Біздің сұхбатСұхбат

Наталья КРЮКОВА: «Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы – басты назарда»

Елдегі күрделі жағдайға байланысты аймағымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға да оңай соғып тұрған жоқ. Он екі мүшесі сау адамның өзі қауіп-қатердің ортасында әр қадамын аңдап басып жүр. Осы мәселе бойынша мейірімге мұқтаж азаматтардан бізге түрлі сұрақтар түседі. Сол сұрақтардың жауабын білу үшін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Наталья КРЮКОВАНЫ әңгімеге тарттық.

– Наталья Алексеевна, алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимараттарға еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ету туралы қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру уәкілеттілігіне қай орган жауапты екенін айтып берсеңіз?

– Мүмкіндіктері шектеулі жандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында, оларды әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру уәкілеттілігі – біздің органға жүктелген. Біз тексерілуге тиіс орындарға барып, профилактикалық бақылауды және жоспардан тыс тексерістерді өткіземіз. Объектілерге еркін кіріп-шығудың қолжетімділігіне профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерістер қатаң түрде тексеріс парақтарына сәйкес ұйымдастырылады. Бақылау алдын алу-профилактикалық сипатта болып, оның нәтижелері бойынша мерзімдерін көрсету арқылы анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады. Міндетті түрде тексерілетін субъектінің басшысымен немесе өкілімен келісілетін мерзімдерін назарда ұстаймыз. Бұл өте маңызды, өйткені, көптеген жағдайларда аталған бұзушылықтарды жою үшін ұзақ мерзім және қомақты қаржы талап етіледі, әсіресе, бұл бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға қатысты.

Мәселен, департамент 2019 жылы елуге жуық тексеру жұмысын жүргізді және әр объектіде қолжетімділік бойынша бұзушылықтар анықталды. Олардың санаулылары ғана бұзушылықтарды толығымен жойды. Бұған объективті түсініктеме бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап пандус орнату, кіреберіс есіктерін ауыстыру, көтергіш сатып алу, ақпаратты-тактильді құралдарды орнату және тағы басқалары қажет. Бұған әжептәуір қаржы қажет.

– Көмекке мұқтаж азаматтар ғимараттарға кіріп-шығу (дәріханалар, дүкендер) жолдарының жоқтығы туралы шағымдарын айтуда. Сіздер жүргізіп жатқан тексерулердің қорытындысы оң нәтиже берді ме?

– Иә, әрине, азаматтар бізге де осындай шағым-өтініштермен жүгінеді.

Егер, бұл өтініштерде адамның өмірі мен денсаулығына, мүдделеріне зиян келтірілетін нақты фактілер көрсетілсе, ондай өтініштерге жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Тексеріс тиісті органдарда тіркеуден өтіп, біз тексерілетін объектіні алдын ала хабардар етіп, жұмысқа кірісеміз.

Мысалы, Сәтбаев қаласынның мүгедек тұрғыны дүкенде пандустың болмауы және мүгедектер арбасымен бөгде адамның көмегінсіз кіру мүмкін еместігін айтып, шағымданды. Тексеру барысында факт расталып, орындау мерзімімен анықталған бұзушылықтарды жою туралы шешім шығарылды. Нәтижесінде, дүкеннің кіреберісіне пандус орнатылды. Өтініш беруші бұған ризашылығын білдірді.

Тағы бір мысал, I топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтан Қарағанды қаласындағы «Бизнес орталығы» ғимаратының кіре берісінде пандустың жоқтығы туралы өтініш түсті.

Бұл факт та расталып, қажетті жұмыстар атқарылды. Өз мерзімінде бізге орталық кіреберісіне пандус орнатылғаны туралы ақпарат фотоесебімен түсті.

– Сонда заң бұзушылықтарды жою үшін кім қаражат бөлуі керек?

– Жеке кәсіпкерлік объектілерінде тексеріс жүргізу жағдайында, олардың меншік иелері бұл үшін өздері қаражат іздейді. Бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға келсек, бұл жағдайда қажетті қаражат бюджеттік ұйым басшыларының құзырында болмайды. Қаражаттың бөлінуі мәслихат сессияларында қосымша шығыстарды бекіту, қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жариялау қажеттілігімен байланысты. Сондықтан, департамент мамандары, тексеріс жүргізу кезінде, тексерілетін нысан басшыларына тексеру аяқталғаннан кейін, шешімді орындау үшін жоғары тұрған органға анықталған бұзушылықтарды жою үшін қаржы бөлуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінуі қажет.

– Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілері мүгедектерге қол жетімді болуы үшін кім жағдай жасауы тиіс?

– Қазір халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына деген көзқарас заңнамалық деңгейде өзгерді. Елімізде 2015 жылғы 20 ақпанда «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң қабылданды. Мұндағы басты мәселенің бірі – мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде көлікке, ақпарат пен көмек жүйелеріне, қызмет көрсететін басқа жағдайларға қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңында, кәсiпкерлiкті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланатын көлiк құралдарына, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, авто, темiр жол вокзалдарында еркiн жүрiп-тұруына жағдай жасауға мiндеттi екендігі көрсетілген.

Егер, әлеуметтік маңызы бар бұрын салынған объектілерді қолданыстағы заңнамаға бейімдеу мүмкін болмаса, олардың иелері мүгедектердiң қызметтерге қолжеткізуіне қажетті шараларды жасауы тиіс. Осылайша, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілері тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту, көру қабілеті нашар адамдар үшін толық қолжетімді болуы керек.

– Ал, осы заңнама талаптары сақталмаса, қандай жауапкершілік шарасы қарастырылған?

– «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 83 бабында мүгедектерді әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етпесе, лауазымды тұлғаларға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

– Сіз халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына тоқталдыңыз. Ол қандай санат және оған қандай азаматтар жатады?

– Қызметтерді, қажет ақпаратты алар да немесе көшеде өзгенің көмегіне мұқтаж азаматтар.

Оларға: мүгедектер, денсаулығы уақытша зақымдалғандар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар жатады.

– Соңғы уақытта қызметтерді цифрландыру, оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметтер туралы жиі айтылады. Бүгінде аймақта қандай да бір объектіге кедергісіз кіріп-шығу мүмкіндігін онлайн көрсететін портал немесе сайт бар ма?

– Бүгінгі күні «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» порталында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімділіктің интерактивті картасы бар. Онда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған объектілердің орналасқан жерін анықтауға және осы оның қаншалықты қол жетімді екендігін білуге болады.

– Жеке кәсіпкерлер мен жекеменшік нысан басшылары өз объектісіне пандусты орнатып, соны қызметтің қолжетімділігі деп есептеуі дұрыс па?

– Жоқ, ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толық қол жетімді болуына тек пандусты орнату немесе кіреберіс есіктерін кеңейту және табалдырықты алып тастау жеткіліксіз. Бұл тек, ғимараттың кіреберіс тобының бейімделуі кезінде ұстануға қажет талаптар. Мұнан басқа, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, қызмет көрсету алаңдары, тактильді ақпарат құралдары, халықаралық қолжетімділік белгілері орнатылуы тиіс. Мүмкіндігінше, мүгедектердің көлік құралдарына арналған тиісті тану белгілері бар тұрақ орындары болуы тиіс.

Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткеніндей, ғимаратты мүгедектерге ыңғайлы қылу барысында, ұйым басшылары мен нысандардың меншік иелері пандустың талап етілетін параметрлеріне, яғни, еңіс бұрышына, кіру есіктерінің ені мен ұзындығына, табалдырығының биіктігіне, пандус тұтқаларының биіктігіне және тағы басқа жайттарға назар аудармайды.

Кейбір басшылар мен кәсіпкерлердің ұстанымы таң қалдырады. Мәселен, пандусты өте ыңғайсыз көлбеу бұрышымен жасайды. Ал, бұл мәселе шешілмеген болып есептеліп, сәйкессіздікті жою, қосымша қаржыны талап етеді. Заңнама талабымен бәрін бірден дұрыс жасаған дұрыс қой…

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button