Жаңалықтар

Жер астындағы қанатсыз періштелер

Жер астында да періштелер бар. Тек олардың қанаты жоқ. Қанаты – кеудесіндегі жұп-жұмыр жүрегі. Қарапайым адамға беймәлім жер астының тастүнегінде әлгі қуатты жүрек от боп жол бастайды, жылытады. Олар – мыңдаған метр тереңдікте көмір қазып жүрген шахтерлердің періштелері. Кеншілер күні қарсаңында біз шахтадағы құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын «Көмір» әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі жөнінде айтпақпыз.

Шахтерлер
«Көмір» әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің құтқарушылары

Бұл қызмет қашан және қалай пайда болды?

Жылуға мұқтаж адамзат бір кезеңде көмір үшін һәм өмір үшін алып жердің тас қараңғы, сұп-суық құшағына сүңгіді. Бірақ, бұрын-соңды тереңіне ешкімді бойлатпаған Жер-Ана тіршілік деп тыраштанған адам баласын жатсынды. Қара алтынды тастүнекте майшаммен іздеген мыңдаған кеншіні ажал құшты. Тарихтан бірер дерек келтірелік.

Көмір өндірісі қарқын алған Англияның «Джеймс» деп аталатын шахтасында 1866 жылы апат болып, 361 кенші қаза тапты. Ал, Франциядағы «Куръер» шахтасында 1906 жылы 1230 адамның өмірі қиылды. Трагедиялар алға ілгерілеген елдерді алаңдатпай қоймады. Озық ойлылар қайғылы жағдайлардан ащы сабақ алды. Алғашқы құтқарушы, тау-кен инженері Георгий Соболев бұл турасында өз естелігінде жазды. «Қайғылы оқиғалардан кейін Франция, Англия, Германия елдері шахтадағы кеншінің өкпесін, тыныс алу жолдарын қорғайтын құрылғыларды ойлап табуға кірісті. Жарылыстардың да алдын алу жағын қарастыра бастады» деп жазды тау-кен инженері. Осы кезеңде шахталардағы құтқару жұмыстарына мамандандырылған құтқарушылар штабтары да құрыла бастады. Қарағандыда бұл қызметтің іргесі 1932 жылы қаланған. Алғашқы құтқарушылар – Малениковтер әулетінен шыққан Степан мен Федор есімді азаматтар еді. Содан бері осы мамандықтың қадірі әсте төмендеген емес. Өмір мен өлімнің шекарасында тұрып, Жаратқанына жалбарынған кеншілерге құдіретті күш өз жәрдемін осы қанаты кеудесіне жүрек болып біткен құтқарушылар арқылы жеткізеді.

 

Кенді өңірдің батырлары

Кәсіби әскерилендірілген ава­­риялық-құтқару қызметінің облыстық филиалында қазір 300-ден астам құтқарушы қызмет етеді. Барлығы да қажетті құрылғылармен, арнайы киіммен жабдықталған. Апат болған аумақта барлау жүргізетін және зардап шеккен кеншіні жер үстіне алып шығатын техникалары бар. Штаб жыл сайын құтқарушылардың біліктілігін арттыру үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Оқу-жаттығудан бөлек, өңірдегі шахталардың дәл іргесінде жасақталған бөлімшелердің мамандары арасында облыстық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Лаулаған өртті сөндіреді, қою түтінді туннельден жарақат алған адамды алып өтеді, құбыр­лардың ішімен жер бауырлайды, от алмайтын зілдей киіммен А нүктесінен Б нүктесіне дейін жүгіреді. Тәжірибені шыңдауға қажетті полигондары Қарағандыдағы Ермеков көшесінің бойында орналасқан. Филиалда бөлімдер бар. Біріншісі – реанимация. Мұнда жарақат алған шахтерлерге ме­дициналық көмек көрсетіледі. Екіншісінде – авариялық-құтқаруға арналған құрылғылармен жаб­­дықталған техникалар.

Филиалдың құтқарушылары Қарағанды шахталарынан шық­қан апаттардың бәрінде ерлік көрсеткен. Мысалы, 2004 жылы «Шахтинская» шахтасында бол­ған жарылыста дәл осы құтқарушылар ерліктің озық үлгісін көрсеткен. Құтқару шараларына жұмылдырылған бөлім командирлерінің сол кезде берген жазбаша есептерін мұрағаттан таптық. Есепте түрлі деңгейде күйік алған, жарақаттанған он шақты адам жер бетіне шығарылғаны және 17 кеншінің мәйіті табылғаны жазылған. Командирлердің жазбасында апат салдары ауыр болғаны айтылған. Қаза тапқан шахтерлердің мәйітін жоғарыға көтерудің өзі қиынға соққан.

Шахтерлер

2008 жылы «Абай» шахтасындағы жарылыста кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қыз­метінің мамандары адамдарды эвакуациялаған.

Облыстағы шахталарда кейінгі он жылда апат көп болды. Тізе берсеңіз, оты басылып, шоққа айналған бір кесек көмірді кеудеге тастай салғандай күй кешесіз. Өткен кезеңге көз тастасаңыз, тарихтың қара жамылған беттерінде хаттаулы. Өзгенің өмірін құтқарамын деп өзі ажал құшқандар да аз емес. 1934 жылдан бері қарай облысымызда 51 құтқарушы қызмет барысында қаза тапқан.

2020-2022 жылдар аралығында қарағандылық құтқарушылар шахталардағы апат кезінде 494 кеншінің өмірін сақтап қалған. Бейбіт күннің батырларына айналған ерлерге құрмет.

Осы мақаланың жазылу кезінде Кәсіби әскерилендірілген ава­риялық-құтқару қызметінің ма­мандары «Қазақстан» шахта­сында 17 тамызда басталған өртпен алысып жатты. Құтқарушылар тайлы тұяғымен апат орнында күшейтілген режимде 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс атқаруда.

Кеншілер күнінде қанаты кеу­десіне жүрек болып біткен осы құтқарушыларға да бас иіп, алғыс айтамыз!

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button