«Ұят болады» деген сөзді ұмыттық!

Дана халқымыз бір әдепсіздік қылық көрсе: «Ұят болады» деп тиып, сақтандырып отырған. Өйткені, ұятсыздықтың қашанда жақсылыққа апармайтынын білген. Бүгінде «Ұялмасаң қалағаныңды істе» деген қағидамен өмір сүргендер қатары көбейген сынды. Болмашы дүние үшін ар ұятын саудалап, ұлттық намысын таптап, істеген азғындығын дұрыс деп есептейтіндер аз емес.

 

Абай өзінің бір сөзінде: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген хадисті келтіреді. Сол ұят біздің бойымызда бар ма? Болса, қандай ісімізге «ұят» деген ұғымды пайдаланып жүрміз? Менің көңілім осыған алаң-ды.

Тағы да Абайға жүгінсек. Хәкім: «Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді» дейді. Расымен де, өзі кінәң болмаса, ешкімнің алдында жазықты болмасаң, болмайтын жерде бет моншағы үзілу – надандықтың көрінісі. Мұны ақын: «Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық» деп ой түйіндейді.

Ал, Жүсіп Баласағұни: «Пәле-жала жолын ұят кеседі, Ұятсыздық – ердің емсіз кеселі» дейді. Біз осы емсіз кеселді жұқтырып, тіпті, асқындырып алған сияқтымыз. Осы ұлағаттың мәніне үңілсеңіз қазақ қоғамы мәдениеттіліктен, ар-ожданнан жұрдай болып бара жатқанын аңғарасыз. Сөзіміз дәлелсіз емес. Ата-анасына дауыс көтеріп, сыйламайтындар немесе кей жиында үлкендерді аттап өтіп, төрге озатын жастар бар. Көшеде қымсынбай құшақтасып, жартылай тәнін көрсетіп жүруді арсынбайтын қаракөздердің қатары артты. Қыздан – қылық, ұлдан – ұлық кетті.

Алаш баласы – ұятты тәртіпке балады. Ұятты – таразы санады. Ұят бар жерде бүкіл дүниенің пердесі бүтін, шымылдығы жабық екендігін түйсінді. Адамшылықтың, иманның қалқаны, қорғаны – ұят екендігін баса айтты. Ата-әжелеріміз «ұят болады» деген ырым-тыйымдармен жас ұрпақты әдепсіз қылықтардан бойын аулақ салып өсіруге тәрбиеледі. Себебі, ұяты мол адам жамандыққа бармайтындығын пайымдады. Ұят жоқ жерде береке-бірлік, әдеп-инабаттылық болмайтынын білді. «Ұят болады» деген бір ауыз сөзбен-ақ, «адалдықты емген жұрт жаһанданудың аранына жұтылып кете ме деген қорқыныш басым. Өйткені, иманның басы болған ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа буын өсіп келеді. Қазақ үшін ұяттың шегі тым кең еді. Қазір аясы тарылды. Ұрпақ дәстүрінен жаңылды. Біз бала тәрбиесінде «ұят болады» дегенді жиі айтуды ұмыттық. Ұят кеткен жерде адамгершіліктің дәні жемісін бермейді. Ұятымызды жанымыздың таразысы етейік.

Әйтпесе, болашақ ұрпақтан ұят болады!

Нұрдос КӘРІМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.