысы деген бөліміне алды. Бастығымыз Қайыркен Сұлтанов деген азамат. Сол ағамның маған жани аши қарап айтқан сөзі әлі жадымда. «Шырағым-ай, журфактың орысша бөліміне неге түспедің? Бұл түрімізбен біз пенсияға шыққанша «Орталық» тұратын шығар, одан кейін жабылады. Сол кезде сендер де сандалып, далада қаласыңдар ғой!» деді… Олай дейтін себебі – жаңағы Хрущев Қазақстанның теріскейіндегі бес облысты біріктіріп, Тың өлкесін құрған кез болған. Жұмыссыз қалған талай қазақ ол уақыттағы республикадағы екінші қала Қарағандыға жұмыс іздеп келіп, осында тұрақтап қалған. Қайрекең солардың бірі еді. Тәуелсіздік келмегенде тағдыр жолымыздың қалай бұрыларын, әріп танымаса да әкем жаздыртып алып, маған мектепте жүргенімде дауыстап оқытып тұратын «Орталықта» осынша жыл жұмыс істер-істемесімді Құдай білсін…

– «Тамаша көрсең тауға бар» дейді халқымыз. «Атыңнан айналайын» Қарқаралыда туып-өстіңіз. Табиғаттың қандай тамаша көрінісі есіңізден кетпей көлбеңдеп тұрады көз алдыңызда?

– Қазақ жерінің табиғатындай сан-алуан табиғаты бар елдер санаулы-ақ шығар. Қарағайы, арқары мен елігінің өзі-ақ таусылмас өлең-жырға арқау болатын біздің өлкеде киік болмайды. Қарағанды облысына қосылған Теңіз ауданына іссапарға барғанымда киіктің көлікке жол бермей жөңкіле жүйткігенін бірінші рет көрдім. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді. Сарыарқадай кең Даладан киік көшіп барады. Ақын Несіпбек Айтұлының «аққудың көз жасы» деп жазғаны бар еді, менің көргенім – Арқаның көз жасы…

– Мақа, «Қарағанды» дегенде көзіқарақты оқырманның ойына ақын Қасым Аманжоловпен қатар есімі Қарағанды мемлекеттік университетіне берілген ғалым Евней Букетовтің де оралары сөзсіз. Сол кісі жайлы да сөз қозғай кетсек…

Евней ағамыз ғалым ғана емес, жазушы, сыншы, аудармашы да болған ғой. Ал, ғалымдығына келсек, Батыста ондай деңгейдегі тұлғаларды ғалым-энциклопедист деп атайды. Мен ол кісінің бір еңбегі жайлы ғана айтайын. 1960 жылы 35 жасында Қарағанды химия-металлургия институтының директоры болған заман ғұламаларының бірі «Нефть, уголь и вода в химии и энергетике» деген кітабында атақты ғалым Д.Менделеев қалай Ресей керосинін арзандатқанын, ал, сапасын ең жоғарғы деңгейге көтергенін, сол кездегі әлемдік мұнай өнімдерінің 51 пайызын өндіруге қол жеткізгенін айта келіп, бүгінгі мұнай дағдарысы болатынын да дәл болжап жазған ғой! Ағамыз керосин мен бензин өндіру оңай екенін ғылымдық тұрғыдан дәлелдеп кетіпті. Ал, біз мұнай мұхитының үстінде отырсақ та бензиніміз қымбат. Әлемде мұнай бағасы түссе де бізде ол түспейді. Неге?!..

– Тоқтағұл жыршы, Батыр Баян, Әсет ақын, Күдері қожа, Құнанбай қажы… Олардың мұрасын іздеу неден туды? Келесі кезекте кім тұр? Әлде ол мұра бір күні «мені зертте!» деп өзі атойлап шыға ма?

– Мектепте оқып жүргенде тарихшы болғым келген. Ептеп жазып жүретінмін. ҚазМУ-дің тарих факультетіне оқуға барып, қалай журфакқа түсіп кеткенімді айттым. Әлі күнге шейін тарихқа бір бүйрегім бұрып тұрады. Бірталай тарихи тұлғалар туралы жазуымның себебі сол. «Қарқаралы қазылық, жатырмысың жазылып» деп жырлайтын Күдері қожаны зерттеуге оқталып жүрмін. Бір дерек жыршы Қарқаралыда жерленген дегенге саяды. Уақыт болмай жатыр. Күдері қожа «Бес ғасыр жырлайды» жинағында бар.

– Журналистиканың бүгініне көңіліңіз тола ма? Толмаса толтыру үшін нақты не істеп жүрсіз? Болашағын болжай аласыз ба? Қашан біз шетелдегідей шын мәнінде «төртінші билікке» айналамыз? Қазақ журналистерінің басты кемшілігі қайсы?

– Дәстүрлі журналистиканы бүгінгі журналистикамен ұштастыру керек. Таза ақпараттық журналистика оқырман үшін тек оқиға, дерек, факті ғана. Дәстүрлі журналистка оқырманды ойландырады, толғандырады, өзінше ойлауға тамызық, түрткі болады. Көпеннің солай баға бергені рас. Төртінші билікке айналу үшін Абылайдай хан, Бұқар жыраудай ақын керек. Қоғам қара қазанда қайнап, әбден піскенде айналуға тиіс. Журналистердің басты кемшілігі кітап, оның ішінде классиктерді оқымайды. Басына емес, интернетке сенеді. Айталық, интернет бір күні өшіп қалса, қалай мақала жазады, мақала түгілі хабар жаза алмай қалады. Түбі дәстүрлі журналистика мен ақпараттық журналистика бауырласады деп ойлаймын. Мен анаумын, мен мынаумын дегеннен аулақпын. Қарапайымдылық – өмірлік ұстанымым.

– «Қоғамдық-саяси басылым бір күні өзі біреуді, бір күні біреу оны сотқа беріп жату керек» деген гиперболалық ұстанымға қалай қарайсыз? «Журналистке білімнен кейінгі керегі – азу» дегенге ше?

– Журналистке жазу да керек, азу да керек. Табанының бүрі жоқ журналист бір адамды немесе бір мәселені бірде мақтайды, бірде даттайды. Ол журналистен оқырман теріс айналатыны бесенеден белгілі.

– «Орталық Қазақстанды» от пен судың арасынан аман-есен өткізіп келе жатқаныңыз қай қасиетіңіздің (жайдарылықтан басқа) арқасы деп білесіз?

– Табандылық.

– Ұстаздарыңыздан үйреніп, өз бойыңызға сіңірген ең үлкен игілігіңіз не болды? Олардан оза алдыңыз ба? Шәкірттеріңіз көңіліңізден шыға ма? С.Бақбергеновтің «Найзабас» қариясы айтқандай, оларға өзіңіздің бойыңыздағы «барыңызды» толық бере алдыңыз ба? Олардың «алып қалсақ» деген құлшынысы қаншалықты күшті?

– Рамазан Сағымбеков, Нұрмахан Оразбеков, Шерхан Мұртазадай ұстаздардан озу қайда? Көп үйрендім. Олар да барымды бағалады. Рамазан ағай қаламыма бас білдірді. Дұрыс соқпаққа салды. Нұрағаң мен Шерағаң батыл жазуға, тайсалмауға баулыды. Бағалағандары сол шығар, үшеуі де әртүрлі жағдайлармен қызметтен кетуге, ауыстыруға тура келгенде Рахаң мен Нұрағаң «Орталық Қазақстанға» оралуымды, Шерағаң «Егемен Қазақстаннан» кетпеуімді қалады. Мұның бәрін мақтан үшін емес, ұстаздарымның қандай екенін, кадрларын қалай бағалайтынын жас журналистер білсін деп айтып отырмын. Табиғи заңдылық шығар. Мұны Абай атамыз да жазған. Бойдағы барымды қаншалықты сіңіре алғанымды шәкірттерім кейінірек көрсете жатар.

«МАХАМБЕТТІҢ ӨЛЕҢІН АУДАРА АЛМАЙ ҚОЙҒАН…»

– Алпыстың асқарынан артыңызға бұрылсаңыз не көресіз – неден ұттыңыз, неден ұтылдыңыз? Өкінішіңіз қандай? Мақтанышыңыз ше? Меніңше, сіз жазушылықпен ыждаһаттана айналыспаған секілдісіз… Әлде «зейнеткерлікте де бір нәрсе керек қой…» деп, кейінге сақтап жүрсіз бе?

– Өкінгенмен, өткен күн қайтып оралмайды. Редакторлық қызметім жазуға жұмсайтын көп уақытымды «жеп қойды». Мақтанышым – Мұхтар Мағауин менің кітаптарымды сөресінің көрнекі жеріне қояды екен. Өзі көрсетті. «Ойтамызықтарың» бір-бір хикаяттың жүгін көтеріп тұр. Жазу керек!» Бұл – ол кісінің менің шығармашылығыма берген бағасы.

– Балалық шаққа бір сәт оралайықшы. Есте қалған оқиға көп те шығар, соның біреуіне тоқталсаңыз…

– Әкем хат танымаған адам еді дедім. Сол кісі мені оқыту үшін алдындағы қойын үкіметке өзі өткізіп (оған дейін үйіндегі түйелерін Хрущев құртқан екен…), кеңшар орталығы Аққораға көшіп келіпті. Сол мектепте «завхоз», «кочегар» деген екі қызметті қатар істесе керек. Тағы бір міндеті – қоңырау соғады. Сабаққа қоңыраумен кіреміз, қоңыраумен шығамыз. Бір күні әке-шешем қыдырып кетіп, мектеп директоры жез қоңырауды маған соққызды. Балалар топырлап шықты. Топырлап кірді. Мәзбін. Қоңырауда сиқырлы күш бар секілді…

Есейдік. Кейде біреулерге қоңырау шалуға мәжбүр боласың. Үй әпер, машина мінгіз демейсің, әрине. Қоғамның тірлігі қозғайтының. Мұқтажға қол ұшыңды созу. Телефонның ар жағында бір ернімен көк тіреп, бір ернімен жер тіреп отырған шенеунік шіренгенде таралғысын үзіп жібере жаздайды. Үлкенге құрмет дегенді білмейтін ұрпақ өсіріппіз. «Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып, қол төңкерер ме екенбіз?!» деген Ақтамберді бабамның қоңыраулы найзасын қолға алғым келіп кетеді сондайда…

– Ақтамберді бабамызды айтып қалдыңыз. Кетбұқадан басталып, Қазтуған, Доспанбеттермен жалғасып, Махамбетпен аяқталған өзі батыр, өзі жырау дара тұлғалар үлгісі жайлы қысқа болса да тоқтай кетсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, ұзақ айтуды газет көтермейді. Махамбеттің 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында өткізе алдық қой. Парижде бабамыздың өлеңдерін ағылшын, француз секілді БҰҰ-ның халықаралық тілдеріне аударып шығарыпты. Бір ғана өлеңі аударылмай қалыпты. Неге десеңіз ұйымдастырушылар «бізден кінә жоқ, әлемнің ең үздік тіл ғалымдарының шамасы келмеді, қазақ тіліне жететін тіл жоқ екен ғой» деп, тізе бүгіпті. Сол өлеңді сіздің 3 миллион халқы бар өлкеге тарайтын «Оңтүстіктің» оқырманы да оқысын!

– Бәрекелді! Ол қай өлеңі екен?

– Ол – «Арқаның қызыл изені».

«Арқаның қызыл изені,

Түбі – күрдек, басы – арал,

Қыдыра шалар аруана.

Еліңде қарияң болмаса,

Жастарың болар диуана!

Бір сынаған жаманды,

Екінші қайта сынама.

Тіршілікте сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе,

Өлген соң бекер жылама!».

– Өлеңінің әрбір қатарынан өсиет төгіліп тұрған қайран да біздің бабамыз-ай! Ендеше, осы сөздер үнемі есімізде жүретін болса екен деген тілекпен сұхбатымызды аяқтайық. Аман-сау болыңыз!

Әңгімелескен Өмірзақ АҚЖІГІТ.