Құрылтай – жаңа дәуірдің бастауы
Ғасырлар бойы халқымыз ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдаса отырып шешкен. Хан көтеру де, жер тағдырын айқындау да, ел бірлігін сақтау да Құрылтайдан бастау алған. Сондықтан, Құрылтай – қазақтың саяси мәдениетінің, елдік санасының және ортақ жауапкершілігінің жарқын көрінісі.

Бүгін еліміз жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Геосаяси ахуал құбылып, технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Мұндай уақытта мемлекет те заман талабына бейімделіп, басқару жүйесін үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Өйткені, уақыттан ұтылған ел мүмкіндіктен де ұтылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тұрақты дамудың басты кепілі – халықтың пікіріне сүйенетін, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесі. Дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік мемлекеттік институттарды жаңғыртып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту арқылы өркендеп келеді.
Қазақта «Халық айтса, қалып айтпайды» деген қанатты сөз бар. Демек, мемлекет қабылдайтын әр шешімнің түп-төркіні халықтың сұранысымен сабақтас болуы тиіс. Жаңа Құрылтайдың басты мақсаты да – осы. Ол билік пен халықтың арасындағы байланысты бұрынғыдан да жақындатып, ел азаматтарының үні естілетін жаңа қоғамдық алаң қалыптастыруға бағытталған.
Көпшілікті «Жаңа Құрылтай қарапайым халыққа не береді?» деген заңды сұрақ толғандырады.
Ең алдымен, халықтың ұсыныстары мен бастамалары заң шығару үдерісіне тікелей ықпал ете бастайды. Азаматтардың үнін еститін мемлекет қағидаты нақты мазмұнға ие болады. Қоғамдық бақылау күшейіп, депутаттардың қызметі ашық әрі әділ бағаланбақ. Заң жобаларын талқылау мен қабылдау үдерісі заман талабына сай жеделдеп, цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналады. Ең маңыздысы – әр депутаттың халық алдындағы жеке жауапкершілігі артады. Бұл өз кезегінде қоғамның нақты сұранысына жауап беретін, өмір сапасын жақсартуға бағытталған заңдардың қабылдануына жол ашады.
Демек, бұл өзгерістер – ауылдағы мұғалімнің сапалы білім беруін, дәрігердің алаңсыз еңбек етуін, кәсіпкердің ісін кеңейтуін, студенттің болашағы мен зейнеткердің әлеуметтік қорғалуын одан әрі сапалы болуына тікелей әсер ететін нақты тетік.
Жаңарған Конституция да осы өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырады. Конституция – мемлекеттің Ата Заңы әрі елдің даму бағытын айқындайтын басты құндылық. Оның басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау, әділдікті орнықтыру және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті күшейту. Яғни, Жаңа Конституция – жаңа қоғамдық сананың, жаңа өмір салтының және жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
Қазір әлемнің көптеген мемлекеттері басқару құрылымын оңтайландырып, шешім қабылдау тетіктерін барынша тиімді етуге ұмтылуда. Осындай тәжірибелердің ішінде бір палаталы Парламент үлгісі де өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Мұндай жүйеде заң шығару үдерісі жеңілдеп, шешім қабылдау мерзімі қысқарады, жауапкершілік нақты айқындалады. Ең бастысы – халықтың аманатын арқалаған депутаттардың әрқайсысының қызметі қоғам назарында болады. Бұл ашықтықты күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақ халқы «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Оң нәтижелі реформалардың барлығы халықтың қолдауымен ғана жүзеге асады. Сол себіпті, Құрылтайдың басты миссиясы – ел ішіндегі сенімді нығайту, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту.
Бүгінгі әлемде мемлекеттің қуаты табиғи байлығымен немесе әскери әлеуетімен ғана өлшенбейді. Оның ең үлкен капиталы – азаматтарының мемлекетке деген сенімі. Сенім бар жерде тұрақтылық болады, даму мен жаңару қатар жүреді. Ал, сенім диалогтан, ашықтықтан және әділ шешімдерден қалыптасады.
Құрылтайдың рухани мәні де ерекше. Ол халқымыздың тарихи жады мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, қоғамның бірлігін бекемдейді. Бұл –ата-баба аманатын заманауи талаптармен ұштастыра отырып, болашаққа сенімді қадам жасау. Ұлттық дәстүр мен озық әлемдік тәжірибенің үйлесуі ғана елді өркениетті даму жолына бастайды.
«Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығы әр азаматтың жауапкершілігін айқындайды. Сол сияқты мемлекеттің болашағы да әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыздан басталады. Ертең қандай заң қабылданады, қандай бағыт таңдаймыз, қандай қоғам қалыптастырамыз – мұның бәрі бүгінгі белсенділігімізге байланысты.
«Келер күннің кілті – бүгінгі әрекетте». Елдің ертеңі ешқашан өздігінен жарқын болмайды. Оны жарқын ететін – халықтың саналы таңдауы, бірлігі және ортақ іске деген адалдығы. Сондықтан, жаңа Құрылтай – қоғамдық сананың жаңаруына, ұлттық рухтың көтерілуіне және Қазақстанның жаңа дәуірге нық қадам басуына жол ашатын маңызды тарихи кезең.
Ендеше, ел ертеңіне бей-жай қарамайтын әрқайсымыз Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек!
Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

