Бас тақырып

Жол жағдайы жақсарады

Автомобиль жолдарының сапасы – аймақтың техникалық, эстетикалық және басқа да көрсеткіштерінің дәлелі іспетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айырықша мән берген болатын. Сәйкесінше, бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отырғанын сынға алып, 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуға тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес, биыл облыс орталығында 128 шақырымнан астам жол жөнделіп, қайта қалыпқа келтіріледі деп күтілуде. Әлбетте, бұл Президент көрсеткен 95 пайызға жетпегенімен, жоспар орындалса, жол төсемін жақсарту 79 пайызға көтеріледі деп күтілуде.

Суретті түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде Қарағанды қаласындағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 923 шақырым болса, оның 667-і асфальтбетонмен қапталған. Өткен жылғы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде автомобиль жолдарының жағдайы 64,4%-ға жақсарған. Бұл көрсеткіш биыл да жоғарылай бермек.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапановтың мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында биыл 127 учаске жөнделмек. Бұған кіретіні – орташа жөнделетін 114 шақырым жол, құрылысы салынатын және қайта құру жұмыстары жүргізілетін 7 шақырым жол, жол төсеміне күрделі жөндеу жүргізілетін 9 шақырым жол кіреді.

– Биыл Волочаевск көшесі мен Б.Момышұлы арасындағы кварталаралық көшелер (1-кезең), Бөкетов көшесінің автожолы – Мұқановтан Үштөбе автожолына дейінгі учаске, оның ішінде Приканальная көшесінен Б.Момышұлына дейінгі учаскені салу жоспарланған. Ал, Ғарышкерлер көшесіндегі автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасады, – деді Рүстем Қожақапанов.

Жалпы, облыс орталығында жалпы ауданы 644 000 шаршы метр автомобиль жолдары кепілді қызмет көрсетуде. Ал, көктем шыққалы 20 учаскедегі 21 300 шаршы метр жолда ақаулар анықталған. Атап айтқанда 923 шақырым жолдың 3,31 пайызы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Рүстем Мақсатұлы мердігер ұйымдар ақауларды жою жұмыстарын мамырдың соңына дейін бітіретінін айтады.

– Пичугин көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Теміржол вокзалынан бастап Терешкова көшесіне дейін 7-ші магистральға шығатын учаске қамтылады. Четская көшесі де жөнделеді. Орташа жөндеумен Михайловка, Үлкен Михайловка, Кирзавод-3-4, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау және Күнгейдің жеке секторы қамтылады. Сондай-ақ, Ермеков, Гоголь, Абай көшелеріндегі және Назарбаев, Бұқар жырау, Сейфуллин, Шахтерлер даңғылдарындағы және 49-маршрут бағыты бойынша негізгі автожолдар жөнделеді, – деді Рүстем Қожақапанов.

Пайдаланылатын материалдардың сапасын бақылауды Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертханасы жүзеге асырады. Одан бөлек, қаланың көше-жол желісін дамыту мақсатында 6 жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, ал, 4 жоба сараптамадан өтуде.

– Алдағы жылдары қалада алты маңыз­ды жоба іске асырылады. Бұл – Мұқанов көшесінен Майқұдыққа дейінгі, Университет көшесіндегі жолдарда – Мұқанов­тан Гапеевке дейін Алматы тас жолына шығатын жолдардың құрылысы, Күнгейдегі және Приканальная көшесіндегі жолдардың құрылысы. Бұдан басқа, Үлкен Михайловка станциясындағы темір жол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін салуға және 35-ші маршруттағы автожолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – деді Рүстем Қожақапанов.

Одан бөлек, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамамен 100 000 шаршы метр шұңқырды жоя отырып, үш жылдық жөндеу жұмыстары көзделген. Жолдан бөлек, Рүстем Мақсатұлы сыртқы жарықтандыру желісінің тіректерін орнату жұмыстары жалғасатынын да айтты. Яғни, өткен жылы 250 тірек орнатылса, биыл 1000 жарықтандыру тірегін орнату жоспарланған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button