Көкпектіде республикалық КВН фестивалі өтті
Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылдық Мәдениет үйінде аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогіне арналған республикалық КВН (Көңілді-тапқырлар клубы) “Жайдарман” фестивалі өтті.

Бұл фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен 11 команда қатысып, көрермендер алдында өз өнерлерін ортаға салды. Әр өңірден келген жастар түрлі инсценировкаларда әзіл-қалжың мен тапқыр ойындар көрсету арқылы зал толы көпшілікке көңілді күй сыйлады.

Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған республикалық “Жайдарман” фестивалінің қорытындысы бойынша Бұқар жырау ауданы әкімінің кубогі мен 200 мың теңгенің ақша сертификатын Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің “Тіфә-тіфә” құрама командасы жеңіп алып, Бас жүлдені иеленді.

Бірінші орын мен 150 мың теңгенің ақша сертификаты Қарағанды қаласы 5451 әскери бөлімінің “Ұлттық ұлан” құрамасына бұйырса, екі екінші орын мен 100 мың теңгенің ақша сертификатын Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды полиция академиясының “Ішкі істер құрамасы” мен Қарағанды қаласының “Медиа” еркін құрама командалары еншілеп, үшінші орын мен 50 мың теңгенің ақша сертификаты Алматы қаласындағы “SDU” университетінің “Санат” құрама командасына табысталды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы



