Нұра

Қайнар – береке мекені

Облыстың шалғайдағы елді мекені. Облыс орталығынан 200 шақырым алыста. Нұра ауданындағы Қайнар ауылында 1300 адам тұрады. Ауылды бұрыннан мекендеп келе жатқан тұрғындар 90-шы жылдары мұнда барлығы қирағанын айтады, көптеген адамдар көшіп кеткен. Ал, қазір ауыл – алдыңғы қатарлы елді мекендердің бірі болып саналады және де ол жерден ешкім көшіп кетіп жатқан жоқ. Тіпті, үлкен қалаларда білім алған жастар туған жерлеріне қайта оралып жатыр.

– Мен неліктен қалада қалуым керек еді? – деп пайымдайды информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Есенжол Егімбаев. – Жоғары білім алдым. Үш тілді меңгеріп, өзім сүйетін кәсібімді таңдадым. Өз білгенімді ауылдағы балалармен бөліскім келді. Мұнда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша оралдым. Қазір айына 100 мың теңге жалақы аламын. Сонымен қатар, «160 мың теңге көтерме қаражат және баспана береміз» деп уәде беріп отыр.

Есенжол Егімбаев ұстаздық ететін мектепте 47 мұғалім жұмыс істейді. Бұл – толық штат. Олардың жартысына жуығы жас мамандар. Олардың қатарында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлден Бибатырова да бар. Ол да Қайнарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген. – Біздің ауылымыз дамып келеді. Мектепте балалармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Маған мұнда ұнайды. Қалаға кетуді ойлап жүрген жоқпын, – дейді Гүлден Бибатырова. Қайнар ауылы тұрғындарының орташа жалақысы – 130 мың теңге. Жергілікті тұрғындар негізінен «Қайнар» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ол кәсіпорын егін егумен және әулиекөл тұқымды бұқаларды өсірумен айналысады. Кәсіпорын жетекшісі Сейтжаппар Нығметов. Сыйақыларын қосқанда, жұмыскерлер жылына 3 миллион теңгеден артық ақша табады. Айта кету керек, кәсіпкер, тек өз ісін ғана дамытып қоймай, туған ауылының көркеюіне де атсалысуда. Мысалы, МЖӘ бағдарламасы бойынша ол 1,5 жастан қабылдайтын 90 балаға шақталған балабақша салған.

– Біздің ауылда халық көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Жас отбасылар жетерлік. Мектеп бар, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Бассейн бар. Балабақша ғана болған жоқ. Оны өткен жылы салдық, – дейді Сейтжаппар Нығметов.

Шаруа қожалығының жетекшісі Сейтжаппар Нығметов ауыл тұрғындарына, тек жұмыс орнында ғана емес, тұрмыста да жайлы жағдай жасауға тырысады. Ерекше назар медициналық көмекке аударылады. Өз қаражаты есебінен ол дәрігерлік-амбулаториялық бекетті жөндеуден өткізген. Онда 7 дәрігер жұмыс істейді. Бұлар – ауылдағы ең қажетті мамандар. – Бізге жақын арада медициналық жабдықтар жеткізілмек, – дейді жалпы тәжірибе дәрігері Қуаныш Дайыров. – Қазір қолымызда бары сәл ескіріп қалды. Оларды жаңартпақпыз. Көптеген адамдар «ауылдарда медицина дамымаған» дейді. Бірақ, бұл біздің ауыл туралы айтылған сөз емес. Біз ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек көрсетуге дайынбыз. Бізде, тіпті, өзіміздің күндізгі стационарымыз бар.

– Басқа ауылдардағы өмір қандай екенін көріп отырмыз. Біз үшін Қайнардан артығы жоқ. Мұнда қажеттінің барлығы бар. Әр үйге су тартылған. Балаларда білім алу, спортпен шұғылдану мүмкіндігі бар. Жұмыс істейтіндердің де жалақысы жоғары. Алайда, интернетіміз әлсіздеу, бірақ ол мәселе де шешіледі дегенге күмәніміз жоқ, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Сайлау Татымбеков.

– Интернеттің әлсіз болғанының жақсы жағы да бар, – деп қалжыңдайды 35 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы Елена Михайлюк. Айтуынша, кітапхана үлкен сұранысқа ие. Ауыл тұрғындары кітап оқығанды жақсы көреді.

– Бізде барлығы оқиды. Кітаптардың да өз оқылу маусымы бар. Мысалы, жазда бақташылар көп оқиды, ал қыста пеш жағушылар мен механизаторлар көп келеді. Мұнда кез келген оқырман өзіне ұнайтын кітабын таба алады, – дейді мақтанышпен Елена Михайлюк. Қайнар ауылы 64 жыл бұрын құрылған. Өзінің атауын елді мекен осындағы бұлақтардың арқасында алған. Қазір ауыл тұрғындары барлығына көңілдері толатынын айтады. Жақсы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button