Теміртау

Рухани келісім жолында

    Қазақстан Республикасында достық шаңырағы астында 130-дан аса ұлт өкілі өмір сүруде. Тарихи оқиғаларға қарай, қазақстандық қалалар мен ауылдар көпұлтты және көпмәдениетті болып қалыптасты. Алайда, этностық әралуандық көбіне-көп Теміртау қаласына тиесілі көрінеді. Себебі, мұнда 100-ден астам ұлт өкілі қоныс теуіп, табанды тер төгуде. Олар бірлесе жүріп, қала мен «Қазақстан Магнитикасын» құрды. Мерекелерді бірге атап өтіп, өз халқының дәстүріне құрметпен қарай білді. Теміртаудың құрылуы мен қалыптасуы жылдары – халықтар достығының зертханасы ретінде атағы жайылды. Бұрынғы КСРО елдерінен көптеген адамдар тәжірибе жинақтау үшін нақ осы Теміртауға ат басын бұратын болды. Бұл даңқты достық және төзімділік дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Металлургтер қаласында оннан аса ұлттық мәдени орталықтар шығармашылық қарым-қатынас орнатып, достық және төзімділік шаңырағы астында бас қосуда.

– Мемлекетіміз ұстанған сая­сатта Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің ұлттық мәдениетіне лайықты назар аударылады. Ортақ мүдде Теміртаудағы қазақ, орыс, неміс, татар, грек, кәріс, шешен, әзірбайжан, поляк ұлт өкілдерін және мәдени орталықтарын бауырластырды. Қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту мен нығайтуда үлкен оқиғаға айналған – Қазақстан халқы Ассамблеясының 24 сессия­сындағы жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабылдануы болды. Бұл бірегей құжатта Қазақстан халқының негізгі құндылықтары бекітілді. Біздің қаламызда, бүкіл еліміздегідей «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы  «Біртектілік пен бірлік» институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деді Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова.

Ұлтаралық берік достықтың нәтижесінде металлургтер қаласындағы әр диаспора өз тарихи тамырларын, болмыс бітімдерін сақтап қана қоймай, өзге ұлт өкілдерінің де салт-дәстүріне белсенді қызығушылық танытады. Этно-мәдени бірлестіктер үнемі теміртаулық өлектану мұражайында, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті қабырғасында, «Әлем» және «Испат» сынды балалар мен жасөспірімдер орталықтарында, кітапханалар мен мектептерде, мерекелер мен жұмыс күндерінде де бас қосып, пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөліседі.

– Бізге көпұлтты, достығы келіскен үлкен отбасында ғұмыр кешу бұйырды. Себебі, біз ортақ тарихи тағдырман сабақтасқанбыз. Қылышынан қан тамған саяси қуғын-сүргін жылдарында және сын сағаттарда Қазақстан топырағы көптеген ұлттарды қонақжайлықпен қарсы ала білді. Ал, халықтық дипломатияның демократиялық институты саналған 1995 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының пайда болуы – республикамыз бен Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделін әлем жұртшылығы алдында асқақтата түсті, – деді грек мәдени орталығының басшысы, Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Деспина Касапиди.

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің, қалалық ішкі саясат бөлімінің және Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті басшылығының бастамасы бойынша, аталған жоғары оқу орны қабырғасында «Туған жер» офисі – Қазақстан халқы Ассамблеясының Академиясы ашылады. Мұнда аймағымызда тұрып жатқан ұлт өкілдерінің дәстүрін, әдет-ғұрпын және тілін дәріптеу бойынша үлкен жұмыс атқарылады деп күтілуде. Алғашқы шаралардың бірі ретінде қалалық этно-мәдени бірлестіктермен, жастар өкілдерімен және ҚР Президенті қанаттастарымен бірлесе отырып, «Достық керуені» атты ауқымды мәдениет фестивалі әзірленуде.

Жастар аудиториясымен кездескен Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова терең әрі тартымды түрде кейінгі жүз жылдағы қазақ даласында қалыптасқан достық көршілік қарым-қатынаста өмір сүруге, төзімділікке, өзара қолдап-қолпаштауға, ымыраға келуге, ізгілік жолдарын іздестіруге деген өмір сүру ұстанымы пайда болғаны туралы ой бөлісті. Бұл – көпұлтты Тәуелсіз Қазақстан үшін аса маңызды. Көптеген діни көзқарастардың болуына қарамастан, елімізде дінге қатысты қайшылықтар орын алған емес. Бұл ретте, ар-ұждан еркіндігі мен төзімділіктің қазіргі конфессияаралық келісімге негіз болғаны тегін емес. Бұл негізінен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың талай жылғы жасампаз еңбегінің жемісі деуге болады. Ол – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бейбітшілік пен келісімді, ішкі тұрақтылықты ел дамуының негізгі шарты ретінде алға қойып келеді.

– Бірлік бар жерде гүлдену де бар. Жылыжайдағы гүлдердің әр түрлілігі мен сан алуандығы қандай болса, Теміртаудағы ұлттық орталықтар да өзінің жасампаз өмірін, достығы мен ынтымағын жалғастырып келеді. Мен Теміртау қаласында 40 жылдан астам уақыт тұрып келемін. Көз алдымда ұлттық орталықтар құрылып, күн сайын іргесі бекіп келеді. Осылайша ұлт өкілдерінің ана тілі, мәдениеті, дәстүрі қайта жаңғырады. Бұған қарап, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы бар екенін сеніммен айта аламын. Ол орталықтарға этностардың тілін, мәдениетін және дәстүрін дамытуға тең жағдай жасалған. Бас қоса отырып біз түйіні тарқамаған мәселелер төңірегінде әңгіме қозғап, жерлестерімізге қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз. Біздің «Достлуг» орталығында балалар мен жастар ана тілін үйреніп, ұлтымыздың мәдениетімен сусайды. Жерлестерімізден көмек аямаймыз. Мәселен, ақын қызымызға Әзірбайжаннан өлеңдер жинағын шығарып беруге қолұшын создық, – деді отставкадағы полиция подполковнигі, «Достлуг» әзірбайжан мәдени орталығының басшысы Ширван Пишан-оглы Әбішов.

Жалпыхалықтық келісім тақырыбын жарыққа шығара және оның объективті қажеттілігін ескере отырып,  Ширван Әбішов кейбір адамдардың белгілі бір қиындықтар мен кемшіліктерден кірбің іздейтіндігіне таң қалады. Мәселен, 28 шілдеде Теміртау қаласында адам өлтіру фактісі тіркелді. «Автомобилист» гаражында нысан иесі мен оның туысының мәйіті табылды. Күдікті деп аталған гаражды жалға алған қос автослесарь танылды. Қаза тапқан екі азамат – әзірбайжан ұлтының, ал, күдікті адам өлтіруші-автослеарьлер – славян ұлтының өкілі. Қандықол қылмыскерлер ұстап алынды. Ал, тергеу жұмыстары барысында түрлі өсек-аяң тарады. Оған сенсек, күдіктілер гараж иесіне үлкен сомма қарыз болып қалған. Енді бірі, ұлтаралық бөлінушілік іздеді. «Бұл жерте ұлтаралық қарым-қатынас­тың қандай қатысы бар? Тұрмыстық жанжалдан пайда болған оқиға екені көзге ұрып тұр емес пе? Бұл – менің отандастарымның, көптеген теміртаулықтардың ойы. Артық-ауыс қызбалық пен жақтырмаушылықты доғарып, біздің көпұлтты қоғамымызға жек көрушіліксіз қарар кез келді. Тергеу аяқталғаннан кейін, онсыз да істің анық-қанығына жетеміз» деді Ширван Әбішов. «Ит үреді, керуен көшеді». Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі арнайы жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Ал, аймақ және қала тұрғындары бұл жобаларға белсене қатысуда.

 

Елена ЛАХНО.

  ТЕМІРТАУ қаласы.    

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button