ЖаңалықтарҚарағанды

Қарағанды университетінде – жаңа ректор

Еліміздегі іргелі оқу орыны Қарағанды университетін енді, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ басқарады. Ол бұған дейін «Nur Otan» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Жаңа басшыны ҚарУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ таныстырып, сәттілік тіледі.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен мемлекеттік комиссияның шешімі, менің бұйрығыма сәйкес, Нұрлан Орынбасарұлы осы жауапты лауазымға тағайындалды. Ол Президенттің білім беру саласына қойған міндеттерін орындауға бар күшін салады. Университеттің жаңа даму стратегиясын бекіту, кадр мәселесін күшейту, оқытушылардың жалақысын көтеру, «ашықтық, академиялық, адалдық» қағидаларын сақтау, білім беру бағдарламаларын жаңартып, аймақ экономикасына қажетті мамандар мен тәжірибелі педогогтерді дайындау, ғылымға жол ашу сынды жұмыстарды сәтті жүзеге асыратынына сенеміз, – деді Асхат Қанатұлы.

Бұл шешім сіздің ғылым саласындағы жоғары беделіңіздің растауы, еңбегіңіз бен кәсіби жетістіктеріңізді мойындау болды. Басқарушы лауазымдардағы үлкен өмірлік тәжірибе мен жұмыс өтіліңіз, ғылыми жұмыс пен зерттеулеріңіз сізге университетті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз көмектесуге дайынбыз! – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды университеті мен үшін жай лауазым емес, бұл менің – рухани алтын ұям. Барлық жетістігім осы ЖОО-мен байланысты. Университеттің гүлденуі үшін сіздермен бірге бәрін жасауға уәде беремін. Алда көп жұмыс күтіп тұр, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті – еліміздегі ең ірі жоғары оқу орнының бірі. Онда бакалавриат бағытында 90-нан аса мамандық, магистратурада 60-тан аса мамандық, PhD докторантура бойынша 12 мамандық бар. Қарағанды университетінің 12 факультетінде 12 мыңнан астам студент, магистрант және докторант оқиды. Университет қабырғасында шет елдерден келген жүздеген студент білім алуда.

***

Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков – 1962 жылы 5 мамырда Қарағанды облысы Ақсу-Аюлы кентінде туған.

1984 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды үздік белгімен аяқтап, 1992 жылы ҚР ҒА философия және құқық институтының аспирантурасын тәмәмдаған.

Еңбек жолын 1984 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың қылмыстық құқық және криминология кафедрасында оқытушы болып бастап, 1996 жылға дейін аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі сынды сатыдан өткен білікті маман.

1996-2013 жж. Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, «Қарлаг – болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болды.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына екі рет сайланып, облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған.

2016 жылдан осы тағайындауға дейін «Nur Otan» партиясынан VI шақырылымда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа бойынша комитет мүшесі болды.

Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі.

200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Англия, Бельгия, Түркия, Испания, Малайзия және Жапония елдерінде ғылыми-педагогикалық тәжірибеден өткен.

«Достық» (II дәрежелі) орденінің иегері, Қазақстан білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының Құрметті мәдениет қайраткері, Шет ауданының Құрметті азаматы. Халықаралық кадр академиясының «Білім беруге сіңірген еңбегі үшін» алтын медалінің, «Алтын адам — Жыл адамы» сыйлығының, «Қазақстандағы 2004 жыл заңгері» номинациясының, «Алтын Жүрек» Қазақстан ұлттық сыйлығының иегері.

«ҚР Конституциясына – 10 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Үйленген, 3 баласы бар.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button