Бас тақырып

Жыр тербеген көктемнің нұрлы сәті

Жеңіл әзіл мен арзан эстрада салтанат құрған дәуірде ұлт әдебиетіне қамқорлық керек-ақ. Әсіресе, аймақтардағы жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық қалыптасуына көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе. Кеншілер шаһарында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен екі күн бойы өткен «Қарағанды көктемі» атты халықаралық поэзия фестивалі осындай мақсаттарды көздеді. Ауқымды әдеби-мәдени шара Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы және ақын Асхат Қажытайдың бастамасымен, Алаштың адуынды ақыны Серік Ақсұңқарұлы бастаған әдеби орта қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Иә, Қарағандыға көктем өлең болып келді. Жай емес, дүркіреп келді. Қарт Каспийдің арғы жағы мен Еуропаның төрінен, республикамыздың төрт тарапынан елдің сүйіп оқитын айтулы ақындары мен арда азаматтары арнайы шақырылған.

Фестивальдің алғашқы күні Достық үйіндегі ашылу салтанатында Арқаның алқалы жұрты қонағына ұлттық сусын қымыз бен бауырсағын ұсынды. Төріне жайғастырып, ілтипат көрсетті. Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ат арытып келген қонақтарға облыс жұртшылығы атынан жылы лебізін, ыстық ықыласын бірдірді.

Арқаның дүлдүл әншілері Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркеновтің орындауындағы «Сарыарқа» әні шырқалып, Қасымның «Жас дәурен» әні әуелеп, Жүрсін Ерманның «Қарағанды» өлеңі оқылды. Мадияр Сүлейменов «Сарыжайлау» күйін күмбірлетті. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков кеншілер өңірінің арғы-бергі тарихы туралы тұшымды әңгіме айтып, Туыстас елдерден қонақтардың келуін жақсылыққа балады. Түркия мен Әзірбайжаннан келген Экбер Гошалы, Илмаз Окуклу, Селим Юхай мырзалар сөз сөйлеп, Серік Ақсұңқарұлына, ақын, жазушы Серік Сағынтайға, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен ханымға, Жанат Жаңқашұлына, Эльмира Сайлауқызына Алғыс хат табыстады. Экбер Гошалы әзірбайжан елінің даңқты ақыны болса, Yılmaz Okuklu мырза – қазақ әдебиетінің жанашыры, досы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазіргі қазақ ақындарының өлеңдерін түрік тіліне аударып, кітап қылып шығарып, Түркияның екі қаласында тұсаукесерін ұйымдастырған кең жүректі меценат, кәсіпкер азамат.

– Біздің Қазақ еліне деген құрметіміз бөлек. Бауырлас елдердің әдебиеті мен мәдениеті біте-қайнап, бұрқылдап жатуы керек. Қазақтан небір саңлақ ақын-жазушы шыққан. Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бір жасап қалдық. ҚарЛаг-ты көріп, керемет әсерлендік. Бұл – түркі жұртына ортақ қасіреті. Жалпы, түркі жұрты біріксе, алынбайын қамал жоқ. XXI ғасыр түркі жұртының ғасыры болады, – деді Экбер Гошалы.

Былтырдан бері сол кездегі қала әкімі қазіргі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қолдауымен, ірі сауда үйлеріне қарағандылық ақындардың өлеңі оқылуда. Орталық демалыс саябақ сахнасында ай сайын поэзия кештері өткізіліп келеді. Бүгінде дәстүрлі әншілердің әні Қарағандының сауда үйлерінде шырқалып тұр. Әншілер мен суретшілердің, ақын-жазушылардың өнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде «Қарашада өмір тұр», «Поэзия менімен егіз бе едің?» атты әдеби шаралары өткізілді. Қасым Аманжоловтың 110 жылдығында 110 қайың егілді. Осының бәрі Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының бастамасымен жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн.

Жиынның соңы аймақтардағы әдеби ахуал хақында келелі мәселелер ортаға салынған дөңгелек үстелге жалғасты. Онда қарағандылық ақын Ерқанат Кеңесбекұлы мен керекулік шайыр Серік Елікбай тұшымды баяндама жасады. Шаһизада Әбдікәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова қатарлы ақындар сөз сөйлеп, жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық жетілуін басты назарға алды.

Түстен кейін Түркия мен Әзірбайжаннан және еліміздің түпкір-түпкірінен келген қазақ поэзиясының аға буыны мен жастарына Қарағандыны таныстырып, қасіретті ҚарЛаг саяси-тұтқындар лагерінің мұражайын көрсетіп, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етілді. Ақындардың қаламынан қазақтың қасіретті жылдары туралы жыр күтеміз.

Ал, кешке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүркіреп поэзия кеші өтті. Қазақ һәм түрік жұртының белгілі ақындары арқырап өлең оқып, дүлдүл әншілер әуелете ән шырқады. Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай бастаған ақындар буын-буынмен шығып, түйдек-түйдек жыр оқып, елдің құрмет-қошеметіне, ыстық ықыласына ие болды. Қарағанды университетінің «Жарқын» би ансамблі, «Сарын» фольклорлық ансамблі, «Жас жалын» тобы, әншілер Саян Бөдесов пен Шыңғыс Сәрсенбай да өнерін паш етті.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп, Қарағанды жұртшылығын поэзия көктемімен құттықтап, Ербол Алшынбай, Руза Алдашева, Салтанат Қайырбек, Жоламан Айткен, Әлия Іңкәрбек секілді ақындарды Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Өлең оқыды. «Қарағанды – қара өлеңнің қағбасы» деген сөзді қонақ ақындар бірнеше рет тілге тиек етті. Бұл – ортақ абырой, мойнымызға жүктелген жауапкершілік.

Екінші күні Қарағандыдағы «Қасым үйіне» экскурсия жасалып, жас ақындарды екі секцияға бөліп, аға буын оларға дәріс оқып, өлеңдерімен танысып, арасынан жырларының бәсі биік деген екі ақын таңдалды. Олар – Абзал Мақаш пен Роза Аспанқызы. Алдағы уақытта ҚарУ-дың ректоры, меценат Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен таңдалған екі ақынның кітабы жарыққа шығады.

– Ауқымды шараның өтуіне қолдау көрсеткен қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен ханым мен Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Баян Сейітбекқызына зор алғыс айтамыз. Идеяларымыз толық жүзеге асты. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Тіпті, жас ақындардың арасынан екі үздігін анықтау қиынға түсті. Айтулы ақын Шаһизада Әбдікәрімов жас ақындардың антологиясын шығаратын болды. 2019 жылы жас ақындардың форумын өткізген едік. Мұнымен де тоқтамаймыз, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

Арқаға ат басын тіреген қонақтарға «Қасым» журналы, өздерінің өлеңдері топтастырылған «Орталық Қазақстан» газеті мен арнайы диск және есімдері жазылған ұлттық шапан сыйға тартылды. Осындай ізгі шаралар ұтымды ұйымдастырылса, тәптәуір нәтиже шығаруға болатынына тағы бір мәрте көз жетті.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button