Көрме

Әлем – балалар көзімен

Облыстық бейнелеу өнері музейіне кіргеніңізде, бойыңызды әлдеқандай жылылық баурап алады. Қызылды-жасылды түске боялған таңғажайып әлем дерсіз. Бала қиялы жүйрік қой. Сол қиялына жан бітіріп, қағаз бетіне түсірген балалардың туындысын көргеніңізде, солардың жасына қайта оралғыңыз келеді екен. Ауыл көрінісі, табиғат құбылысын және жаныңа жақын жандардың бейнесін көрсеңіз, жүрек қалай елжіремесін?! Туындыға құдды жан бітіп, өткенінен сыр шертіп тұрғандай. Музейде №1 Балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері бөлімі жас суретшілерінің есеп беру көрмесі өтті. Аталмыш ұжым 2021-2022 оқу жылын қорытындылап, «Жан дүниенің қадамдары» атты шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Ал, көрмеге 400-ден астам жұмыс қойылған.

Пандемияның салдарынан екі жыл жүздеспедік. Биыл өздеріңізді көріп, бір марқайып қалдық. Екі жылда жас суретшілердің кәсіби тұрғыда өскені де көріп тұр. Түрлі-түсті суреттер – көктемнің белгісі. Қуаныш пен күлкінің, жылы сәттердің белгісі. Қош келдіңдер балалар, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Бибігүл Құдабаева.

Облыстық бейнелеу өнері музейі талай жылдан бері өнер мектебімен тығыз достық қарым-қатынаста. Бүгін де сол қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында шара барысында қос тарап шығармашылық мемарандумға қол қойды.

Балалар – біздің байлығымыз. Мұнда қойылған суреттердің астарында үлкен еңбек жатыр. Ал, бұл – олар үшін жетістік. Сондықтан, бірлесе отырып балаларымыздың қуанышына ортақтасып, жетістіктерге бірге жетейік. Біз жылдағы дәстүрден жаңылмай көрме өткізіп тұрамыз. Әр оқушыда мақсат бар. Ал, мақсат бар жерде нәтиженің сөзсіз болатынына сенемін, – деді №1 Балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Салтанат Елешева.

Мұндағы туындысы қойылған ең жас суретші небәрі 7-де. Ал, мекеп түлектері – 17 жасқа толады. Ұядан қанат қомдап шыққан түлектер жоғары оқу орнына немесе колледжге түсіп, білімін одан әрі шыңдауға болады. Бүгін де мектептің түлектері әр өңірде белді қызмет істеп, шәкірт тәрбиелеуде.

Мұнда менің «Қысқы пейзаж» жеп аталатын суретім қойылды. Үйірмеге қатысқаныма көп болмады. Ұстаздарымнан үйрендім, сурет салуды. Маған жыл мезгілдерін салған ұнайды, – деді 7 жасар қатысушы Іңкәр Әлімбетова. Ал, 13 жасар Фатима Нұрғалиқызы:

Кішкентайымнан сурет салуға әуеспін. Әсіресе портреттерді. Әке мен анамның бейнесін салудан жалықпайтынмын. Суретшілердің салған туындысына қызығатынмын. Кейін сол қызығушылығыммен үйірмеге келдім. Қазір мұнда қатысып жүргеніме жыл толды. Сол уақыттан бері салынған суреттерімнің ішінен 3-еуі іріктеліп, көрмеге қойылды. Ол туындыларымда табиғат көрінстері бейнеленген. Өскенде дизайнер болсам деймін. Дизайн саласында еңбек етіп, бренд қалыптастырғым келеді, – дейді.

Көрме 10 сәуірге дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button