Мектеп оқушысынан менингит анықталды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен хабарлауынша, «Мектеп оқушысынан анықталған сероздық менингитті менингококкпен шатастырмау керек. Сероздық менингит жағдайлары жыл бойы анықталады. Ол алдыңғы ЖРВИ немесе герпес, ринит, жөтел қалпы аясында болуы мүмкін. Қазіргі таңда оқушы ауруханада қажетті ем алуда».
Облыстың қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, кез-келген этиологияның менингитінің алдын-алу үшін дұрыс диета ұстанып әрі белсенді өмір салтын сақтау керек.
Сондай-ақ, өткір инфекцияларды дер кезінде емдеу, науқастарды оқшаулау, туберкулезге қарсы вакцинациялау, тазартылған немесе қайнаған су ішу, жемістер мен көкөністерді мұқият жуу, жеке гигиенаны сақтау секілді алдын-алу шараларын жүргізу – маңызды.
«Жыл басынан бері барлық дәрігерлер, соның ішінде мектеп медбикелері дайындықтан өтті. Облыста ауыр менингит оқиғалары тіркелген жоқ. Барлық ауруханаға жатқызылған науқастарға алғашқы көмек көрсетіліп, емдеу шаралары уақытында жүргізілді», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»