Баған

«Ұят боладыны» ұмыта тұрайық

Аты жаман бұл індет өте қауіпті екенін ескерейік, ағайын. Алдын алып, тиісті шараларды дер кезінде қолға алса, емделіп шығуға болады, бірақ. Алла алқап, аруақ жебеп, айналайын халқымның ақ тілеуі мен дұғасының арқасында мен емделіп, жазылып шықтым. Құдайға мың да бір шүкір! Бірден айтайын, ағайын, қазір шама келгенше сақтанып, әркім өзін қолға алып, жиын-тойдан бас тартып, өлім-жітімге де бармаған дұрыс. «Ұят болады» дегенді ұмыта тұрайық! Мәселен, мен сол қауіпсіздік шараларын сақтамағандығымнан, көпшілік жерге барғандығымнан жұқтырып алдым. «Сақтансаң сақтаймын» демей ме?

Бірінші белгісі әлсіздіктен басталады екен. Содан кейін жөтел шықты. Дененің қызуы көтерілді. Сосын көп ұзамай өкпеге шапты, тынысым тарылып, дем ала алмай қалдым. Басында суық тиді деп, қызуды түсіретін дәрі ішіп, тағы басқаларымен алданып жүріп қалмау керек әлгіндей белгілер болғанда. Өз басым сөйтіп жүріп алып, өлім аузынан қалған соң айтамын. Асқындырып алмай, бірден дәрігерге жүгінген жөн.

Дем ала алмай қалған соң, ауруханаға хабарласып, жедел жәрдем шақырттық қой. Келмейді. Тыңдамайды да сөзіңді. Содан тұрғылықты мекен-жайымыз бойынша, емханадағы дәрігеріме хабарласып, ол кезекке қойыпты жедел жәрдемге. Сонда да келмеді. Болмаған соң таныс арқылы шығып, зорға келтірдік. Мені Терешков-40 мекен-жайында орналасқан бір ауруханаға апарды. Дем жетпей барады. Қабылдау бөлімі екінші қабатта екен, онда зорға шықсам, «үшінші қабатқа көтеріл» дейді. «Шама жоқ» дегеніме қарамайды. Екі адамның көмегімен өліп-талып зорға көтерілдім. Бұрынғы жатақхана сияқты, дәлізі – атшаптырым. «Түпкі бөлмеге бар» дейді. Жете алмасымды біліп, бір есікті ашсам, бос орын тұр екен, сонда жатып алдым мұрша болмаған соң. Жатқаныма 3-4 сағат өтті, тірі жан келмеді. Сүйретіліп медбикеге қозғау салып ем, дәрігер келіп «система салмады ма әлі?» деп өзімнен сұрайды. Ақыры не керек, дәрігер келіп-кеткен соң бір сағаттан соң система қойды. Болды. Ертеңіне «өкпемді томографияға түсіреміз» деген. Кешкі сағат 6-ға дейін күттім. Ешкім жоқ. Система қоюға келіп тұр кешкі 6-да. «Бұдан көмек болмай тұр ғой, өкпемді түсірмейсіңдер ме?» деп ем, «бүгін қалып қойдыңыз, жабылып қалды» дейді. Қатты қысылған соң, әйеліме хабарластым. Ол жанталасып жан-жаққа шыққан ғой. Түнгі сағат 21.00 кезінде медбике келіп, бағана «жабылып қалды деген томографияға түсесіз» деп, барлық заттарыммен қоса ала түсті. Михайлов мөлтек ауданындағы бұрынғы қалалық аурухана, қазіргі Мақажанов атындағы клиникаға апарып, бірден томографияға түсірді өкпемді. Жан сақтау бөліміне жатқызбақшы екен, бірақ бір жігіт келді мазасызданып. Тағы бір кісі өлім аузында тұр екен. Жан сақтау бөліміне сол жата тұруын өтінді. Келістім. Маған палата тиді. «Емдесеңдер болды» дедім. Бірден система қойды, қаптатып дәрілер берді. Сөйтіп 4 күн ішінде бетім бері қарады. Бастапқы ауруханада жата бергенімде, өліп қалар едім. Мына жер жақсы емдеп шықты. Бұл ауруханада да орын жоқ, негізі. Дәрігер де санаулы. Дәрі де тапшы. Хабарласып сырттан алдырып жатқандар бар. Біздің үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі індетке мүлде дайын емес екен. Қырылып жатқанның бәрі – қазақ. Сондықтан, халқым, қонақ, өлік атаулыға бармауға тырысайық. Қазақтың қуаныш пен қайғыда төбе көрсетуі сынды жақсы қасиеттері қазір өзіне жамандық болып тиіп жатыр, мына індеттің кесірінен. Қонаққа, жаназаға бармау керек дәл қазір. Түсінісейік. Уақытша ғой. Бір адам ауырса, бәріне жұқтырады. Ауруы 14 күнде бір-ақ белгі бере бастайды. Ол оған дейін қанша адамға жұқтырады. Әркім өзін сақтаса, өзгені де сақтайды. Барша ниеттес елге – алғысым шексіз! Ел аман болсын, ағайын!

Темірғали КӨКЕТАЙ,

профессор,

Ғасыр адамы.

Басқа материалдар

Back to top button