Бас тақырыпБасты тақырып

NEET қатарынан – Серт санатына

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – жастардың жұмыссыздығы. Олардың қатары көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Қоғамда бұларды «Neet санатындағы жастар» деп атап кеткен. Шет елдерде бұрыннан қолданылып жүрген бұл термин, елімізде бірнеше жыл мұғдарында ғана айтылып келеді. Қазақша баламасы «жұмыc іcтемейтін, оқымaйтын, өзге де пайдалы іcпен шұғылдaнбaйтын, бос жүрген aдaм» дегенді білдіреді. Ағылшын тіліндегі «Not in Employment, Educationor or Training» ұғымының бac әріптерінен құрaлғaн. Бүгінде үкімет бұл санаттағы жастардың қатарын азайту үшін көптеген жұмыс жүргізуде.

 

Жоғарғы оқу орнын немесе колледжді бітірген жастар дипломын қолына ала салып, жұмыс іздеп кетеді. Кейбір жұмыс беруші тарап олардың қолында қатырма қағазы болса да, жұмысқа тәжірибелі қызметкерді алғысы келеді. Ал, екіншіден, кейбір мекемелердің ұсынған жалақысы жастардың көңілінен шықпай жатады. Екі қолға бір күрек таппаған соң олар осы жұмыссыз жастар санатын толықтыруда.

Облыста 14-28 жас аралығындағы neet санатындағы 273 382 жас бар екен. Бұл – жалпы халықтың 19,8% -ы. Оның ішінде 206 577-і (75,6%) қала жастары болса, 66 805-і (24,4%) ауылдағы жас буын. Осы күрделі жағдайды тұрақтандыру мақсатында аймақ бойынша 2020-2021 жылдарға арналған іс-шаралар іске асырылуда.

«Мұндай мінез-құлық жастардың қоғамнан алшақтауына әкеледі. Бұл адамның психологиясына әсер етпей қоймайды. Олар өздерін әлеуметтік ортада керексіз сезінеді. Отбасы құндылықтары бұзылуы әбден мүмкін. Суицид, девиация секілді проблемалардың бәрі осыдан туындайды» – дейді психолог мамандар.

Осындай проблеманың алдын алу үшін мемлекет түлектерге «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Серпін» және тағы басқа да бағдарламалар мен жобалар ұсынып отыр. Бүгінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 4500-ге жуық жас жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде, қоғамдық жұмысқа – 1072, жастар тәжірибесіне – 149, әлеуметтік жұмысқа – 185, ал қалған бөлігі басқа да бос жұмыс орындарына орналасқан.

Мемлекет жоғары оқу орнын бітірген студенттерге әлеуметтік қолдаумен «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауылдық жерде жұмыс істеуге ұсынған еді. Нәтижесінде, былтыр облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарға 574 маман барыпты. Оның ішінде 455- сі негізгі сұранысқа ие мамандық бойынша. Ауылға келген жас маманға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төлеп, 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға төмен пайызбен бюджеттік несие тағайындаған. Ал, «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» («Серпін») мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясында 3082 студент оқиды. Осы бастамалар бойынша қабылданған студенттерді жұмысқа тұрғызу мәселесімен университет жұмыс жүргізеді.

«NEET санатындағы жастармен» жұмыс жүргізуде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдері, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, түрлі шаралар атқарып келеді.

– Оқуын аяқтаған соң 6 ай жұмыс істемеген және жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген жастар туралы мәліметтер базасы құрылды. Қажеттіліктерді егжей-тегжейлі сипаттап, аналитикалық құжат әзірленді. Қалалар мен аудандарда «Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуға арналған гранты» жобасы ұсынылып, жоба аясында осы жылы 100 грант бөлінді. Еңбек нарығындағы мамандықтардың қажеттілігін ескере отырып, кәсіптік бағдар беру жұмысын жандандыруымыз қажет – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Сөз соңында айтарымыз, мемлекет тарапынан жұмыссыз жастардың мәселесін шешуге арналған көптеген жұмыс атқарылып жатқанына көз жетті. Жастар өз кезегінде бұл қамқорлықты бағалап, тиімді пайдалануда. «Болашақ – жастардың қолында» екенін ескерсек, мемлекет те, жастар да бойкүйездік һәм масылдықпен күресті тоқтатпауы керек. Сонда жастар Neet санатынан – серт санатына ауысары анық.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button