Баған

Алланың аманатына абай болыңыз!

Кейінгі кезде балконнан құлап кеткен бала жайлы ақпараттан аяқ алып жүргісіз. Үлкеннің өзін үйге қамаған карантин кезінде бұл жағдай, тіпті, өршіп кетті. Солай екен деп, кінәні ата-анаға арта салу оңай, әрине. Бауыр еті – баласын құлап кетсін деп, әдейі терезе алдына тұрғызбайтыны анық. Дегенмен, жауапкершіліктен бөлек, сәбидің дүниетанымы бізден, ересектерден мүлдем өзгеше екенін ұмытпаған жөн.

Енді ғана өсіп келе жатқан жас ағза – баланың белсенділігі мен қызығушылығы өте жоғары. Әр дүниені ұстап көру, дәмін тату арқылы ғана біледі олар. Сондықтан, бала үшін күнделікті қауіпсіздікті дұрыс қамтамасыз етіп жүрмін бе, олай болмаған жағдайда, қалай қамтамасыз етемін деген ой әр ата-ананың ойында жүретіні анық. Себебі, баланың денсаулығы мен өмірінен құнды ештеңе жоқ. Ата-ана үшін ғана емес, бүкіл мемлекеттің бүтін болашағы үшін сондай қадамға барамыз.

Ал, баланың жандүниесіне үңіліп көрдіңіз бе? Кіршіксіз жаны қорқыныштан ада, жамандық атаулы бар деген мүлдем түсінігі жоқ. Аспанда құсша қанат қағып, суда балықша жүзген мультфильм кейіпкерлеріне еліктеп, соны қайталағысы да бар. Қорқыныш сезімі жүре келе, көре келе пайда болады. Дегенмен, үйдегі ересектердің айтуы, үйретуі – маңызды. «Терезеге шықпа, құлап кетесің!» деп тікелей айтпаса да, баланың тілін тауып, басқаша түсіндірер болсақ, осындай жағдайлар орын алмас па еді?! Тіпті, өзіміз де балаға биіктіктің қауіпті екенін айтып, шектеу қоймаймыз. Аяғын енді ғана апыл-тапыл басып жүрген сәбиді терезе алдына шығарып, сыртқы дүниені қызықтату әдетіміз тағы бар. Ал, балада биіктіктің қауіпті екендігі туралы түсінік бұл кезде әлі қалыптаспаған.

Тіпті, 1-сыныпқа баратын баланың өзін ересек көріп, біраз нәрсені түсінеді деп қабылдағанымызбен, олардың уақытты, арақашықтықты, биіктікті сезіну қабілеттері толық дамымайды. 5 минутты 5 сағаттай, 10 қабатты үйді өзі ойнап жүрген текшелерінің бойындай ғана елестетуі мүмкін. «10 саны соншалықты көп емес қой» деп те ойлайды. Осы кезде қиялының да ерекше дамитынын қосыңыз. «Супергеройдың» ерлігін қайталаймын, үлкендердің, достарының алдында бедел жинаймын деген балаға терезеден секіруі түк емес тәрізді көрінеді. Оның арты, опық жегізетінін көріп жүрміз. Сондықтан, кез келген ата-ана баласының іс-әрекетіне, жүріс тұрысына, ауызынан шыққан сөзге мән беріп, талдау жасап отырғаны жөн. Әрине, оның уақытты алатыны, жұмысыңызды кешіктіруі мүмкін. Бірақ, ата-ана атанып, баланы дүниеге әкелгенде өз мүддең екінші орынға ысырылып, бала мүддесі үшін әрекет етпейміз бе?!

«Бала – Алланың аманаты». Тәрбие – оның үстін бүтіндеп, қарынын тойғызу ғана емес, өз әрекетің арқылы енді ғана өмірге қадам басқан сәбидің іс-әрекетіне үлгі болу. Баланың үйдегі қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде екендігін ұмытпайық!

Сымбат ИЛЬЯШОВА,

С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің психологы.

Басқа материалдар

Back to top button