ЭКСПОРТ: шикізат шеке шылқытпайды, табыс тұтқасы — түпкі өнім

Тоғыз айда облыс ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 292,7 миллиард теңге болды, бұл — өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден 16,9%- ға артық. Жедел мәліметке қарағанда, агроөнеркәсіптік кешен саласында негізгі капиталға 18 391,8 миллион теңге инвестиция тартылды, оның ішінде ауыл шаруашылығына — 17 442,7 миллион теңге (2019 жылы — 13 114,3 млн.теңге). Биыл былтырғыдан 17,9% артық немесе 974,1 мың тонна астық бастырылды, орташа түсім әр гектарынан 10,9 центнер болды. Осакаров (11,2 ц/га), Бұқар жырау (11,1 ц/га) және Нұра (11,0 ц/га) ауданы тәуір көрсеткішке жетті. Алынған дәнді дақыл көлемі облысты астықпен қамтамасыз етуге, тұқым және жем қорын жасауға жетеді. Ет өндіруде ілгерілеу бар, тоғыз айда бұл көрсеткіш 101,3 мың тоннаға (былтырғыдан 5,1% артық) жетті. Мүйізді ірі қара — 4,7% (591,1 мың), қой-ешкі — 2,5% (1011,7 мың), жылқы — 11,5% (373,6 мың), шошқа 15,4% (88,2 мың) көбейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында негізгі міндеттің бірі: “агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру” деп қадап айтты. Біз ашық ақпарат көзіндегі кейбір мәлімет негізінде осы мәселе төңірегінде қалыптасқан ой-пікірді ортаға салуды жөн көрдік.

АС АТАУЛЫНЫҢ АТАСЫ

Көлденеңнен күтпеген кесапат кездеспесе, астықтан аштықтың ауылы алыс. Елде биыл орылған бидай түгіл, былтырдан қалғанын да сапалы сақтайтын мүмкіндік бар. Астық қабылдау кәсіпорындарында – 12,1 миллион, ал астық өндірушілердің өзінде 16,7 миллион тонна дәнді дақыл құйып алуға жететін қуатты қойма жүйесі қалыптасқан.

Жаңа астықтың сапалық көрсеткіші де көңілге қонымды. Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров Үкіметтің кейінгі отырысының бірінде алынған астықтың оннан сегіз бөлігінен астамы (83,8%) 1-3 сұрыпты бидайға жататынын тілге тиек етті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 67,2% болғанын ескерсек, диқандардың есіл еңбегі ақталғанын көреміз.

Сала министрі, сондай-ақ сыртқа бидай сатудың болжамды көлемі өзгермейтінін еске салды. Демек, 7-8 миллион тонна астық экспортталады. Оның айтуынша, бидай мен ұн негізінен Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына шығарылады. Әңгіме бидай мен ұн эспорттауға ойысқанда ойыма мынандай оқиға оралды.

2007 жылы қазақстандық ұн тартушылардың жұлдызы жанды. Орта Азия елдеріне, әсіресе Өзбекстанға ұн экспорттау есебінен әлемде алдыңғы орынға шықты. Бірақ, көршілер көп күттірмей ұн тартуды өзі қолға алып, Қазақстаннан дайын өнім — ұн емес, шикізат — дән сатып алуға көшті.

Соның салдарынан әлемдік көшбасшылықтан айырылған қазақстандық ұн тартушылар Орта Азиядан ойысып, амалсыздан Ауғанстанға атбасын бұрды. Алайда, біздің бидайдан ұн тартқан Өзбекстан ол жақтан да бірте-бірте ығыстыратын түрі бар. Ал, диірмендердің жаппай жабылуы салдарынан елде астық өткізу күрделене түсті. Егіншілік тиімділігі 2007 жылдан (70%) 2017 жылға (5%) дейін бірнеше есе төмендеп кетті. Кейінгі мәлімет көзге түспеді.

Демек, сыртқа шикізат шығарғаннан шекеміз шылқымайды. Мәселе тек астық өсіру көлемін ұлғайтуда емес, егер пайдаға кенелеміз десек, дайын өнім экспорттау мүмкіндігін қарастырған жөн. Тіпті дәнді терең өңдеудің тамаша тәжірибесі қазір де бар, мәселен: глютен, крахмал және биоэтанол. Жалпы бізде бұл салада экспорттау мүмкіндігі мол, соны тиімді пайдалану керек. Ауыл шарауашылық министрлігі дәнді дақылды өңдеуді дамыту мен экспорттау қуатын арттырудың жол картасын жасайтын уақыт жетті.

«ЕТ ДЕГЕНДЕ, БЕТ БАР МА?»

2011 жылы қолға алынған “Ірі қара етін экспорттау қуатын арттыру” жобасында 2020 жылы оның көлемін 180 мың тоннаға жеткізу көзделді. Бірақ, биыл жыл аяғына дейін ол межеге жету мүмкін емес екені бүгіннің өзінде белгілі болып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, қаңтар-шілдеде бар-жоғы 5,5 мың тонна жас және мұздатылған ет экспортталды. Есесіне 14,5 мың тонна осындай сұрыпты ет импортталды.

Өткен жылы да осындай ахуал қалыптасты. Алайда, онда кем-кетікті тірі малдың есебінен толтыруға тырыстық. Ал, биыл қаңтарда тірі малды экспорттауға тыйым салынғаны белгілі. Тоғыз жыл бұрынғы жап-жақсы жобаның бұлай сәтсіздікке ұшырауының бір сыры, сарапшылардың пайымдауынша, өңдеу мен өткізу мәселесіне мән бермей, саланы бір жақты дамытуда жатыр. Мемлекет мал басын көбейтуге жүздеген миллиард теңге қаражат жұмсады, ал ет комбинаттарына қолдау көрсету, сондай-ақ дайын өнім үшін экспорттық нарық ашу жағын ойластырмады.

Әрине, таза қол қусырып отырмадық. 2017 жылы басшылыққа Асқар Мырзахметов келгенде ауыл шаруашылығы министрлігі саланың проблемалық буынын қолдау механизмін қарастырған “АӨК дамуының картасын” жасауға кірісті. Оның ішінде “Агроөңдеу” картасы да болды. Өңдеу көлемін ұлғайту механизмі ретінде істеп тұрған комбинатты жаңғырту мен жаңасын салу, ауылдық кооператив есебінен шикізатпен жабдықтау мәселесін шешу, жеңілдетілген несие есебінен айналымдағы қаржыны толықтыру ұсынылды.

Нақтылай түссек, ет өңдеу секторында жаңадан 10 комбинат салу, істеп тұрған 170 комбинаттың 20-сын жаңғырту, сол арқылы ішкі нарықтағы шұжық өніміне деген сұранысты барынша қанағаттандыру және дайын өнімді экспорттау көлемін ұлғайту көзделді. Амал не, жап-жақсы жоба “жөргегінде” тұншықты. Өйткені, келесі жылы министрліктің тізгінін ұстаған жаңа “команда” карта дегенді ұмытты. Басымдық өңдеуге емес, тағы да шикізат экспорттауға берілді.

Қазақстанның мал шаруашылығында өткен жыл өзіндік “қара таңба” қалдырды. 2018 жылы – 39 мың, ал былтыр 159 мың ірі қара тірідей экспортталды. Оның 121,5 мыңы Өзбек еліне өтіп кетті. 263 мың ұсақ мал өзгенің қасапханасында пышаққа ілінді. Ақыры биыл қаңтарда министрлік қазанға дейін Қазақстаннан тірі мал экспорттауға тыйым салды. “Негізі бұл дұрыс шешім болды. Тірі малды топырлатып экспорттағаннан агрокешендегі күрделі мәселе шешілмейді. Ең болмаса, ет өнімін өңдеудің аймақаралық кешенін қалыптастыру керек” дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.

ӨЗБЕК-АКА ОЗЫП ТҰР

Қазақтың “Үйрен де, жирен” деген сөзіне сүйеніп, көрші Өзбекстанның осы саладағы иглікті ісіне назар аударғанды жөн көрдік. Олар 2017 жылы қыркүйекте “Мал шаруашылығы секторын дамыту” жобасын жүзеге асыруға кірісті. Қаржы жағынан қарасатын қанжығалас серігі болуға келіскен Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық даму қауымдастығы 2% жылдық өсіммен 25 жылға тиісінше 30 және 120 миллион АҚШ доллары көлемінде несие берді. Өзбекстанның өз “қалтасынан” шығатыны 78 миллион долларға жуық: жартысы қаржылай, жартысы кеден және салық жеңілдігі түрінде.

Алты жылға есептелген бұл құжаттың қазақстандық баламасынан айырмашылығы – еттік мал шаруашылығын дамытудың өзбекстандық бағдарламасында несие және салық пен төлем түріндегі жеңілдікте мемлекеттік қолдау өңдеу жөніндегі жоба үшін де қарастырылған. Айталық, былғары-аяқ киім және елтірі-тері саласындағы “Узчармсаноат” қауымдастығының мүшелері 2023 жылдың аяғына дейін импорттық жабдық, бөлшек-сайман, шикізат, материал мен басқа да бөлек-салақ үшін баж салығынан, сондай-ақ пайда мен мүлік салығынан, мемлекеттік мақсатты қорға міндетті төлемнен босатылған.

– Өзбекстан бұл тұрғыда бізден озып тұр. Олар қазірдің өзінде біз қалдық санайтын тұяқ пен сойылған малдың басқа да сүйек-саяғын сатуды сұрайды. Өйткені, одан әлемдік нарықта сұранысқа ие бұйым шығаруға мүмкіндігі бар. Отандық ет комбинатына қарағанда тірі малды қымбатқа сатып алуға құлшынып тұратыны да сондықтан. Жан-жақты өңдеу есебінен жоғары тиімділікке жететініне сенімді, – дейді KazBeef Processing ет комбинаты басшысы Азамат Орымбаев.

Сарапшылар көрші мемлекеттің мұндай табысының сырын сауатты көзқараспен, саланы қолдаудың кешенді бағдарламасымен байланыстырады. Өзбекстан қысқа мерзімде саланың барлық бағыттағы жоғары тиімділігін қамтамасыз ететін орнықты үлгісін қалыптастырып үлгерді.

ТҮЙІН

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қыркүйекте сыртқа тірі мал шығармау жөніндегі мораторийді тағы да жарты жылға созу туралы бұйрықтың жобасын ашық талқылауға ұсынды. Алуан түрлі пікір бар. Соның ішінде көңілге қонатыны – қазақстандық ет өңдеушілер назар аударып отырған, экспортқа мұздатылған етті молынан шығарудың мүмкіндігін қарастыру. Бағасы одан екі есе қымбат салқындатылған ет алатын ел табылып жатса, тіпті, жақсы. Қазір Қазақстанда төрт ет комбинатының ғана Қытайға мұздатылған ет шығаруға рұқсаты бар екен. Бірнешеуі тізілімге тіркелудің қамымен жүр…

Енді облыс тыныс-тіршілігіне оралсақ: биыл сегіз айда 27,9 миллион АҚШ доллары тұратын 91,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Оның басым бөлігі (66%) ұнның үлесіне тиеді. Негізгі тұтынушылар – Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Қытай.

Былтыр – 56,8 мың тонна, биыл жыл басынан бері 31,0 мың тонна бидай экспортталғанын да айта кетейік.

Тірі мал тасымалына тыйым салынғандықтан, биыл шет мемлекетке ет экспортталмады.

Әлібек ӘБДІРАШ.