«КӨНБІС» көліктен шыққан шу немесе пойыздар неге «баптанды»?

Тойға кемі бірер сағат «асықпай» баратын өзіміз секілді жолаушылар пойызы да кейінгі уақытта осындай «жаман» ғадет шығарды. Межелеген жеріне буы будақтап берісі бір сағат, әрісі бірнеше сағат «кешігіп» жетеді. Онысы жұрттың жүйкесін жұқарта бастаған. Көкте ұшақтың, қара жерде пойыздың бұлай «тәртіп бұзғаны» бұқараның есінде жоқ. Әрекідік кездесетін, жиі емес-тін. Соның есесін енді көрсетті. Отарбаға мінген жолаушының бұл күні бет алған мекеніне белгіленген уақытта емес, пойыздың жеткізген кезінде табаны тиеді. Себеп – теміржол желілеріндегі жөндеу жұмыстары. «Қазақстан темір жолы» секілді алпауыт компаниямен жағаласып, арыстанмен алысып, мерт болған қоянның кебін киер жағдай жоқ. Бірақ, біздің міндет – бұқараның базынасына құлақ түру. Соның ақ-қарасына үңілу. Ал, оның ағы мен қарасы бүйдейді…

ЖОЛАУШЫ, ҚТЖ ҺӘМ ӨТЕМАҚЫ

Әлқисса, жолаушылардың пойыз кешігуіне қатысты өкпе-назы көбейіп жүр. Оны бұқараның «көзі, құлағы һәм тілі» ретінде басылымға да айта бастады. Мәселенің мәнісін білгілері келеді.

– Мен қызмет бабына байланысты тамыздан бері жұма-жексенбіде Нұрсұлтан-Жезқазған бағытында жүретін жолаушылар пойызының қызметін пайдаланамын. Кейінгі кезде осы көліктің кешеуілдеуі жиілеп кетті. Бастапқыда 30-40 минутқа түсіністікпен қарадық. Бірақ, бірте-бірте жойдасыз бола бастады. Мәселен, пойыз 2 қыркүйекте Жезқазғанға – 2,5, ал, 4 қыркүйекте Қарағандыға 1,5 сағаттай кешікті, – дейді Әлібек Тілеубергенұлы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мәселенің төркіні – шойын жолдағы күрделі жөндеуде екен. Компанияның баспасөз қызметі мұндай кешігулердің әлі де орын алатынын айтады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ темір жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде өзгерістер болатынын хабарлайды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған темір жолдарды жаңғырту басталды. Жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде. Коронавирустық инфекциямен күрес аясында қабылданған барлық қауіпсіздік шаралары ескерілді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ келтірілген қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды және жұмысты тезірек аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын хабарлайды» делінген.

Сонымен қатар, компания жолаушыларды кешіктіргені үшін өтемақы төлеуге әзірліктерін және мәлімдейді. Ол жауапкершілік «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 80-бабы 3-тармағында айқындалған. Яғни, соған сәйкес жолаушылар пойызының кешігуі үшін айыппұл төлеу көзделген.

«…Егер жөнелтуді кідірткені үшін, сондай-ақ, жолаушыны межелі теміржол станциясына тасымалдайтын жолаушылар пойызының кешігіп қалғаны үшін тасымалдаушы кідірту немесе кешігу еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушыға залалды өтеуден басқа, әрбір кідірту сағаты үшін жолаушыға жол жүру құжаты (билеті) құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді.

Өндіріп алынған айыппұл сомасы жол жүру құжатының (билетінің) құнынан аспауы тиіс. Жолаушылар пойызының кешігуі үшін айыппұл төлеу тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушының өтініші бойынша жүргізіледі.

Өтемақы алу үшін жолаушы вокзал бойынша кезекшіден соңғы келу пунктінде жол жүру құжатында (билетте) ұсталған сағаттардың саны туралы міндетті белгі алуға тиіс. Бұдан әрі жолаушы осы құжатпен, сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжатпен заң бойынша тиісті өтемақы алу үшін ҚТЖ-ның кез келген кассасына жүгіне алады».

Компания берген түсініктемеде жөндеу жұмыстарының қашан аяқталары нақты айтылмайды. Алайда, барынша жеделдетілетіні назарға алынған. Жолаушылардан қолайсыздықтар үшін иіліп-бүгіліп кешірім де сұрайды, өтемақы төлейді. Қош, бұл – отарбаға қатысты бірінші мәселенің түйіні тарқатылды делік.

ОТАРБА ТАЗАЛЫҚПЕН ҚАЙТСЕ ТАТУЛАСАДЫ?

Осымен қоса-қабат екінші проблема тағы бар. Ол – жолаушы пойыздарындағы санитарлық жағдай. Дұрысы – антисанитария.

Бұл туралы да жолаушылардың өкпесі қа­ра қазандай. Тозығы жеткен төсек-орын. Лас әжетхана. Тағысын, тағылар. Тіпті, қазіргі күрделі эпидемиологиялық ахуалда мұның қандай мәнге иелігін ежіктеу – ерсі. Әйткенмен, айтуға мәжбүрміз. Көптеген отарбаларда қарапайым гигиеналық талаптардың сақталмайтыны рас. Бұл орайда, «Жолаушылар тамысалы» АҚ баспасөз қызметі мұндайда пойыздың нөмірін, деректерін анық көрсеткенде, акт жасалып, тексеріс жүргізілетінін хабарлайды. Бұған қоса, фото және бейне түсірілімдер айғақ ретінде тартылса, құба-құп.

«Санитарлық талаптарға жауап бермейтін пойыздардың нөмірі, бейне, фото түсірілімдермен және қай уақытта екені анық айтылып, жолданса, тарапымыздан акт жасалып, тексеріс жұмыстары басталады» деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Демек, бұл істе ендігі әрекет сіз бен бізде. Ақырып құқымызды сұрап, оны таптатпайтын қарапайым құқықтық сауаттылық қажет бізге. Оны ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастасақ, бір күніміз бекерге өтпес пе еді…

ТҮЙІН

Жолаушылар көлігінің арасындағы көнбісі – пойызға қатысты бұқараны титықтатқан жайттар – бұлар. Шешілмейтін мәселелер емес, әрине. Шыдам, төзім, уақыт керек. Ал, бұқараға күтуден басқа амал жоқ…

Қызғалдақ АЙТЖАН.