Қарағанды облысы Словакия Республикасымен өзара тиімді әріптестікті нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесімен экономика, кәсіпкерлік және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылып, жаңа бірлескен жобаларды іске асырудың басым бағыттары айқындалды.

Қарағанды облысының делегациясы өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың жетекшілігімен Словакия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар саласындағы бизнес өкілдері болды.

Сапар аясында қазақстандық-словакиялық бизнес-форум өтіп, тараптар инвестициялық мүмкіндіктерді, өнеркәсіптік кооперацияны және іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.
Делегация Банска-Быстрица өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының және Словакия Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында кәсіпкерлікті қолдау, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласындағы байланыстарды кеңейту және өңірлердің тұрақты дамуы мәселелері қаралды.

Жұмыс сапарының маңызды нәтижелерінің бірі – Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Құжат екі өңір арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Быстрица өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

Білім беру саласында да маңызды қадам жасалды. Матей Бела университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті академиялық алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер және білім беру жобаларын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.
Сапар барысында Қарағанды облысының делегациясы электроника, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Кездесулер қорытындысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.
Сонымен қатар қазақстандық «АлемГаз» компаниясымен серіктестік орнатқан Adrian Group компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Делегация мүшелері жекеменшік индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы словакиялық тәжірибені зерделеді.
– Біз Словакияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде бағалаймыз. Қол қойылған келісімдер экономика, білім беру және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жобалар арқылы жүзеге асып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізіне айналады деп сенемін, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



