Басты тақырып

Жеңілдік алу шарты түсіндірілді

2020 жылдың 1 қыркүйегінен 1-2 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Материалдық жағдай есепке алынбайтын бұл үрдіске алдағы жылдары 3 және 4 сыныптар да қосылады. Ал, табысы жалпы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке ие болуы үшін еңбекке қабілетті мүшелерінің барлығы жұмыс істеуі тиіс. Осындай маңызды мәселелерді түсіндіру мақсатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ Достық үйінде көпбалалы аналармен кездесті. Ол осындай жиындар алдағы уақытта облыстың өзге өңірлерінде де өткізілетінін жеткізді.

 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова 2020 жылдан аз қамтылған отбасы балалары мемлекеттік әлеуметтік пакет алатынын мәлімдеді. Оған сабын, балалар кремі, тіс пастасы, щетка, сусабын және кір жуатын ұнтақ сияқты жеке гигиена құралдары кіреді. Бұл көмек тоқсан сайын берілсе, азық-түлік жиынтығындағы пастерленген сүт, макарон, сұлы үлпектері, күнбағыс майы, таңғы асқа арналған жүгері жастықшалары, балалар печеньесі, жармалар, бал және гематоген – ай сайын қолжетімді.

Жалпы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша, 12 852 адамға шартсыз ақшалай көмек берілсе, 1146 адамға шартты түрде көмек көрсетіліпті. Онымен қоса, жаңа форматтағы әлеуметтік көмекке облыс бойынша 13 307 көп балалы отбасы ілігіп, 180 адамға несие берілген. Оның 47-сі көпбалалы аналар.

 Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға материалдық жағдайына қарамастан, ай сайын берілетін жәрдемақы да бар. Оның мөлшері бала санына байланысты өзгеріп отырады. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алу жүйесі – өзгеріссіз. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы 20 199 теңге болуы керек.

Айта кету керек, АӘК аламын деп, жұмысқа қабілетті бола тұра, жұмыстан бас тартып, қарап отыруға тағы болмайды. Мемлекет тарапынан жасалатын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғандар ғана көмек алуға құқылы. Материалдық жағдайды анықтайтын комиссияның жұмыс мерзімі – бұрын 3 күн болса, қазір ол 7 күнге ұзартылған. Кездесуге келген аналардың көкейіндегі сұрақтарының көпшілігі – баспана мәселесі. Пәтерден пәтерге сабылған аналардың өтініші – «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша берілетін көмек көлемін 10 миллионнан 15 миллионға дейін көбейту. Себебі, жыл сайын қымбаттаған пәтер бағасы аталған сомаға баспаналы болуға мүмкіндік бермейді.

– Баспанамыз болмағандықтан, қатты қиналып кеттік. АӘК жаңа үлгісі бойынша қайта құжат тапсырдық. Кірісіміз асып кетсе, ала алмай қалуымыз да мүмкін. Жолдасым мектепте уақытша пеш жағады. Ал, жазда жалданып жұмыс істейді. Өзім бала күтіміне байланысты еңбек демалысындамын, – дейді Қарқаралы ауданы, Бүркітті ауылынан келген 6 баланың анасы Айгүл Айнабекова.

– Сұрақтарыңыз бен өтініштеріңізді жергілікті деңгейде шешу мүмкін болмаса, біз оны Үкіметке жібереміз. Мысалы, өткен кездесу кезінде көпбалалы ананың бірі алған тұрғын үй сертификатын оған табыс ретінде есептейтінін және соның салдарынан ол АӘК ала алмайтынын айтты. Біз бұл мәселені министрлікке жібердік, ұсыныстар енгіздік. Министрлік оларды қолдап, көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізу туралы жобаны іске қосты. Жақында бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын, – деді Абзал Нүкенов.

Облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, мемлекет есебінен мектеп те қарап қалмайды. Жағдайы төмен отбасы балаларына оқу құралдары мен мектеп киімі – тегін. Кепілді көмек пакетінің қаржылық және материалдық көмегі көп мәселені көздейді. Мәселен, тамақтандыру, қаржылай көмек көрсету, балалардың мәдени-бұқаралық және спорттық шараларға қатысуы да осыған кіреді.

Сондай-ақ, Есенғазы Нұртөлеуұлы білім басқармасының 8 (7212) 41-13-19 номеріне қоңырау шалып, кез келген ақпаратты алуға болатынын да жеткізді. Ал, басқарманың сайты арқылы онлайн режимінде басшыларға тікелей сұрақ қойып, бір сағат ішінде нақты жауап алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button