Жеңілдетілген несие — шынайы жеңілдік

Мемлекет ұсынып отырған жеңілдетілген несие арқылы өз шаруашылығын бастаған адамдар көп. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген тұрғындар үшін шағын несие кәсіптің кез келген түрімен айналысып кетуге, оның ішінде, мал шаруашылығын қолға алуға үлкен көмек. Биыл облыс бойынша 960 адам шағын несие алған. Ол үшін 4 млн. 767 мың теңге бөлінген.

Игілікті істен шет қалмағандардың бірі – Ұлытау ауданының тұрғыны Гүлден Серік.

 – Мен негізі, үй шарушылығындамын. Жастарға қолдау көрсетіп жатыр дегеннен кейін, «Бастау бизнес» бойынша оқып шықтым. Кейін несие алуға ниеттеніп, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына құжат жинап тапсырдым, – дейді ол.

Нәтижесінде 4 млн. теңгеге қол жеткізген ол ірі қара сатып алып, өмірлік серігі екеуі мал шаруашылығымен айналысуда. Гүлденнің айтуынша, қазір мал басын көбейтуді көздеп отырған көрінеді. Ұлытау ауданы бойынша Гүлден сияқты несие алғандар баршылық.

– Қазан айының басындағы мәлімет бойынша 81 адам шағын несие алды. Оған 343 млн. 510 мың теңге бөлінді. Осы ай бойы өтініш бергендер бар. Сондықтан, келесі айда бұл көрсеткіш артады деп ойлаймын, – дейді Ұлытау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Баянқұл Аманжолов.

Орталық директоры несиені беру туралы шешімді қабылдау және қаржыландыру ауыл шарушылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жүзеге асырылатынын тілге тиек етті.

Бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталықтарының ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен байланысы берік екенін айта кеткен орынды. Себебі, аталмыш қор халықты жұмыспен қамту орталықтарынан жолдамамен келген әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп, несие беруге мүдделі.

– Қолында кәсіпкерлік негіздерін оқығандығы туралы сертификаты бар, несие тарихы таза, кепілге қоятын мүлкі бар кез келген азамат несие рәсімдей алады. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы да болуы тиіс. Қор беретін барлық несиелер мақсатты түрде жұмсалады. Сондықтан, оларға бақылау жасалады. Несие алғандар 90 күннің ішінде қаражатты қайда жұмсағандығы туралы құжаттарын көрсетуі керек. Олай болмаған жағдайда 10 пайыз шамасында айыппұл салынады, – дейді ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Қарағанды облысы бойынша филиалының несие бөлімі басшысы Азамат Оспанов.

Қор ауыл шаруашылығы бағытында 6,5 жылға 4 млн. теңгеге дейін несие бере алады. Кез келген түлікті сатып алып, оны өсірумен айналысуға болады. Оның үстіне, алғашқы уақытта берілетін 2 жыл демалыс мерзімі шаруашылықтарға аяққа тұрып кетуге қолайлы. Ал, басқа бағыттағы кәсіпкерлік үшін «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында 6 млн. теңгеге дейін несие беріледі. 5 жылға рәсімделетін несиені жылына екі рет төлеп отырады.

Азамат Батырбекұлының айтуынша, облыс бойынша биылғы жылға бөлінген 2 млрд. 494 мың теңге қыркүйек айында игерілген. Оған 724 адам қаржыландырылды.

– Бұдан бөлек, кейін түскен 1 млрд. 900 млн. теңге көлеміндегі қаражат та игерілуде. 180 млн. теңгеге 51 адам несие алды. Тағы 500 млн. теңге мөлшеріндегі несие қарастырылуда. Осы соманың 400 млн. теңгесі шағын қалалардың тұрғындары үшін жоспарланған. Ондағы тұрғындар 16 млн. теңгеге дейін несие рәсімдей алады, – дейді ол.

Қандай бағытта болса да, бұл өз кәсібін бастаушыларға үлкен қолдау. Әуелгі мақсаты анық болғаннан кейін жұмыс та жүйелі жүреді. Негізінен бұл бағдарлама бойынша несиені шағын қалалардың тұрғындары алады екен.

Биылдан бастап аталмыш қор ауылдардан бөлек шағын қалаларда да несие береді. 16 млн. теңгеге дейін несие алу үшін жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына бару керек.

Жансая ОМАРБЕК