Рухани жаңғыру

ТЕМІРҚАЗЫҚ – РУХ пен САНА

«Әлемді сұлулық құтқарады» депті Достаевский. «Сұлулық емес, әлемді құтқаратын мейірім» деушілер де шықты кейіннен. Екеуі бір ұғым сияқты ғой. Біз Достаевскийдің сұлулығын біржақты бағамдаған боламыз онда. Жаны сұлу болмағанды біз өзі сұлу дей аламыз ба? «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деген Бұқар жырау. Махаббатты тек қыз бен жігіт арасындағы сезімге байлаған сияқты сұлулықтың да нарқын қайда сүйеп қойғанымыз осы жерден байқалады. Әңгіме рух пен санада. Ол екеуі көтерілсе, әлемді құтқарудың қажеті де болмайды. Кімнен, неден құтқарасың? Сана мен рух салтанат құрған қоғамда зұлымдық пен жемқорлыққа орын жоқ, өзінен өзі өліп қалады. Абайдың көксегені де сол рухани жетілген қоғамда өмір сүру емес пе еді?

Иә, сонымен қазақ даласында рухани жаңғыру қашан басталып еді? «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінді» деген Потаниннің сөзін білетін сіз «мынау жынды ма?» деуіңіз мүмкін. Немесе кешкілік ошақтың отын маздатып, батырлар жырын тыңдап, күйге құлақ құрышын қандырып, айтыс, өлең-жырдың неше атасымен сусындап өскен ұрпаққа рухани жаңғырудың керегі не деуіңіз де ғажап емес. Олай емес қой, бірақ. Заманына қарай амалы демекші, әр уақыттың өзіне тән рухы болуы тиіс. Және ол Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында айтпақшы, ұлттық кодтан тамыр тартып тұруы керек. «Әйтпесе, құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» (Н.Назарбаев). Меніңше, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ сахарасында заманауи рухани жаңғыруды бастап жіберген ұлы Абай. Пушкиннің «Татьяна-Онегині», Гетенің «Жиһанкездің түнгі жыры» қыр қазағының тілінде «Қараңғы түнде тау қалғып» деп сөйлеп шыға келді. Абай айналасы, оның маңына шоғырланған жастар сол кездегі Еуропа мәдениетінің жауһарларымен танысып, жаңа көзқараста қалыптаса бастағанын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» аңдау қиын емес. Ол көркем шығарма десе, баласы Тұрағұл Абайұлы «өзім көргенде «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елді «Мың бір түнмен» таныстырған кісі – менің әкем еді.

Орыс кітабындағы «Густав Әмір» сықылды әңгіме кітаптарды елге таныстырды. Біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарын әуестеп кетті» дейді. Абай маңындағы қазақтар батыс өркениетінің рухын да сіңіре бастады. Әттең, елге пайдасы тиер-ау деп үміт еткен оқымысты балаларының бәрі көз алдында кетіп қалып отырғаны – хакімнің ғана емес, күллі қазақ жұртының өкініші екен-ау сонда. Осыдан кейін Президенттің «Абай – рухани реформатор» дегеніне иланбай көр.

Ал, Қазақ даласына ХХІ ғасырдың басында, осыдан небары 3 жыл бұрын келген мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ше? Кезінде Елбасы өзі жариялаған ол бағдарламаның «Болашақтың бағдары» деген айқындауышы табылған ақыл. Адамзат қоғамының басты көрсеткіші сана мен рух қана, демек. Айналып-айналып осы азғантай жылдың ішінде бұл бағдарлама да темірқазық Абайына қайтып келді. Ақын өлеңдерін жатқа оқу челенджінен басталып, Абай күніне бірақ тірелді. Оған ешкімнің шүбәсі бола қоймас, білем. Сондықтан, біз Абай шығармашылығын тек қана білім үшін міндет қылып оқымауымыз керек. Заман ықпалы мен өркениет көшінен қалып қоймас үшін сіңірсе дұрыс шығар. Мынадай неше түрлі ақпараттық шабуыл басталғанда, Абай өсиеті ішіңде тұратын ұлы сүзгі. Жан дүниеңе не қажет, соны қабылдап, қажетсізін лақтырып тастарға қорғаныш антивирус.

Бірақ, бұл жерде бір нәрсені мойындауымыз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болмаса, ұлттық Домбыра да, Абай күні де жоқ еді ғой. Ел ішіне таралысымен оң әсерін беріп жатқаны содан байқалады. «Туған жерге туың тік» бағдарламасы арқылы ағайынның беті ауылға бұрылғанын айтпағанда, алты Алаштың баласының мерейін үстем қылып ұлттық Домбыра күні келді дүниеге. Ұлттық Домбыра күні мен Рухани жаңғыру бір-бірінен айырғысыз құстың қос қанаты. Біте қайнасқан нәрселер. Домбыра десе – Қазақ, Қазақ десе – домбыра. Домбырасынан айрылған күні Қазақ тарих сахнасынан құрып кетуі мүмкін. Алаш болмысы мен табиғатын сақтау жолында домбыра әлі күресіп келеді. Жердің бетін неше түрлі жын-жыбыр, есірік әуен жайлаған мына заманда домбыра күресін тоқтатпайды. Ақ пен қараның, ізгілік пен зұлымдықтың күресі сияқты толассыз майданның сапында қазақ үшін жанын жалау етіп домбыра тұр. Сондықтан, арнайы домбыра күнін белгілеп қойғанымыз айтып болмайтын игі қадам. Енді соны ұранға айналдырмай, бірте-бірте ұлт игілігі мен халық қазынасын байытар істерге бұруда – мәселе. Жаппай шара өткізе бергеннен шығатын нәтиже шамалы. Бұған дейін де айтқанымыздай, Ұлы Далаға үлкен мұнара іспетті ішіне ел кіріп-кіріп шыға алатындай домбыраның ескерткіші керек. Ол және ұлы Абайдың туған жері Қасқабұлақта бой көтеру керек шығар. Астанадағы Бәйтерек сияқты үлкен туристік орынға айналары тағы сөзсіз сонда.

Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұзған сең туралы әңгіме айта берсе, таусылмайды. Алаш даласына Абай күні келгелі тіптен көп. Қазір Қазақ даласында Абай күндері өтіп жатқандай әсер қалдырады. Лайым солай болғай!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button