Сәкен театры 95-ші мерейтойлық маусымды ашты
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры 95-ші мерейтойлық маусымының шымылдығын түрді. Ғасырға жуық тарихы бар Сәкен театры үшін бұл маусымның орны ерекше. Мерейтойлық маусымның ашылуы аясында театр ұжымы алдағы шығармашылық жоспарларын таныстырып, көрермендерге жаңа қойылымдар мен мәдени жобаларын ұсынды.

Мерекелік күн аясында баспасөз мәслихаты өтіп, театрдың жаңа маусымға арналған жоба-жоспарлары, шығармашылық ізденістері және көрермен талғамына сай әзірленген жаңа қойылымдары туралы айтылды.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында қазан айында өтетін белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай атындағы «Сын-шын болсын…» республикалық театр фестивалі таныстырылды. Аталған фестиваль аясында еліміздің бірқатар театрлары бас қосып, өздерінің үздік спектакльдерін Қарағанды көрерменіне ұсынбақ.

Ал, мерейтойлық маусымның алғашқы қойылымы ретінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы сахналанды.

«Қарагөз» – қазақ драматургиясының алтын қорындағы классикалық туындылардың бірі. 1926 жылы жазылған шығармада бір-бірін шын сүйген екі жастың тағдыры, махаббат пен қоғам арасындағы қайшылық, салт-дәстүр мен адам еркіндігі мәселелері терең суреттеледі.

Сәкен театры сахнасындағы «Қарагөз» қойылымы жаңа сахналық шешіммен, өзгеше форматта көрермен назарына ұсынылды. Қойылымды қазақстандық белгілі режиссер Гүлназ Балпейісова сахналады.

95-ші мерейтойлық маусымның ашылуы театр ұжымы үшін ғана емес, Қарағандының мәдени өмірі үшін де айтулы оқиға. Классикалық шығарманың жаңа интерпретациясы көрерменге ерекше әсер сыйлап, театрдың жаңа шығармашылық кезеңіне жол ашты.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



