Жаңалықтар

12 жылдағы алғашқы жеңіліс

Кәсіпқой бокста отандастарымыздың үмітін оятқан, әлемге GGG брендімен танымал болған Геннадий Головкин де алғашқы жеңілісіне ұшырады. Қарағандыда дүниеге келген спортшының биыл кәсіпқой бокста жүргеніне 12 жыл.

Осыншама жыл жанкүйерлерін қуантып келіп, ең басты жекпе-жектерінің бірінде ұпай санымен мексикалық Сауль Альвареске есе жіберуі қазақстандық жанкүйерлерге де соққы болған тәрізді. Ең өкініштісі, осы жылдар ішінде өз күшімен жеңіп алған WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

Мексикада 127 миллион халық тұрады. 16 қыркүйек  – елдегі Тәуелсіздік күні. Осындай мерекеде Мексиканың танымал боксшысымен кездескен кезде қарсыластан оқ бойы озық болмасаң, төрешілердің жеңісті бере салмайтыны әу бастан көпшілікке белгілі еді. Өйткені, Америкадағы кәсіпқой бокстың негізгі көрермендері де осы мексикалықтар.

Кездесуде бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Головкин 12 жылдық карьерасында алғаш рет жеңіліп, барлық титулынан айырылды. 36 жастағы қазақстандық осымен кәсіпқой бокста 40-рет шаршы алаңға көтерілді Ол бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.

Канело да оңай шағылар жаңғақ емес. Әрі Головкиннің қалай жұдырықтасатынын жақсы меңгеріп алған. Оны кездесу барысында анық аңғардық. Ал отандасымыздың жеке бапкері Абель Санческе көпшіліктің көңілі толмай жүр. Бұған дейін де Давид Бенавидестің бапкері Алекс Азиз де сынаған болатын. «Головкин бұрынғыдай мықты емес. Ол көп соққы жібереді, бұл жаттығудың көрсеткіші. Абель Санчес ескі мектептің  өкіл емес, бірақ ғалым емес. Головкин дәл Мэнни Пакьяо секілді құбылып жатыр. Боксшының спорттық карьерасындағы соңғы жылдарда тәжірибелі әрі білімді команда қажет», – деген Азиз.

Головкин мен Канело арасындағы рематчтан кейін informburo.kz сайтына берген сұхбат берген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко де бұл бапкер жайлы өз пікірін білдіріпті.

–  Санчес бапкер емес. Оның тек бір ғана жоспары болды. Яғни Альваресті нокаутқа түсіру. Бұл тапсырманы GGG жекпе-жек барысында орындай алған жоқ. Кездесу барысында боксшының ойлағаны жүзеге аспай жатса, бапкері тактикалық өзгеріс жасау қажет. Ал Абель Санчес керсінше Геннадийге абстрактілі нәрселер айтып кетті: Отан үшін, әкең  үшін, анаң үшін шайқас деген. Демек, бұл бапкердің деңгейі осы болып тұрғаны ғой, – дейді Виктор Демьяненко. 

Абель Санчестің пікірі басқа. Ол керсінше тапсырамды орындамады деп Головкинді кінәлап жүр.

– Мен Головкинге 11 және 12 раундтарда басымдық таныту қажет екенін айттым. Жекпе-жек тең өтіп жатты. Геннадий осы екі үш минутты да жеңуі керек еді, бірақ ол 12-раундты жіберіп алды. Оның жасаған соққылары жеңіске жетуге жеткіліксіз болды. Соңғы раундта төрешілердің бірі жеңісті GGG-ге бергенде, ол жеңімпаз атанар еді. Алайда екі төреші Канелоға, біреуі Геннадий жеңді деген шешім шығарды. Жеңіске жете алмағанымызға өкініп отырмыз. Бірақ Канело лайықты болды. Ол – чемпион. Демалыстан соң келесі жылы мамырда үшінші жекпе-жекті ұйымдастырамыз деп үміттенемін. Мен Геннадий жеңді деп есептеймін, бірақ бұл пікірім жекпе-жекке дейін қалыптасып қалғанын ұмытпау керек. Шешім біздің пайдамызға шықпаған сайын жылай бермейміз ғой. Төрешілердің шешімі әділ болды, – дейді қазақстандық боксшының жеке бапкері.

Головкин жеңіліске қарамастан, еңсесін түсірмейтінін, өзің ұтылған боксшы санамайтынын айтты. 36 жастағы Геннадий кәсіпқой бокста талайларға жол ашты. Оның ізін басып келе жатқан талантты жастар көп. Бірақ оның ішінде қайсысы әлем чемпионы атанып, танымалдылық деңгейі GGG-ге жететінін ешкім нақты болжай алмас. Бірақ біз Данияр Елеусінов, Батыр Жүкембаев, Жәнібек Әлімханұлы, Мейрім Нұрсұлтанұлы, Әли Ахмедов сияқты жастарға сенім артамыз.

Ал Геннадийға ешкімнің өкпесі жоқ шығар. Ол көпшіліктің қолынан келмеген Қазақстанның брендін қалыптастыруда көп еңбек сіңірді. 12 жыл бойы еліміздің туын көтеріп, әнұранын шырқады. Әрбір жекпе-жек сайын қазақтың ұлттық шапанын киіп шығуды әдетке айналдырды. Соның өзі үлкен жеңіс деп бағалауға тұрарлық. Енді карьерасын аяқтауға да, өзі қаласа тағы бір-екі жекпе өткізуіне де болады.

Нұрмұxаммед Байсүгіров

 

Басқа материалдар

Back to top button