Басты тақырыпЖаңалықтар

2. Аманатқа адалдық

   Ғажайыптың барлығын кездейсоқтыққа балайтын осалдығымыз бар біздің. Әйтпесе, киеміз болған Тәуелсіздіктің өзін кездейсоқ сыйға баламас едік. Биік мінбердің мәртебесін пайдаланып: «Біздің осы Тәуелсіздікке ешқандай қантөгіссіз қол жеткізуіміздің өзі – бақытымыз» деп көлгірсімейтін едік. Не керек, бабаларымыздың сан ғасырлық арманы болған Бостандығымызды «бонусқа» балап, Дербестігіміз декретпен бекітілгендей көріп жүрміз-ау…

Тәуелсіздіктің тағдыры – талайлы. Ұлы халқымыздың төл тарихымен тамырласқан соқтықпалы тағдырдың иесі де, киесі де – Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің құндылығы мен жауапкершілігін жан-тәнімен сезінетін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі еркіндікті еңсергенімізге ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де: «Біз әлі жол басында тұрмыз» деп, тарихи сапардың салмағына өлшем болар тұжырым айтты емес пе?! Бұл күдік те, күмән де емес. Жауапкершілік жүгі. Аманат салмағы. Әрісі – Бейбарыстың, Исатай мен Махамбеттің, Абылай мен Кенесарының, берісі – Алаш арыстарының аманаты. Тіпті, бертінде – Азаттықтың арайлы таңына қолсозым сәт қалғанда қойдай көгенделіп, қоғадай жапырылған Желтоқсан боздақтарының судай аққан қаны мен көз жасы.

Міне, осынша қасиетті һәм қастерлі аманатты адалдықпен атқарып, парызды парасатпен парықтаған Көшбасшы ғана Ұлт Көсеміне айналады. Ол – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ!

Автономиядан – алты құрлыққа

Сізді білмеймін, өзім үшін Тәуелсіздік – жүрегіме жөргектелген қасиет. Қасіретпен келген қасиет! Екінші мүшелін енді еңсерген Азаттығымның арайлы таңында осылай сөйлеуге құқылымын. Кейбір замандастарым Тәуелсіздікті жәдігерге балап жүр. Мен келіспеймін. Жәдігерді қолмен ұстап салмақтауға, бағасын айтып ардақтауға болады. Ал, Тәуелсіздік – сана мен жүректі ғана мекендейтін рух! Оның бағасы жоқ.

…Сонау, Түркі қағанатынан бері Ұлы дала көшпелілерінің асыл арманы Азаттық болған. Күрескер бабаларымыз қисапсыз қан төгіп, есепсіз еңсесі езіліп осы күнді армандаған. Иә, жаужүрек бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, Тәңірінен Тәуелсіздік таңын сұрады. Алтын Орда билеушілері Мәскеу қақпасын ашкөздікпен қиратқан жоқ. Бүгінгі теңдік бізге оп-оңай келе салған болса, қансіңді даламызда «қалмаққырған» секілді жер атауы сақталып, «Аңырақай», «Бұланты» секілді жер аттарына «айқас», «шайқас» тіркеулері жалғанбас еді. Осынша қасіреттен сыр шертер қасиетті жердің дені – кешегі Түркінің қарашаңырағы Қазақ жерінде. Ендеше, менің Ұлы Далам – қаншама ғасырға созылған қанды қасаптың куәгері.

Біз – еркіндік жолындағы күресті бір сәтке де тоқтатпаған бабаның ұрпағымыз. ХІХ ғасырдың жуан ортасына дейін толастамаған қанды жорықтар ХХ ғасырдың басында атойдан идеяға айналды. Яғни, ұрыс тактикасы ұлттық идеяға жол берді. Ол – Алаш идеясы. Бүгінгі Тәуелсіздіктің түп тамырында, бітім-болмысында осы Алаш идеясы жатыр.

Менің бұл пікірім (бәлкім, қайталау шығар) Тәңір сыйы Тәуелсіздікті нығайту жолындағы, Ұлт бақытын баянды етудегі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін жоққа шығару емес. Егер, менің пікірім жаңсақ болса, Тұңғыш Президентіміз өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінің бір тарауын Алаш зиялыларына арнамас еді. Осы еңбегінде Елбасы айтады: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деп. Ендеше, сол ұрпақтар эстафетасының алауы бүгін барынша сенімді, барынша сұңғыла Көшбасшының қолында екендігін бақыт санауға тиіспіз ғой.

Ұлт азаттығы жолында жанын пида еткен Алаш көсемдерінің өздері құрбан болғанымен, еңбектері еш кеткен жоқ. Олар автономия құрды, Ленинмен тарбайысып жүріп шекарамызды шегендеді. Жаңа тұрпаттағы құқықтық мемлекеттің тұжырымдамасы мен «Алашорда» өкіметінің бағдарламасын дайындады. Алаш идеясының түпқазығында мемлекетті басқару тетіктері саяси, ұлттық жағдайларға негізделуі қажет деген астар тұрды. Бұл астарды олар «мемлекеттің басшысы – Президент» деген тұжырымдарымен нақтылады. Ал, ХХ ғасырдың басында президенттік басқару жүйесіндегі мемлекеттер әлемнің өзінде саусақпен санарлықтай ғана болатынын ескерсек, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов секілді Алаш серкелерінің қаншалықты озық ойлы, парасатты болғандығын бағамдай беріңіз. Елбасының қазақ тілді БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында (қай жылы екендігі есімде жоқ): «Алашорданың мүшелері алғашқы Ақпан революциясына ілесе шыққан күрескерлер еді. Олар патша құлаған соң еркіндік бола ма деп сенді. Алайда, большевиктер саясаты бұл үмітті ақтамады» деген мазмұнда өкініш білдіреді. Ұлт тарихындағы сол өкініш 1991 жылы ғана үмітке айналды. Үмітіміз ақталып, сол жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы өзінің Тұңғыш Президентін сайлап, тарихи таңдауын жасаған. Міне, содан бері Алаш идеясымен сабақтасқан Елбасы саясаты алты құрлықты аузына қаратып, таңдайын қақтырып келеді.

Бұл – Алаш автономиясынан бастау алып, алты құрлықты мойындатқан ұлттық абыройымыз.

Әлиханмен – әлемге

25 жыл. Аз да, көп те уақыт емес. Тарих өлшемімен бағамдасақ – қас-қағым сәт. Алайда, Тәуелсіздікке қолымыз жеткен осы ширек ғасырда жасампаз ұрпақтың бір буыны азаматқа айналып, ат жалын тартып мінді. Алды жоғары оқу орындарын бітіріп, ел ісіне араласа бастады. Иә, кешегі Алаш көсемдерінің дені азаттық үшін құрбан болғанда осы буынның жасында ғана болған. Бұл жерде мен әр дәуір ұрпағының өресін салыстырғалы отырған жоқпын. Тек Алаш идеясы мен Назарбаев нұсқасы арасындағы үндестікті саралауды көздедім.

Мәселен, біздің экономист-мамандар не тындырып жүр? Әлихандар не тындырды?

Мақсатына жетпеді демесеңіз (жеткізбеген – тоталитарлық жүйе), Әлекеңдер мен Ахаңдардың көксегені – ұлт мұраты. Сол Алаш идеясы өмірге келген сәттен бері бүгінге дейін «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деп атқа қонғанбыз. Әлі ат үстіндеміз.

Алаш Көшбасшыларының бірі – Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» десе, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда екенін түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен. Сол білімді әжетке жаратып, тұрмыс игілігіне пайдалана білсек қана өзге жұрт бізді бағалайды. Терең білім – Тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаматтарымыздың алдаспаны» деді. Бұл қайталау немесе жай ғана сәйкестік емес. Әр дәуір көсемдерінің өз заманындағы ұлт қажеттілігін дөп басуы. Яғни, көрегендік.

Әлекең жарықтық «Алашорда» Үкіметінің бағдарламасына ұсынған өз жобасында қазақтың қырда жайылған қойынан қырқылған бір уыс жүн қазақтың иығына тоқыма болып тоқылып, киілуі керектігін ұсынған екен. Негізгі мамандығы журналист бола тұра, халық шаруашылығының бар саласына қатысты тарихи бастамаларымен таңдай қақтырған Әлиханның бұл идеясының астарында мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі деген байлам жатыр. Енді Алаш идеясы мен Елбасы саясаты арасындағы үндестікке үңіліп көріңіз. Елбасы еліміздің шикізатқа тәуелділігінен арылу мақсатын жыл сайынғы Жолдауларында міндеттеп келеді. Әлем елдерін елең еткізген «Назарбаев нұсқасында» отандық өнім, салалық кластер деген экономикалық тұжырымдар бар. Осының барлығы – нарықтың халыққа қызмет етуін ғана көздейтін маңызды мақсаттар. Қазір өзге тұрмақ, өзіміз де «Қазақстанда жасалған» деген маркаға назар аудара бастадық. Мақтаралдың мақтасын иіріп, тоқыған «Алтын адам» костюмін, Қарағанды аяқкиім фабрикасының етігін іздеп жүрміз. «КОФ»-тің (Карагандинская обувная фабрика) төплиі бар ма?» деп кіреміз дүкенге.

Міне, Тәуелсіздік игілігі! Әлекеңнің әлем мойындаған идеяларының жемісі!

Тек қана Әлиханның идеялары мен бүгінгі экономикалық жүйе арасында алтын көпір бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев!

Мұратты мұрагер

Сөз басында Тәуелсіздікті жәдігер емес дедік. Анығында, ол – аманат.

Ұлы Дала төсінде Мәңгілік Елдің сән-салтанаты артып, тарих керуеніне барынша қуатты мемлекет қосылды. Ол – жаңарған Қазақстан! Көшбасшысы – Нұрсұлтан!

Кешегі Алаш идеясы мен Назарбаевтың асыл мұраттарын бөле-жарып, бір-бірінен алшақтату тарихи қателік дер едім. Иә, біз күрделі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әлем – дағдарыс құрсауында. Қазақстан ше? Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, сындарлы сәтте салиқалы саясатқа жүгінген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында көшімізді түзеп үлгердік.

Жасампаздық жолындағы жарастықты тірлігімізді жіпке тізе берсек, елді еңселендіру жолындағы Елбасы еңбегі туралы қадау-қадау дүние жазуға болар еді. Әттең, газет көлемі көтермейді. Бірақ, біздің Елбасы ғасырдың жүгін арқалап, Қазақ елін мәңгілік мұраттарға бастап барады. Ол көтереді. Жауапкершілік жүгін де, уақыт сынын да.

Ардың жігі – нардың жүгінен пәлен есе ауыр. Ардың жүгін белі қайыспай көтерген біздің Көшбасшы – мұратты мұрагер!

Елбасы айтады: Бірлік – Тәуелсіздік тірегі деп. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің алтын бесігіне айналған елімізден береке қашпақ емес. Өйткені, оның кепілі – Президент. «Тарих толқынында» атты кітабының кіріспесінде: «…Тек осы ХХ ғасырдың аясында ғана Алтайдағы көптеген түркі халықтарының жойылып кеткені сияқты, қазақ ұлтының да жойылмауы үшін, керісінше өзінің толымды тарихына сай көркейіп, басқа да халықтардың әлемдік қауымдастығынан лайықты орнын алуы үшін Президент тікелей өзі жауап береді» дейді.

Міне, мұратты мұрагердің аманатқа адалдығы! Әпсанамызды Елбасының «Алаштың асыл аманаты бізді ауыз­бірлігімізді күшейтуге шақырады» деген ғибратты тіркесімен түйінделік. Алаш идеясы мен Елбасы саясатын алшақтата бермейік, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button