Жазықсыз құрбандарға – құрмет

  Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Спасск мемориалдық кешенінде өткен митинг-реквиемге қатысып, қаралы жұртпен бірге саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті.

Иә, 31 мамыр – Қазақстан халқы үшін қаралы күн. Аталған дата ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленгелі биыл 20 жыл болыпты. Содан бері дәл осы күні Спасск мемориалдық кешеніне қарағандылықтар ғана емес, зұлмат жылдары ата-әжелері ҚарЛаг-та қаза тапқан шетелдіктер де келіп, аза тұтады. Кәрі тарихтың айтуынша бұл жерде 1930-1940 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 27 ұлт өкілінің жаны жай тапқан. Бәлкім, одан да көп. Мыңдаған адамның мүрдесі осында жатыр. Қазір мұнда әр мемлекеттен қойылған ескерткіштер саны – 30-ға жуық. Қарағанды-Алматы тас жолы бойының сол жақ қапталындағы қорымның Спасск мемориалдық кешені аталуының себебі сондықтан.

Елдігіміздің бір белгісі – осы Спасскідегі қаралы жиын десе де болғандай. Мұнда аймақ басшысы Ерлан Қошановпен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, сондай-ақ, Венгрия мен Литва елдерінің Төтенше және Өкілетті Елшілері Андраш Барани мен Витаутас Наудужас, Қазақстан Республикасындағы Польшаның Уақытша Сенімді Өкілі Анджей Скшидло және Жапония, Румыния, Латвия елдері Елшіліктерінің өкілдері қатысты. Әуелі облыс әкімі бастап Қазақстан қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің басына гүл шоқтарын қойған соң, бір минут үнсіздік жарияланып, аруақтарға тағзым етілді. Іле-шала мемлекеттік Әнұранымыз айтылып, митинг ашылды. Алғашқы сөзді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлына ұштады. Аштық, репрессия жылдарындағы адам төзгісіз ауыртпалықтар мен ұлт басына төнген қасіретті тілге тиек еткен ол:

Құрметті жерлестер, құрметті қонақтар! Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, солардың рухына тағзым ету үшін осы жерге жиналып отырмыз. Біздің халқымызда «өлі разы болмай, тірі жарымайды» деген аталы сөз бар. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жазықсыз жандарды өлімге байлаған сол зұлматты жылдарды ешкім ұмытқан жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, ХХ ғасырда халқымыз жойыла жаздап, ұлтымызға адам айтса, нанғысыз демографиялық соққы жасалды. Қасіретті ҚарЛаг-тың қанды беттеріне көзге жас алмай қарау бүгінде мүмкін емес. Миллионнан астам адам қынадай қырылды. Кеңестік империяның түпкір-түпкірінен жер аударылған мыңдаған өзге ұлт өкілдері де азап шекті, ажал құшты. Ең сорақысы, ұлт санасының кілті болған арыстарымызды қамап, әр сала бойынша мықты деген азаматтардың көзін құртты. Тарихшылардың айтуынша, сол зобалаң жылдар халқымыздың өсіп-жетілуін бір ғасырға тежеді. Арыстарымыздан айрылу арқылы біз алтын ғасырымызды жоғалттық. Содан бері, міне, бір ғасыр өтсе де, жарасы жазылар емес. Ол жара біздің жүрегіміз бен ділімізде. Сондықтан, жазықсық құрбан болғандардың алдында ғұмыр бойы бас иеміз, – деді.

Репрессия жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазасын «Кеңгір» лагерінде өтеген Иван Карпинскидің естелік сөзі де өте нанымды шықты. Шекара асып, жер ауып келген ол «жанашырлық пен мейірбандықты қазақ халқынан көрдік. Сол үшін мен қазақ халқына алғысым шексіз. Лагерде аштан бұратылып жатқан бізді күзетшілерге таспен атқылағандай көрініп, құрт лақтырып аман алып қалғанын екі дүниеде ұмыта алмаймын. Қазақстан – менің екінші Отаным» деп ағынан жарылды. Бұдан кейін жастардың атынан сөйлеген Арман Жазыбековтің де сөзі жүрекке жетіп, жігерді жаныды.

Қуғын-сүргін құрбандарының рухын Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа құран аятымен нұрландырды. Сонымен қатар, еліміздегі өзге дін өкілдері де өз сенімдеріне байланысты жоралғыларын жасады.

1930-1940-шы жылдары қырылған қазақтардың санында есеп жоқ десе болады. Кеңес үкіметі кезінде отарлаушы елдің көзімен жазылып келген тарихымыздың ақтаңдақ беттері енді ашылып келеді. Тәуелсіздік жылдарына дейін ашаршылық, нәубет жылдары 2 жарым миллиондай қазақ қырылды деп көрсетіліп келсе, төл тарихымызды қазір тәуелсіз көзқараспен жаңаша бағамдап жазушылар 30-40 жылдары 8 миллион қазақтың 4 жарым, 5 миллиондайы қырылып қалғанын дәлелдеп отыр. Тірі қалғандарының тең жартысы шетел асып кеткенін ескерсек, аталған жылдары Қазақстанда небары 1 миллиондай ғана қазақ қалса керек. Әйтеуір, «аққа – Құдай жақ». Аман қалған азғантай қазақтан өсіп-өнген бүгінгі ұрпақ ел болып, тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етіп отыр. Құдайға мың мәрте шүкіршілік делік.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.