Балға бөктірілген құнарлы тағам

Денсаулық үшін таптырмайтын кептірілген жеміс пен жаңғаққа бал қосып дайындалатын ассортиді іздегеннің бәрі табылатын базардан кездестіре бермейсіз. Бірлі-жарымы өзбек елінен жеткізген болғанымен, бағасын қалта көтермейді. Оның үстіне, отандық өнім болмағаннан соң, сапасына да күдік бар. Осыны жете түсінген САТЫБАЛДИНДЕР отбасы ассорти жасауды қолға алған.

КӘСІБІҢ — НӘСІБІҢ

– Қырғызстан мемлекетіне барғанымда осындай ассортиді көрдім. Елге келіп іздесем, таппадым. Содан «Неге осыны өзіміз жасамасқа?» деген ой туып, құрамын өзгерттік те, білек сыбана кірісіп кеттік. Өзім базарда істегенімде алғашқы өнімді сол жерде сатып жүрдім. Бірақ, сапа сертификатынсыз қиындықтар болды. Содан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, жұмыспен қамту орталығы арқылы грантқа қатысуға мүмкіндік алдық, – дейді Нұржан Сатыбалдин.

Әу баста бұл отбасы жұмысты үйде бастаған. Грантты ұтқаннан кейін қажет құралдарды алып, жеке орын жалдайды. Ассортидің құрамы – грек жаңғағы, киви, інжір, мейіз, өрік пен бадам жемістері балға шыланып жасалған. Бүгінде өнім Қарағандыдағы Корзина, Norma, Optima және Майқұдықтағы Real супермаркеттерінде сатылуда. Енді «Аян» супермаркетімен келіссөз жүргізілуде. Бұдан бөлек Павлодардағы екі дүкен арнайы тапсырыспен алдыртады. Сондай-ақ, ондағы Small супермаркетімен келісім жасауды жоспарлап отыр. Нұр-Сұлтан мен Екібастұз қаласында да тапсырыспен алатын дүкендер бар. Шағын кәсіпті қолға алып, қиыншылығын да қатар көрген отбасы бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр.

– Өнімге тапсырыс беріп жүргенімізге жарты жылдан асты. Келген тұтынушылар бітіп қалса қашан келетінін сұрап кетеді. Жалғыз келушілер емес, супермаркет ұжымы да алады. Өзім де алып едім, өте дәмді әрі жоғары сұрыптағы жемістерден жасағанын бірден байқадым. Жаңа өнім болғандықтан әлі ешкім біле бермейді. Алдағы уақытта тапсырыс көлемін арттыру ойда бар, – деді «Корзина» супермаркетінің тауартанушысы Екатерина Иванова.

«БАСТАУ БИЗНЕСТІҢ» БАСЫМДЫЛЫҚТАРЫ

Былтыр облыс бойынша «Бастау бизнес» жобасына – 3700, ал «Жас кәсіпкерге» 1350 адам қатысыпты. Еңбек бағдарламасы бойынша 1093 жас кәсіпкер 549,2 миллион теңге көлемінде грант алған.

Ал, биыл 661 грант бөлінген. Алдағы уақытта қосымша 650 грант қосылмақ. «Бастау бизнес» жобасы аясында 493 адам грант иегері атанған. Бөлінген қаржы – 200 АЕК, яғни, 555600 теңге.

– Біздің ұстаным – бизнес тәсілдерін оқытып, қаржы табуды үйрету. Былтырғы және биылғы грант иегерлері кәсібін толық игерген. Алайда, кейбіреуінің жұмысы тоқтап тұр. Бұл – карантин салдарынан болған жағдай. Сатыбалдиндер отбасы дамудың алғашқы сатысынан өтіп, ілгері келе жатыр. Алдағы уақытта барынша қолұшын беруге әзірміз, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

Ассорти – 500, 700 грамм және 1 келілік құтыларға жабылған. Сыртында фирмалық жапсырмасы мен жеке штрих-кодтары бар. Өнімге көзі түскен жандар бірлесіп шығару жайлы өтініш, тілек білдірген. Алайда, өнім иесі келісім бермепті.

– Әр жидекке жеке-жеке құжат сұратты. Әрине, бұл дұрыс. Ол қағаздар болмаса тауарды сатылымға шығара алмайсың. Құжаттарды рәсімдеуге екі ай уақыт жұмсадық. Өнімді патенттеп алғымыз келіп еді, оған да көп қаржы мен уақыт кететін көрінеді. Қазір қолда артық ақша жоқ. Келешекте мұны да қолға аламыз, – деді «Сатыбалдин» кәсіпорын жетекшісі Рымгүл Сатыбалдина.

Кәсіпкер келешекте ассортидің, балаларға арналған түрін жасау жоспарымен бөлісті. Оқушыларға, балабақшадағы балаларға бір мезгіл беріп тұрса, таптырмас дүние. «Дәруменге бай табиғи өнімді тұтынған әлдеқайда жақсы емес пе?! – дейді Нұржан Сатыбалдин.

Ербол ЕРБОЛАТ.