Қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Қайрат Кемаловқа арналған ескерткіш тақта ашылды
Биыл қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық академиялық қазақ драма театрының талантты актері Қайрат Кемаловтың дүниеден озғанына бір жыл толды. Осыған орай өнер иесінің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, жарқын бейнесін ұлықтауға арналған тағылымды шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова және мәдениет және өнер саласының өкілдері, әріптестері мен шәкірттері қатысып, сахна саңлағы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, Қайрат Кемаловтың өнердегі және өмірдегі болмысына тоқталды.

– Бүгінгі тағылымды шара – Қайрат ағамыздың саналы ғұмырында атқарған еңбегіне, өнер жолындағы өлшеусіз қызметіне көрсетілген зор құрмет пен тағзым. Мен үшін Қайрат Кемалов өнер әлемінің есігін ашқан тұлға, өмірлік ұстазым болды. Мектепте 10-сыныпта оқып жүрген кезімде алғаш рет Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры сахнасында көріп, ерекше әсер алдым. Кейін 11-сыныпта жүргенімде ағамызбен жақын араласа бастадым. Мектебімізге арнайы шақырып, «Мектепте өсіп келе жатқан буынға тәлім-тәрбие берсеңіз» деп жастармен кездесулер ұйымдастырдық. Сол сәттерден бастап екі жыл бойы тәлімін алып, жанында жүру бақыты бұйырды. Уақыт зымырап өтсе де, Қайрат ағамыздың жарқын бейнесі, адамгершілік қасиеті мен өнерге адалдығы жүрегімізде сақталып қалды. Артында өшпес із, мол рухани мұра қалдырды. Оның сахнада сомдаған бейнелері мен шығармашылық жолы әлі талай буын өнерпазға өнеге болып, рухани азық беретініне сенемін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деді Әлібек Үсенұлы.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



