Бас тақырыпБасты тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Тасжол – аутсайдерден алып шығар жалғыз жол

Темір тұлпарының «тұяғы» кертіліп, бұрқылдаған шаңнан көлігі күркілдеген, Қарағанды-Балқаш бағытында жүрген жүргізушілердің тақтайдай тегіс жолда желдей жүйткитін кезі жыл соңында тумақ. Осы бағыттағы қазіргі жөндеу кезіндегі айналма жайдақ жолдың тозаңына «боянған» көлік иелері мен жолаушылар оқтаудай түзу асфальтта оқтай сырғанайтын күнді санап жүргені және рас. Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылысы қарқын алған тасжолдың ел игілігіне жыл соңына дейін берілетіндігі туралы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан ӘЛІПОВ мәлімдеген-ді. Төрт жолақты жалпағынан басып, қауіпсіздіктің қатаң қағидалары сақталатын бұл жолды жұртшылық асыға күтіп отыр.

Жол құрылысы барысында туындаған уақытша қиындықтарға қысы-жазы қабақ шытпаған тұрғындар жол ашылар жарқын күнге дәмелі. Бұған дейін Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі келіп, сапасына жіті назар аударуды тапсырған тасжолдың талаптарға сайма-сай боларына да үмітті. Бұған қоса, сапаны қадағалайтын арнайы штаб та құрылған-ды.

Құрылыс кезінде арнайы жасалған айналма жолдың күн ысығанда будақ шаңға айналатынына да, жаңбыр жауса ойылып қалған ойдымына да үн шығармай келеді. Оған талап бойынша себілуі тиіс судың ұмыт қалғанына да жақ ашпай жүрген жұртшылық түбі түзу жолдың бұйырарына сенеді.

Әлем елдері арасында Қазақстанның жол сапасы жағынан аутсайдер елдер қатарында екенін құзырлы орындар жария еткені аян. Былтырғы рейтингте 140 елдің ішінде 106-шы орынды иеленгені белгілі. Енді сол рейтингтегі орынды ілгерілетуге осындай мемлекеттік жобалардың ықпалы зор.

Қарағанды-Балқаш тасжолын жаңғырту жұмыстары 2019 жылы бастау алғаны мәлім. Бүгінгі күні құрылыстың барлық учаскесінде құрылыс жұмыстары – қауырт. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметтерінше, қазіргі уақытта жер қазу жұмыстарының 73 пайызы жүзеге асырылған. 365 шақырымдық жолдың 95 шақырымына жол негізінің қосымша қабаты, 41 шақырымына төменгі қабаты, 68 шақырымына жоғарғы қабаты, 58 шақырымына төменгі қабаты төселген.

Сонымен қатар, 165 су өткізу құбыры да орнатылған. 4 жолақты І-б техникалық санатындағы тасжол қауіпті тұстарды азайтып, көлік легін арттыра түседі деп күтілуде. Құрылыс жобасында 28 көпір мен жол өткелдері, 377 су өткізу құбыры салынуы тиіс. Жолаушылар дем алатын алаңдар, елді мекендердің тұсында автопавильондар бой көтереді. Қазіргі таңда 8 учаскеге бөлінген, жалпы ұзындығы 362 шақырым Қарағанды-Балқаш тасжолы жобасын CITIC Construction Co.Ltd мен «СП «КазГерСтрой» ЖШС бірлесіп іске асыруда. Қарағанды қаласынан осы жол аралығында сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Құрылыс жұмыстарына 1 720 техника, 2 250 адам жұмылдырылған. Оның 500-і – жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары дейді «QazAvtoJol» ҰК» баспасөз қызметі.

Сонымен, санаулы айлардан кейін жорға жортқанда су төгілмейтін тасжол экономикадағы көлік саласының күретамырына айналмақ. Оған қоса, әлемдік рейтингтегі орнымызды да бір сүйемге жылжытуға сеп. Аутсайдерден алпауытқа айналмасақ та, көштің ортасында көптен қалмайтын кезеңге де жетерміз, әйтеуір бір…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button