Руханият

Жазиралы Жамшының тойы

Ақтоғай ауданындағы Нұркен ауылының құрылғанына – 50 жыл толуынаорай, ауыл халқы бірігіп, ұланасыр той жасады. Той аясында жұртшылық көп шоғырланатын аумақтар абаттандырылып, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Әуел баста Жамшы атанған жазиралы мекеннің саябағында киіз үйлер тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жиылған жұрт ұлттық ойындардан сайысқа түсті.

Суреттер шараны ұйымдастырушылардан

Бір айта кетері, мерекелік шараны ауыл тұрғындары өздері ұйымдастырған. Бұған қоса, қомақты қаржы жинап, ақшаны Нұркен селолық округін көркейтуге бағыттапты. Мереке аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының талап-тілектерін ескере отырып жасалған. Қасиетті ауылдың тарихы той үстінде тарқатылып, тағылымды шаралар жалғасын тапты.

Дүбірлі тойдың басы округ әкімдігі ғимаратына алғашқы директоры Қауаз Мұқажановқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен басталды. «Жәмші» кеңшарының іргетасын қалаған алғашқы директор Қауаз Мұқажанұлы туралы замандастары естелікпен бөлісіп, ақжарма тілегін жеткізді.

– Қауаз Мұқажанұлы – Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты кітабына енген тарихи тұлға. «Халықтар достығы» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», тағы басқа медальдардың иегері. КСРО АШМ шешімімен республика ғалымдарымен бірлесіп «Дегерес» қой тұқымының авторы, – деді Қауаз Мұқажановтан кейін директор қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет ардагері Мейірхан Тәтибеков.

Бұдан кейін той аясында жөндеуден өткен «Шопан ата» ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Сонымен қатар, Нұркен ауылдық округінің әкімі Жантемір Құдайбергенов, той ұйымдастыру алқасының төрағасы, ақын Бақытжан Әрінов құттықтау сөзін жеткізді.

Жеке кәсіпкер Талғат Серменов пен Мейрамгүл Қуатбекова 1 миллион теңге тұратын толық комплектілі музыкалық аппаратураны ауылдың мәдениет үйіне сыйлады. Аймақтық «Балқаш өңірі» газеті ақпараттық қолдау көрсетті.

Мерейлі тойдың екінші күні «Жамшы» асыл тұқымды қой өсіру кеңшарында алғашқы құрылған күннен бастап еңбек еткен марқұмдарды, батыр бабаларды, көрнек­ті тұлғаларды еске алып, аруақтарға құран бағыштаумен басталды. Нұркен ауылдық округінің бас имамы Жүніс Әбділдаұлы қатым Құран түсірді. Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Серік Қабылұлы көпшілікті мерейтоймен құттықтады.

Мерейтой қарсаңында Мұхтарбек Шоқанов пен Манарбек Ибраһимнің «Ақсеңгір – қайнар бұлағым» тарихи-танымдық естелік кітабы және Еркін Аяғанның «Жамшы тарихы» тарихи-деректік кітабының тұсауы кесілді. Жазба ақындар арасында «Аяулы Жамшы мекенім» тақырыбында өткен мүшәйра жеңімпаздары марапатталды.

Отыз ақынның ішінен іріктеліп шық­қан ақын Мүсіркеп Сейдахмет I орынды, Саят Тұяқбаев пен Айдын Байыс II орынды, Қуаныш Аманқұлов, Ардақ Игенова, Манарбек Ибраһим III орынды еншіледі. Сондай-ақ, арнайы сыйлықты Жандос Түсенов қанжығасына байлады.

«Жамшы» триосының орындауында Манарбек Ибраһимнің «Перзентімін Жамшының» әні мен Ардақ Игенованың «Нұркен батыр мектебі» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді. Жаңа туындыны әнші Ринат Қонақбай шырқады. «Тоқырауын толқыны» ансамблі көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Арқаның толағайлары қазақ күресінен сынға түсіп, мықтыны анықтады. Нәтижесінде, 74 келі салмақ дәрежесінде III орын Нұрмұхаммед Ботбай (Қызыларай), II орын Айбол Әбдікәрім (Ақтоғай ауданы), I орын Бекслан Сатыбалдинге бұйырды. 82 келідегі балуандар сайысы да ұзаққа созылды. Бұл белдесуде III орынға Ержан Теміржанов (Балқаш қаласы), II орынға Мағди Дүйсетай (Қарқаралы), I орынға Саяхат Мәжкен (Ақтоғай ауданы) табан тіреді. Қарсыластарынан басым түскен Саяхат Мәжкен бас балуан атанып, бәйгеге тігілген мотоциклді еншіледі.

Аламан бәйгеде 17 ат жарыс жолына шықты. Ақтоғай ауданы, Нұркен ауылдық округі, Жидебай ауылының қос бірдей аты бәйге алдынан көрінді. Ержан Жүнісовтің «Томирис» атты тұлпары мәре сызығын бірінші кесіп, 1 млн. теңгені еншіледі. Екінші орынды Мәдікен Сексенұлының «Қазына» атты арғымағы 500 мың теңгені иеленді. Үшінші болып, Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылынан келген Нұрсұлтан Күлмановтың «Сүлікқара» атты сәйгүлігі 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Төртінші орын Ақадырдың атынан қатысқан Нұрбол Қоймановтың «Самал» есімді жүйрігіне бұйырды.

 

Айтулы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматтарына, мекеме ұжымдарына арнайы Алғыс хат табысталды.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button