Жол қауіпсіздігі – маңызды қажеттілік
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Жезқазған-Сәтбаев жолы учаскесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған учаскедегі жөндеу жұмыстарын 2020 жылғы қазанда толығымен аяқтау жоспарлануда. Алайда, аймақ басшысы қазірден бастап көлік жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Қыркүйек айына қарай, мүмкін болған бетте, жолды бөлетін белгілер мен жолақтар орнатыңыздар. Жаз айлары басталғаннан бері осы бөлікте көптеген жол-көлік апаттары орын алуда. Өкінішке орай, адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғалары да бар. Бұл жол – «ажал жолына» айналып барады. Жағдайды дереу түзеу керек, – деді Ерлан Жақанұлы.
Мердігерлер болса, облыс әкімінің тапсырмасын қысқа мерзімде орындауға уәде берді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде 20 адам және 19 бірлік техника, соның ішінде, каток, автогрейдерлер, асфальт төсегіштер жұмыс жасауда. Осы жылдың соңына дейін мердігер компания жол төсемін асфальтбетонмен тегістеп, жол жабынын жайластыру және жол жиегін 10 сантиметр қиыршықтас қабатымен нығайтуы керек. Келесі жылы жоспар бойынша Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының арасында қырлы тас төселген жайлы аялдама павильоны, жиек тастар, тас жол бойында металл қоршаулар мен жарық беру шамдары пайда болады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.