Медиация — мектеп қабырғасында

Көп жағдайда біз бір-бірімізді жете түсіне бермейміз. Кейде екі адам бір тақырыпқа қатысты әңгіме айтып отырса да, бірінің көзқарасын екіншісі қажетті деңгейде ұғына алмайды. Бейнебір әртүрлі тілде сөйлеп жатқан адамдар сияқты. Осындай кезде өзара түсініспеушіліктен құтқаратын бір тәсіл бар. Ол – өзін өзі мейлінше ақтаған медиация әдісі. Бүгінгі күні медиацияның білім беру мен тәрбие ошағы саналатын мектептегі қарым-қатынаста да қажеттілігі айқындалып отыр.

Жуырда Жезқазған қаласындағы №13 жалпы орта білім беретін мектепте өткен тренингте медиацияны білім берутәрбиелеу үдерісіне енгізудің маңызы зор екендігі жан-жақты екшелді. Оның барысында білікті мамандар – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Қайырбаева және психолог маман Динара Темірбекова «Медиация мектепке не үшін қажет?» деген сауал төңірегінде толыққанды түсініктеме берді.

Барлық ынталы тараптармен ынтымақтаса жұмыс жүргізетін қазіргі заманғы мектеп балаға білім берумен қатар, оны толық жетілген тұлға ретінде тәрбиелеп шығару мәселесін де бірегей міндет ретінде ұстанып отыр. Кез келген қауымдастық қызметі секілді мектепте де оқыту және тәрбиелеу үдерісі кезінде оған қатысушылар арасында қайшылықтар туындап отырады. Ол қайшылықтар – мүдделер мен мақсаттар қақтығысының көрінісі. Ал, ұзаққа созылған қайшылықтар мен түсініспеушіліктер білім беру үдерісі мен тұлғааралық өзара қарым-қатынастарға кері әсер етері күмәнсіз. Оның салдары жағымсыз жайттарға әкеліп соқтыруы бек мүмкін. Ол өз кезегінде оқу-тәрбие ісінің ілкімді жүргізілуіне зиянды ықпалын тигізеді.

Медиацияны қолданысқа енгізу мәселесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мұнда қайшылықты жағдайларды реттеу ісі тек кәсіпқой мамандарға ғана сеніп тапсырылады. Қазіргі сәтте білім беру ұйымдарында бұл проблемамен директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілерінен бастап, психолог, әлеуметтік педагог және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға дейін түрлі деңгейдегі мамандар шұғылданады. Бұлардың конфликтология туралы ілімнен белгілі бір дәрежеде хабары бар екені анық. Әрине, проблемалық жайттар шешіліп те жатыр. Десек те, олардың реттеу кезінде екіжақты мүдделер бірдей есепке алына қояр ма екен? Бұл сауалға кесімді жауап беру, әрине, әзірге қиындау.

Тренингте «Мектеп бітімгершілігі – мектептегі зорлық-зомбылық пен қиындықтарды бейбіт түрде шешу және олардың деңгейін төмендету» жобасы талқыға түсті. Оның барысында педагогтер «медиация» ұғымымен, оның процедуралық кезеңдерімен кеңірек танысты. Тренингтің тәжірибелік бөлімінде оның бәрі сахналанды, яғни, әрбір кезең үдерісі нақтыланған рөлдер арқылы жария етілді. Мысал ретінде мектеп өмірінде орын алған оқиғалар алынды. Тренингке қатысушылардың өздері ұсынған күрделі жайттар да түбегейлі талқыланды. Нәтижесінде әркім өзінің медиатор рөліндегі қабілет-қарымын бағамдады. Педагогтер жұмыс орнында да, өмірдің кез келген өзге салаларында да кездесуі әбден мүмкін қайшылықтарды өркениетті тәсілдермен шешуде қолданылуы тиіс әрекеттер хақында өзара кең тұрғыда пікір алмасты.

Медиатор қызметінде бөгде кәсіп иелерінің бірден қабылдап, түсінуі қиынға соғатын өзіндік ерекшеліктері де көп. Бұл үдерісте міндетті ережелер мен шарттылықтар баршылық. Солардың бірі – тараптардың бітімгерлік қадамына ерікті түрде баруы және олардың орын алып отырған қайшылықты жайттарды реттеуге ынталы болуы. Тренинг кезінде қатысушы ұстаздар қауымы тек осындай жағдайда ғана медиация өзінің діттеген межесін бағындыра алатынына көз жеткізді.

Ғайни РАХМЕТОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.