Жер – қатаң бақылауда

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде егістікке жарамды, сонымен бірге, суармалы игерілмеген жерлерді инспекциялық бақылау қызметтерінің тиімділігі мен нәтижелілігі туралы сөз етілді.

Аталған мәселеге қатысты Қарағанды облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Саяш Ахметов баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік бақылаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың, жеке, заңды және лауазымды тұлғалардың ҚР Жер туралы заңнамасын ұстануын қамтамасыз ету болып табылады. Жер балансының мәліметі бойынша, облыстағы егістікке жарамды жер аумағы – 1 млн. 404 мың гектарды құрайды. Соның ішінде игерілмеген аумақ – 303 мың гектарға, яғни, 22 пайызға тең. 1991 жылмен салыстырғанда егістік алқабы екі есейге азайды.

2012-2014 жылдардағы жерді түгендеу қорытындысы бойынша, егістікке жарамды 213,9 мың гектар жердің игерілмегені анықталды. 2015-2016 жылдары аудан әкімдіктері басқармамен бірге аталған жер көлемдерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге қатысты тиісті шаралар атқарды. Бүгінгі күні 145 мың гектар жер қолданысқа енгізіліп, 21,2 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының (астық және бұршақ) егіс алқабы 747,5 мың гектарды құрап, алдыңғы жылмен (2015 жылы – 682,8 мың гектар) салыстырғанда 9,5 пайызға артты.

Әкімшілік шараларға тоқталатын болсақ, тексерістер жергілікті атқарушы органдардың және өзге де органдардың жүгінісі негізінде, Кәсіпкерлік Кодекс негізінде жүзеге асырылады. Өткен жылы басқармаға 15 өтініш келіп түссе, биыл 188 өтініштің келіп түскені тіркелді. 2015 жылы басқарма 218,5 мың гектар жерді, соның ішінде егістікке жарамды 20,6 мың гектар жерді пайдаланбай отырған 122 ауыл шаруашылығы субьектісіне шара қолданды. 2833,7 мың теңге көлемінде айыппұл өндіріліп алынды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.