«ЖОШЫ ХАН»: кешен құрылысы қарқынды

Анасының жатырында жатқанда-ақ жаһандық жанжал шығуына себеп бола жаздаған шақалақ, кейін қуатты мемлекеттің іргетасын қалаған көшбасшы Жошыханның кесенесі жаңғыртылуда. Елдің түкпір-түкпірінде талай тарихи нысанға «екінші тыныс» берген танымал рестовратор Әнуар ТӨЛЕБАЕВ басқаратын «Ұлытау-Ұлар» фирмасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұл тапсырысын да тап-тұйнақтай қылып, тиянақты орындайтыны анық.

Кесене қасынан «Жошыхан» тарихи-мәдени кешені салынуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жазда «Ұлытау» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның тұлғасына айырықша назар аударып, «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек» деп атап айтты.

Көп ұзамай «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы қолға алынды. Жалпы аумағы 8 гектар жерді алып жатқан жобаның жалпы құны – 1 миллиард 448 миллион теңге, оның ішінде 800 миллион теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген. Қысқасы 2,5 мың шаршы метрге жуық аумақты алатын құрылыс алаңында 9 985 текше метр құрылыс-монтаж жұмысы жүреді.

– Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен бұл нысанның жобасын жасаған «Архитектурное бюро Форма S» ЖШС. Биыл маусымда ведомстводан тыс сараптаманың оң қортындысын алысымен, іске кірістік. «KazGPS LTD» ЖШС техникалық қадағалау жасайды. Құрылыс осы жылдың желтоқсанында аяқталады. Қазір құрылыс алаңында 96 адам жұмыс істейді. Қажетті техника жағы жеткілікті, – дейді бас мердігер «Самға» ЖШС директоры Абай Байділдаев.

Құрылыс алаңының тыныс-тіршілігімен және атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарымен жобаның жүзеге асуына жетекшілік жасап жүрген Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Білім Ыбыраев таныстырды. Тарихи-мәдени кешенде экспозиция залдары, күзет және қызметтік орын, оң жақ қанатында – намазхана, дәмхана мен шәйхана, шаруашылық қоймасы, жабық галерея мен ашық аспан астындағы демалыс ротондасы, оң жақ қанатында туристер тұрақтайтын бөлмелер, шаруашылық мақсатындағы техникалық және қосалқы үй-жай мен галерея болады.

– Құрылыс-монтаж және әрлеу жұмысына қатысты қыруар шаруаның басын қайтардық. Кешеннің төңірегін сәулеттендіруді бүгін бастап жібердік. Су құбыры мен жоғары кернеулі электр желісі тартылуда, күмбездің арқалығы монтаждалды, ендігі қалған шаруаның басым бөлігі – ғимараттың ішкі жағында. Айтпақшы, бабаға қойылатын ескерткіштің құйма тұғыры дайын десек те болады, қалғаны – мәрмәрмен қаптау ғана. Құрылыс алаңындағы жалпы жұмыс көлемінің оннан алты бөлігінен астамы аяқталды, – дейді Білім Ыбыраев.

Қойнауын кен кернеген Арқаның берекелі беткейінде керемет кешен бой көтеруде. Ендігі міндет – жергілікті билік тарихи орынға келуші қатарын көбейтуге қол жеткізуі тиіс. Сосын бұл кешен Алтын Орда ескерткіштерін зерттейтін ғылыми база болуға сұранып тұрғандай. Ол үшін, ең алдымен, автокөлік жолын жедел жөндеу керек. Ал, шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен тарихи тақырыпта алқалы жиын өткізу, студенттер мен оқушылардың қызығушылығын ояту – келесі кезектегі шұғыл шаруа. Суретті түсірген автор.

Әлібек ӘБДІРАШ.