Бітімгерлік – бірегей үрдіс

Бүгінгі таңда туындаған әртүрлі дау-дамайларды оңай әрі жылдам шешуде медиация қызметі тиімді болып отыр. Уақыт тапшы заманда отбасылық келіспеушіліктерді реттеу үшін де азаматтар осы қызметке жүгінуде. Қазір «Қоғамдық келісім» КММ «Қарағанды облысындағы медиация институтын дамытуға бағытталған іс-шаралар кешені» жобасын жүзеге асырып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы реестріне енген осы бастаманы жүзеге асыру аясында Достық үйінде «Азаматтық және қылмыстық процестегі медиация рәсімінің ерекшеліктері. Этносаралық жанжалдарды реттеу тәсілдері» тақырыбында өңіраралық онлайн семинар-тренинг «ZOOM» платформасында өткізілді.

Алдымен «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бахтиар Бекмурзаев шараның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Медиация институттары жұмысының, медиаторлар қызметінің қаншалықты өзекті екенін тілге тиек етіп, еліміздегі күрделі жағдай кезінде де медиатор мамандардың атқарып жатқан абыройлы еңбектеріне алғысын айтты. Іс-шара барысында қылмыстық және азаматтық процестерде бітімгерлік рәсімдерді қолданудың толық спектрі, ал практикалық бөлімде мүмкін болатын этносаралық жанжалдарды реттеудің заманауи техникасы, тәсілдері, модельдері баяндалды. Онлайн режимде өткен семинар-тренингке құрметті қонақ ретінде «QORĞAU» халықаралық медиация және келіссөздер академиясының президенті Әсел Сайлаубай мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық медиация институтының директоры Жанар Үсіпбекова шақырылған. Шарада қос тәлімгер аймағымыздың әр өңірінен жиылған 70 тыңдаушыға екі тілде дәріс оқыды.

Қатысушылардың қатарында қоғамдық медиаторлар, мемлекеттік органдар қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, облыстың кәсіпкерлері және белсенді азаматтары бар.

Мемлекеттік тілдегі сабақтар түске дейін өтсе, түстен кейін орыс тіліндегі дәрістер тыңдалды.

Қазақ тілінде дәріс оқып, медиацияның мәнін қазіргі өмірмен байланыстыра отырып түсіндірген Жанар Үсіпбекованы қатысушылар мұқият тыңдады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде медиация институтын дамыту Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында жария етілген еді.

Аймағымызда 100-ден астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде. Семинар-тренингте күтпеген жерден өзге этнос өкілдерімен келіспеушіліктер туындаса, оларды қалай жылдам әрі тиімді шешудің оңтайлы жолдары туралы айтылды.

Білікті маман Жанар Үсіпбекованың айтуынша, медиацияны қолдану саласын реттейтін Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Ал, 2011 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидасы бекітіліпті. Бұл елімізде медиация институтын енгізу мен дамытудың нормативтік-құқықтық негізін қалаған.

Медиацияның мазмұны қазаққа ежелден таныс ұғым. Өйткені, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген бабаларымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Олар «арағайындық», «бітімгер», «мәміле» және тағы басқа терминдерді де қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деуі де соның дәлелі.

Жанар Жолдасбайқызының айтуынша, мұғалімдер, дәрігерлер «кәсіби емес», яғни, «қоғамдық медиаторлар» қатарына жатады екен. «Өйткені, ұстаздар ата-аналармен, ал дәрігерлер емделушілермен келіспей қалса, олар медиацияның түрлі тәсілдерін пайдаланып даушарларды шешеді. Әсіресе, карантин кезінде бізден кеңес сұрап, көптеген ұстаздар мен дәрігерлер хабарласты. Біздің медиаторларымыз осындай жанжалды жағдайларды шешуге онлайн режимде көмек көрсетті» – деді ол.

Жанар Үсіпбекова қатысушылардың сұрақтарына жауап берумен қатар, өз сөздерін дайындап келген слайд-презентациясының көмегімен түсіндірді.

Медиация процесі дайындық, бастау, зерттеу, келісім жүргізу және шешім шығару сынды кезеңдерден құралып, әр медиатор өз мойнына алған татуластыру жұмысын осы тәртіппен жүргізеді екен. Сонымен қатар, медиатор медиация процесін жүргізудің уақытын және қай тілде жүргізу керектігін тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырады.

Сондай-ақ, қатысушылар қазіргі жас отбасылар арасындағы ажырасу мәселесі жайлы да әңгіме өрбітті. Кеш қонағының айтуынша, шетелдерде ажырасқысы келетіндерге үлкен мөлшерде айыппұл салатын арнайы заң бар екен. Оларда сондықтан да, жұртшылық көбіне медиаторларға жүгінетін көрінеді. «Мүмкін бізде де бүгін үйленіп, ертең ажырасып жатқандарға осындай айыппұл салатын заңдар шығару керек болар» деген сынды ұсыныстар да ортаға салынды.

Шара соңында қатысушылар кеш қонақтарына өздерін мазалап жүрген сан түрлі сұрақтарын қойып, барлығына толыққанды жауап алды. Өздерінің тың мәліметтерге ие болғанын айтып, алғыс білдірді. Өйткені, үйде отырып-ақ, онлайн режимде осындай тағылымды шараға қатысу, пайдалы кеңестер алу таптырмас мүмкіндік. Бастысы елдің өркендеуі мен дамуына қоғамдағы татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болатынын ұғынып тарқасты жұрт.

Жәлел ШАЛҚАР.