Жаңалықтар

Сырбаз сырнайшы

Өткен ғасырдың 1961 жылы мен үшін де, замандастарымыз үшін де тағдырлы оқиғаларға толы болды. Сондықтан да, олардың көпшілігі жадымызда күні кешегідей сақталып келеді.

Ақтоғайдағы орыс орта мектебін бір жыл бұрын бітіргенмен, оқуға түсуге ұмтылмай, бірден аудандық байланыс бөліміне техник болып орналастым. Оған басты себеп, менің арнаулы аттестатым облыстан тамыздың аяғында, жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандары біткен кезде ғана келді. Оған ренжіген мен жоқ, себебі, оқуға түсу үшін емтихан бағаларымен қоса жұмыс өтілі де ескерілетін заман, ал екіншіден, менің құрбым мектепті келесі жылы бітіретін еді. Оқуға екеуіміз бірге барамыз деген ішкі дәме де желеу болды. Тағдыр шіркін мүлде басқаша мазмұнмен, өзіндік ырғақпен дамитынын кім білген?..

Сол жылғы қыс қарлы болып, қоғам малы да, меншік мал да қолға ертерек қарады. Жұрт қысыла-қымтырыла қыстан да аман-есен өтті. Көктемнің басы – наурыз айы әркімнің көңілін сергітіп, ойын серпілтетін өлара кезең ғой. Менің туған күніме ілесе 8-ші наурыз мейрамы келетін әдеті. Қырдағы гүлдер бәйшешек атып үлгермеген көксоқта, аласапыран шақ. Мектептегі ұлдар мен мекемелердегі ересек ағалар дүкендегі қыстай өтпей сығылысып тұратын иіссу мен әтірді жылан жалағандай етіп талап әкетеді. Жалпы жұрттың бәрінің бар ойы – қолдағы малдарына қар кетіп, көк шыққанша азын-аулақ шөптерін үнемдеп жеткізу. Ауылдағы үлкендердің жадында сақталған Наурыз мейрамын еш дабырасыз қайырлы болсын айтысып, айттағыдай бірінбірі аралаумен атап өтетін еді.

Сол жылғы көктем ерекше шуақты, жайлы болды. Оның есімде қалатындай себептері бар. Ол жылдары аудан мен совхоз орталықтарына жарық беру үшін, ДТ тракторының дизелін пайдаланатын. Жарық қас қарая бастағаннан кешкі 11-ге дейін ғана. Жұртқа әйгілі моторист Әміржан он жарымнан жарықты жылпылдата бастайды. Онысы – «Қазір өшіремін. Үлгеріп қалыңдар» деп тамақ жібітер бірдеңе дәметкен белгісі. Аудан орталығындағы біршама жұрттың той-томалағы болады, қонақтары мезгілінде тарқай қоймайды. Содан үй иелері сөзі өтімді біреулерін моториске жұмсайды. Оның қолында ішінде бір шишасы мен ет пен бауырсақ салынған тор себет. Кейде бірнеше үйдің өкілдері қосарлана шапқылап, шамасынан артық сіміріп алған моторист қалғып кетіп, дизель соляркасы таусылғанша жұмыс істеп тұра береді…

Ал, менің жағдайым мүлде басқаша. Тәртіп бойынша үйді-үйге таратылған радионүкте мен коммутатор таңғы 6-дан түнгі 24- ке дейін жұмыс істеуі керек. Содан қысы-жазы алагеуімде поштаның атқорасымен іргелес қуыс бөлмедегі шағын электромоторды қосамын. Одан үйге оралып бірер кесе шай ішіп алып, күні бойы радионүктелерді жөндеймін, бағандарға өрмелеп үзілген телефон, радио желілерін іске қосамын, түн ортасында моторды өшіремін…

Сәуір айының аяғында күн шайдай ашық, жылымық болды. Үстімде жеңіл вельвет күрте, белімде қауіпсіздік шынжыр, мойныма айқара асынған бағанға өрмелеп шығатын когти, бір радиожелінің үзігін жалғауға беттеп бара жатқам. Қапталдас жолда мектептен үйіне асыға адымдаған құрбым кездесе кетті. Жүрісі әдеттегіден ширақ. Бар айтқаны, үйінен қуанышты хабар естіген – дүниеге кішкентай бауыры келіпті. Кешке таман қайта кездескенімізде бауырының атын папасы Амантай деп қойыпты да, басқаларының ұсыныстары жайына қалыпты. «Сенің атыңды неге қайталаған?», – деп сұрадым. Сөйтсе папасына түсінде бір аруақты бабасы «Құдай қаласа, таяуда ұлды боласың, атын Амантай қой, ел-жұртқа танымал азамат болады» деп аян беріпті. Бұл оқиғаның ойда қалған және бір себебі, шілдехана сарқытынан екі-үш достарымыз ауыз тиіп, мәре-сәре болғанбыз.

Сөйтіп жүргенде оқу жылы да аяқталды. Мен ертерек Алматыға тарттым. Облыстық оқу бөлімінен ЦентрВУЗ арқылы Мәскеудің Энергетика институтына емтихан тапсыруға жолдама алдым. Бес емтиханды да жақсы тапсырғанмен, Қазақстанға бөлінген 4 орынға бір балым жетпей, оқуға түсе алмай қалдым. Салым суға кетіп, қайтуға тура келді. Ауылға оралуға бет жоқ. Орыс мектебін алтын медальмен бітіріп, оқуға түсе алмады деген қаңқу сөзден қашып, үйге хат жазып жібердім де өзім Қарағандыдағы «Гипроуглегормаш» ҒЗИ-ның автоматтандыру бөліміне лаборант болып орналастым.

Менің құрбым Аман болса мединститутқа түсіп, ауылшаруашылық жұмыстарына барып келді. Мен қала өміріне әжептәуір төселіп, Сәкен Сейфуллиннің есімін Сталин көшесінің орнына және қазақ драма театрына беру жөнінде қалалық атқару комитетіне хат жазып, төрт жүзден астам қол жинап, тапсырған едім. Екі айдың шамасында «Бүкіл Одақ бойынша Сталин атындағы көшелер Совет көшесі деп аталғанын, ал театрға бұл есім беріледі» деген жауап алдым.

Құрбым екеуіміз күн құрғатпай кездесеміз. Байқаймын, оқуға деген ынтасы жоқ. Институтта күн сайын мәйітханаға апарады, содан шошынды ма, білмеймін, оқуды тастаймын деуі жиілеп кетті. Тоқетерін айтқанда, оқуды өз еркімен тастаған Аман екеуіміз сол жылғы 7 қараша күні үйленіп тындық. Ақыры бізді іздеп әкем келді де, екеуімізді Ақтоғайға алып қайтты. Ата-анамыз құдалық кәделерінен өтіп, той жасады. Мені мектеп мұғалімдігіне қабылдады. Қысқасы, айналасы жеті-сегіз айдың ішінде Жұмаш атты қайын атамыз бен Зейне есімді енеміздің үйіндегі үйелмелі-сүйелмелі балалардың алғашқы жезделері болып шыға келдім. Олардың әрқайсының бойжетіп, ержетуі, білім алуы, отау құрып, өздері ордалы әулетке айналуы көз алдымда…

1962 жылғы 22 тамызда мен Алматыдағы ҚазМУ-дің физика факультетіне оқуға түстім. Сол күні біздің тұңғышымыз Ақмаралдың дүниеге келгенін естідім. Келер жылы бір жасқа толмаған нәрестемізді ата-анамызға қалдырып, келіншегім Абай Атындағы ҚазПИ-дің орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Кейінгі курстарда мен оқумен қатар университеттің жаңа бағыттағы кафедраның лабораториясында жұмыс істедім. Бертінірек коттеджден екі бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Ештеңеден тарыққан емеспіз. Тіптен үйімізге арнайы ат басын тіреп, кісі түсетін отау болдық.

Оқуды бітіре салысымен, ұсынған аспирантураға, Қарағандының пединститутында қызметке баруға ҚазМУ ректорының берген жолдамасына қарамай, екеуіміз ауылға оралуды жөн көрдік. Өзім бітірген мектепте, аудандық оқу бөлімінде, кейінірек аудандық партия комитетінде қызмет атқарып жүргенде, дәлірек айтқанда 1973 жылы жаңадан Жезқазған облысы құрылды да, мүлде басқаша өмір кезеңі басталды. Облыс басшылары бірнеше рет қызметке шақырғанда бас тартып жүргенмін. Үшінші рет шақырғанда әкем Изатбек марқұм «Балам, облыс өзіңді қалап, қайта-қайта шақыртты. Бізге қарайлап, бас тартып жүрсің. Құдай берген қуатына шүкіршілік, өз бетімізбен тұра аламыз. Ел ішіндеміз ғой. Маралымыз қолда. Қадірің барда ел көріп, жер танып, еңбек еткенің жөн болады. Жолдарың болсын» деп батасын берген соң Жезқазғанға көштік. Онда облыстық партия комитетінде бір жыл еңбек еткеннен кейін басшылық Жезді ауданына хатшылық қызметке жіберді. Жеті жылда өзіміз де көпшілікпен араласып, балаларымыз да мектепке барып, дос тауып, әбден бауыр басып қалған жерден облыстық партия комитеті қайтадан Жезқазғанға шақыртып алды. Онда 1983 жылдан бастап, облыстық партия комитеті облыстық атқару комитеті бар, оның бірнеше дербес басқарма, комитеттері бар, облыс жабылатын 1997 жылға дейін алуан қызмет атқарып, заман тудырған бірнеше қоғамдық ұйымға жетекшілік еттім. Жалпы Жезқазған өңірінде еңбек еткен жылдарымыз бен жүздескен адамдарымызды әрдайым аса құрметпен, қимастық сезіммен, ерекше сағынышпен еске алып отырамыз.

* * *

Енді Амантай Жұмашевтің көпбалалы отбасында дүниеге келіп, бүгіндері елімізге танымал өнерпаз, қайраткер деңгейіне көтерілу белестерінің кейбір заңдылықтарын саралап көрейік.

Халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсіл бар. Амантайдың әкесі Жұмаш Күлшікенов ата-анасынан ерте айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленіпті. Жасынан ширақ, еті тірі болып, ерте есеюіне тура келген. Шет ауданында жоғарғы кластарда оқып жүргеннің өзінде интернат асханасының есепшісі болыпты. Енді ең үлкен балдызым, ұзақ жылдар облыстық прокуратурада абыройлы қызмет атқарып, бүгіндері доғарыстағы полковник Қазкен Жұмашқызы Күлшікенованың архивтен тапқан деректеріне сүйенейік. 1920 жылы Қоңырат (Ақтоғай) ауданының Жамшы өңірінде туған Жұмаш Күлшікенов 1941 жылдың басында міндетті әскерге шақырылып, 128-ші атқыштар полкінде қызмет атқарған. Сол жылғы 19 қыркүйекте Одесса қаласының маңайындағы сұрапыл шайқаста оң аяғынан ауыр жараланып, Тбилиси госпиталінде келесі жылғы мамыр айына дейін емделеді. Айығып шыққан бетте қайтадан майданға аттанады. 1942 жылғы 12 желтоқсанда Бақшасарай үшін болған ұрыста сол қолынан жарақат алып, емделгенмен әскерге жарамсыз деп танылып, аман-есен елге оралады. Көзі ашық, соғыста ысылған жігерлі жігітті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Одан кейінгі жылдары аудандық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарады. Соғыстан кейін әйгілі Жидебай батырдың ұрпағы, бастапқыда аудандық газетте, кейінде сауда жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен Зейне Мусинамен отау тіккен. Екеуі тоғыз ұл-қыз сүйіп, бәрін мәпелеп өсіріп, олардың әрқайсының бейімі мен ұмтылысына қарай қалаған оқуына түсуін қадағалап, бар тапқан-таянғанын балаларының игілігіне жұмсап отыратын еді. Бұл үйде музыкалық аспаптың неше атасы тұратын. Домбыра, балалайка, мандолин, гитара, скрипка, баянмен қоса аудан бойынша алғашқы болып алынған пианино да осы шаңырақта.

Ал енді, бұл үйдің балаларының өнерге, музыкаға бейім әрі құмар болуының сыры неде деген сұрақтың қылаң беруі орынды. Өнерде өзіндік өрнегімен танымал болған арғы бабаларын былай қойғанда, Амантайдың туған нағашы атасы пірадар Мұса ақсақал той-томалақта, көңілі көтеріңкі уақытта қолына домбырасын алып, халық әндерін әуелетіп отырған. Ал, өз анасы Зейнемен бірге, ол кісінің туған сіңлісі Жамал соғыстан бұрын ауданда құрылған қызыл отау мүшелері болып ән салып, спектакльдерге қатысқан. Екеуінің немере сіңлісі Зина Әбілдинаның күйеуі Әбіләкім Асылбеков те айтулы әнші болған. Ал, енді Зейне анамыздың туған бауыры Ақатай Мусин Алматыдағы ауылшаруашылығы институтында оқып жүргенде бесаспап музыкант, әнші, оның үстіне белгілі боксер болғандығы жөнінде ұзақ жылдар ҚазМУ-дің журналистика факультетінің деканы болған Әбілфайыз Ыдырысов (танымал дипломат Ерлан Ыдырысовтың әкесі) өзінің естелік кітаптарында майын тамыза, сүйсіне жазған. Туған жиендерінің бойындағы таланттарының барынша ашылуына бастапқы ықпал еткен осы көпшіл, балажан, өнерпаз Ақатай Мұсаұлы болатын.

Күлшікеновтер әулетінен алғашқы болып өнер жолына ұмтылған Айгүл Жұмашқызы. 19 жасында Қарағандының Тәттімбет атындағы музыкалық училищесін бітіріп, Ақтоғайдағы музыка мектебінде фортепианодан сабақ берген, «Тоқырауын толқындары» ансамблінің мүшесі болып, «Дала әуендері» фильмінде ән салған. «Балбөбек» республикалық байқауында және «Созвездие Будапешта» фестивалінде ән шырқап, бас жүлделерді жеңіп алып, екі алтын медальмен марапатталған. Қазіргі уақытта Сәтбаев қаласында музыка мектебінде сабақ берумен қатар, талантты балаларды баулып келеді. Оның шәкірттері көптеген конкурстардың жеңімпаздары, бірнеше клип пен фильмдерге түскен танымал өнерпаздар. Жастардың орындайтын шығармаларын сауатты өңдеп, ерекше әрлеп жүрген Айгүлдің ұлы Дәулет Бекзатұлы. Ал, Дәулеттің мол дарынын, әдемі дауысын оның төрт жасында-ақ танып, баулыған Амантай нағашысы. Айгүл «Ең үздік топ жетекшісі» дипломының, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің және басқадай атақтардың иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Амантайдың басқа бауырлары мен жиендері арасында Еуропада, Дубайда, тіптен АҚШ-та елшілікте, еліміздің әр саласында абыроймен қызмет атқарып жүргендері бар.

Ақтоғай ауданындағы көркемөнердің дамуына ұзақ жылдар бойы айрықша үлес қосып жүрген Нұрлан Жұмашұлы. Бар өмірін осы салаға арнаған Нұрлан кез келген музыкалық аспаптарды тез әрі еркін меңгеріп алады. Оның ішінде көне ұлттық аспаптарды өз бетінше игеріп, өзгелерге үйретуге шебер. Халық театры құрамында сомдаған рөлдері де көрермен жадында. Аудандық мәдениет үйінің директоры, көркемдік жетекшісі болумен қатар әнші, актер, керек кезінде хормейстер, дирижер, режиссер бола алатын жан-жақты, ықпалды және мықты ұйым жетекшісі. Қажет кезінде сөз мәйегін тамызатын сұңғыла шешен, үні арынды декламатор. Ол ансамбль құрамында Венгрия, Украина, Үндістан, Ресейде, Қазақстанның бірталай өңірінде өнер көрсетіп, көрермен алғысына бөленіп жүрген нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз. Бірнеше дүркін облыстық, республикалық, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, облыстың «Ең үздік мәдениет қызметкері» тағы басқа көптеген марапаттарға ие. Сонымен қатар, Нұрланның келіншегі Айгүл, келіні Жанар мен қызы Ұлпан да ансамбльдің белді мүшелері. Бертінде інісі Амантай екеуінің сөзі мен музыкасын бірлесіп шығарған «Ән мекені – Ақтоғай» әнін өнер мамандары Дәртай Сәдуақасов пен Абзал Бөкеннің әйгілі әндері «Ақтоғай – алтын бесігімінің» лайықты жалғасындай туынды деп бағалап жүргені қуантады.

Ал, енді осы өнерлі әулеттің қарашаңырақ иесі Амантай Жұмашевке қайта оралар болсақ, оның музыкалық дарыны мектепте оқып жүрген кезінде-ақ аңғарылған. Халқымыз «Әке балаға сыншы» деп бекер айтпаған. Баласының бойындағы қабілетін ерте сезген әкесі әу баста айналасына «Осы балам тегін емес. Бойында бір қасиет бар. Түбінде бір жерді тесіп шығады. Ешқайсың бетін қағушы болмаңдар» деп ескертіп отырғанын сан естідік. Сондықтан да ол еркін өсті. Қазірге дейін кіммен болсын тең дәрежеде қатар жүре алуы сол бала кезінен бойына сіңірген ой азаттығы, сезім еркіндігінің екпіні мен қуаты деп ойлаймын. Алғашқы әнін 6-шы класта оқып жүргенде-ақ шығарып жүргені де әуенқұмарлық қана емес, екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін өнер жанартауының, бостандық бұлқынысының бір сипаты болуы бек мүмкін. Амантай басқадай талай мүмкіндік бола тұра өз қалауымен кезіндегі Целиноградтағы С.Сейфуллин атындағы мемлекеттік педагогика институтының музыка факультетіне түскен. Оны бітірген соң Ақтоғай аудандық музыка мектебінде, Жезқазған облыстық филармониясында біраз жыл қызмет атқарған жылдары көз алдымызда. Осы жезқазғандық кезең Амантай үшін ерекше өмір мектебі болды деп ойлаймын. Онда жүріп филармонияның өзіндегі, Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрындағы, гастрольдеп келетін еліміздегі және шетелдік талай өнер майталмандарымен етене араласты. Амантай тума талант Жақсыгелді Сейіловтің, сұңғыла әнші, сайдауыл сері Саламат Қазақбаевтың және басқа өнерпаздардың есімдерін әрдайым ерекше ілтипатпен атап отырады. Әсіресе, Жақсыгелдінің музыкалық сауаттылығы мен дауыс диапазонын, кез келген есім, телефон, өлең мәтінін бір естігеннен жаттап алу қабілетін, баянда ойнаудағы өзіндік ерекшеліктерін, қазақша-орысша мәнерлеп, мейлінше мәдениетті және шешен сөйлейтініне қайран қалатын. Жақсыгелдінің өз дауыс мәнері мен әуеніне сала отырып, айызын қандыра әңгімелерін бір естігендер қайта айтқызудан жалықпайды.

Сол Жезқазғанда жүргенде Амантайдың студенттік шағында-ақ махаббатын оятып, жүрегін біржола жаулаған Махаббат есімді үлбіреген қызбен отау құрамын деген ниетін ағайыннан бастап, жолдас-жораларға дейін қуана қарсы алғаны есімде…

Содан бері талай жылдар өтті. Тұрмыс құрғанша тек орысша ғана сөйлейтін Махаббат келініміз бүгіндері қазақша мақалдап-мәтелдеп мүдірмей сөйлеп, әдемі әзілдегенді былай қойғанда, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін дәрежеге жетті. Қазір Амантай екеуі тұла бойы тұңғыштары Омардан алтын асықтай, күміс қасықтай немерелер сүйіп, ата-әже атанып отыр. Бұл аһарлы-шаһарлы шаңырақ біраз уақыттан бері Астанада тұрып жатыр. Амантай Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрының бас хормейстері. Талантты композитор ретінде ол М.Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасына, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», З.Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Ш.Қалдаяқовтың шығармаларына негізделген музыкалық спектакльге, тағы біраз қойылымдарға арнайы музыка жазған. Сонымен бірге, ол театрдың вокалдық тобының хорына, жеке дауыстарға арналған бірталай шығармалардың авторы. Театрдың әртістері концерттік бағдарламамен Ресейде, Польшада, Германияда және басқа елдер қалаларында өнер көрсеткені белгілі.

Әлбетте, А.Жұмашев тек қана театр ғана емес, басқа да өнер ұжымдарының қалыптасуы мен репертуарларын жаңғырту бағытында біраз еңбек етуде. Ол «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі. Еліміздегі біраз аудан-қалалардың кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарын құрысуда, репертуарларын жаңғыртуда орасан еңбек етіп жүр. Бір елорданың өзінде біраз оқу орындары мен мекемелердің хорлары және вокалды топтарымен ұдайы жұмыс жасап келеді. Және олардың қатысуымен өткен байқау-конкурстардың барлығында А.Жұмашев баулыған шәкірттер озып жүргеніне куәміз. Сондықтан да оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілуіне Елбасы шешімінің оның жоғары кәсіби деңгейдегі санқырлы орасан еңбектері ең басты және түпкі негіз болғандығын ұққан абзал. Амантайдың сырт көз аса біле қоймайтын қасиеттерінің бірі – жалпы ауыл фольклорына тән ауызекі қалжыңдарын әдемілеп, қызықтырып әңгімелеп беру қабілеті. Ол өзінің балалық шағынан бастап, студент кезіндегі, одан талай жерде, алуан замандастарымен қызметтес, сыйлас, аралас болған таныстарының басынан өткен оқиғалар мен күлдіргі жағдайлардың көріністерін динамикалық өрбуі мен тосын диалогтар, тапқыр жауаптар арқылы өмірдегідей көз алдыңа келтіріп, әрқайсының дауыс интонациясын қоса құбылта баяндағанда талай салмақты деген адамдардың әзілге сезімтал тыңдармандармен қоса қырын-топан күлкіге қосылып, көздерінен жас парлағанша күліп, масайрап отырғандарын талай рет көрдім.

Бұл Амантайдың нағыз қазақтарға тән сөз қадірін жақсы білетіндігінің, терең түсінетіндігінің және бір дәлелі. Осы кеңпейілдігі мен көпшілдігінің, кешірімпаздығының арқасында туған-туыстары, әріптестері арасында беделі жоғары. Бала күннен бергі достарымен қоса, беріде табысып, түсініскен замандастарымен үнемі араласып жүретіндігі қуантады.

Естеліктермен ойларды қорыта келе, қиырдағы Ақтоғайдың нәрлі де өнерлі ортасынан түлеп ұшып, халқымыздың танымал қайраткер тұлғасы атанып жүрген бауырымызды асқаралы алпысқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа, сырбаз да сайдауыл сырнайшы бауырымызға алпыстың асқарынан кейін де әдемі һәм шуақты асулар бар екендігіне жоталы жылдар биігінен еске салу парызымыз.

Ең бастысы, бұдан былайғы әрбір күн мен ай, жылдардың барлығы ізгі іздер мен игілікті істерге толы болғай. Бұл өнегелі әулеттің бақтары баянды болып, ұрпақтарының қызығын көруге нәсіп еткей. Амантайдың ақ баянының мажорлы ырғағы тек алға ұмтылдыра беретініне кәміл сенемін.

Қайырбек СӘДУАҚАСОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button