Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орайластырылған мерекелік шаралар карантиндік шектеулерге байланысты Шет ауданында онлайн-режим арқылы өткізілді. Оқушылар ғаламтор беттерінде челлендж ұйымдастырып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Өлеңдерін арнап, эссе жазды.
Бұрын бұл мереке 22 қыркүйекте тойланатын-ды. Кейін мереке күнінің 5 қыркүйекке ауыстырылуының да өз себебі бар. Бұл күні «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Алаш қайраткерінің туған күні қазір айтулы мерекеге айналды.
Ахаңның бағасын Алаш зиялылары беріп кеткен. Мәселен, «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп жазды Ахаң туралы Сәкен Сейфуллин.
Менің туған тілім – қазақ тілі болғанына мақтанамын. Бірақ, қазір тілді шұбарлап, қорлайтын, өзге тілде сөйлегенді мақтаныш көретіндер көп. Бұл – ашынарлық жайт.
Тәуелсіздік алғалы тіл мәселесі жиі көтеріліп келеді. Ондағы мақсат – ұлттық тілдің қадірін қайтару. Ал, негізінде, тіл және тәуелсіздік – бірбірімен мазмұндас ұғымдар. Алайда, бойында рухы жоқ, қорқақ, қара басының қамын ойлайтын, немқұрайдылыққа салынғандар көбейді. Міне, сондықтан да өткеннің кейбір іргелі тағылымдарына ден қойып, сабақ алуымызға тура келеді.
Ал, біздің міндет – «алтын күннен бағасыз бір белгі боп қалған» ана тілімізді қадірлеп көкке көтеру екені мәлім. Себебі, қазіргі таңда үш тұғырлы тілдің туын жоғары деңгейге көтеру сияқты зор міндеттер тұр. Мұндайда әрі кең, әрі жүрдек бүгінгі күннің даңғылымен жүру үшін байырғы тәсіл жарамсыз болмақ. Ұлттың болашағына, оның өзіндік «Мен» дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктеріне сеніммен қарап, іске асыру қажет. Мен де елімнің жырын, тілімнің мұңын Әбілқайырша айтсам: «Жайықтың табанында бір тамшы су қалмағанынша, Қазақтың тамырында бір тамшы қан қалмағанынша» жазып өтемін.
Г.ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,
Шет аудандық білім бөлімінің әдіскері.