Рухани жаңғыру

Құжаттар қоры – құнды дүние

   Күні кеше Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында – ұлттық сананың, рухани жаңғырудың қыр-сырына  тоқтады. Онда Елбасы «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді. Бұл Елбасының Қазақ елінің тарихына деген тағзымы, еліміздің болашағына нұсқаған сара жолы деп білеміз.

Президенттің елдің өткені мен болашағына, тарихы мен мәдениетіне қатысты ой-толғамдарының, ұлттық сананы жаңғыртуға арналған бастамаларының тамыры тереңде жатыр. Тәуелсіздік алғалы қарыштап дамып келеміз. Ел тәуелсіздігі арқасында қазақтың тарихына, мәдениетіне қатысты көптеген архив құжаттары алыс-жақын шет мемлекеттерден алынды. Ұлттың тарихы мен мәдени құндылықтары біршама  түгенделді, мол деректер жиналды.

Дамудың діңгегі рухани байлықтардан басталары һақ. Ол мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Демек, оны жаңғырту – заман талабы. Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндеп, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын құнды дүниесін тарту етті.

Ел тарихындағы жеңістер мен жеңілістер, қателіктер мен жетістіктер, этностардың тұрмысы мен мәдениеті, Қазақстанның егемендік алуын – бәрін айғақтайтын дерек көздері архивтерде. Бұл құжаттар саясат пен экономиканың, идеология мен мәдениеттің басты құралы болып саналады. Ұлттың генетикалық коды – дәстүр мен мәдениеттің қайнар көзі архивтерде сақталғандықтан азаматтардың өткені мен бүгінін білуге деген құштарлығы, күнделікті тіршілікте жекелеген құжаттарға қол жеткізуге ұмтылысы қашанда бірінші орында тұр. Архивтің анықтама сұраған толассыз сұраныстар легі, архивтердің оқу залдарындағы зерттеушілердің санының көптігі – осы ойды растай түседі.

Жүйелі түрде жинақтап отырған мемлекеттік және әлеуметтік-экономикалық маңызды деректердің және ел мәдениеті мен тарихының замана деректерінің бірегей әрі таптырмас құжаттар қоры келер ұрпақ үшін де аса құнды дүние болып табылады.

Қазақстанымыздың жаңа даму кезеңінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, Отандық тарихымыздың өзекті мәселелерін зерттеуге, Қазақстанның архив қорларындағы құнды құжаттар жетерлік.

Өткен ғасырдың басында-ақ «Қайтсек ел боламыз, жеке мемлекет болып еңсеміз қайтсе көтеріледі» деген мазасыз ойларды бастан өткерген, туған халқының келешегі жолында жарғақ құлақтары жастыққа тимеген қазақтың біртуар қайраткер ұлдары баршаға аян. Солардың қатарында ірі көшбасшы Әлихан Бөкейханов, бірінші профессор Әлімхан Ермеков бар. Халқымыздың тарихынан ерекше орын алатын бұл арыстардың қазақтың көсегесін көгертер «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрудағы сіңірген еңбектері, тындырған өрелі істері айрықша.

Айта кетсек, біздің Қарағанды облыстық мемлекеттік архивте жазушы Жайық Бектұров пен өлкетанушы Ю.Поповтың жеке қорларында Алаш арыстары туралы көп құнды, әрқайсысы жеке тоқталуға тұрарлық құжаттар сақталуда.

Қазақ  елінің тәуелсіздігінің арқасында Алаш арыстарының есімдері жарқырай бастады. Айта кетсек, Әлімхан Ермеков өмірінің соңғы он бес жылдай уақытын Қарағандыда өткізген. Осы жылдары жазушы Жайық Бектұров бұл кісімен өте жақын танысып, оның өз үйінде де, өзінің үйінде де көп әңгімелескен екен. «Әлекеңнің інісіндей, тіпті, баласындай болып, ақсақалмен сырлас, сыйлас болдым. … Әлімхан Ермеков атақты ағасы, әрі ұстазы, халықтың көсемі Ә.Бөкейханов жайлы сөз болғанда көпке дейін тоқтамай, басы асау аттың алып қашқанындай, құлшына, шұлғи сөйлеп кететін», деп жазады жазушы. Оның Ә.Ермековпен болған көп әңгімелерінің бірқатары, көлемді очерктеріне кірген. Ал, тіпті, кейбір жазбалары қойын кітапшаларында жазылған екен.

«15-30 апрель, 1966 жыл, жұма.

…Сіздерше Әлихан, бізше Ғалихан, латынша айтқанда Уникум (иnikum) адам еді. Қазақтан шыққан өз тұсындағы «единственная личность». Ол асқан үлкен саяси және мемлекеттік қайраткер болатын. Жаңылмасам, ол 1864 жылы туған. Лениннен үлкен еді. Тек орыс оқуына түсу үшін жасын амалсыз кішірейткен болу керек. Ол Петербургтегі лесной институтты бітірген. Ученый лесовод деген атағы бар еді. Көп тіл білген адам. Шет тілдерін жақсы білді. Ол әрі тума ірі талант, әрі оқымағаны, жадына тоқымағаны  жоқ кісі еді. … Әлихан  патшаның алдында да болып, жер дауында да екінші Николай патшаны бірде ұтып та шықты. …»

Өздеріне жала жабудан, пәле салудан аянып қалмаған Орталық үкімет туралы: «…Бәрі де қазақтың басшы қызметкерлерін, оқыған зиялыларын тоз-тоз қылып, ыдыратудың айласы. Басшы қызметкерлердің бастарын бір орынға қоспаудың тәсілі. Әйтпесе, бұрын адамдары аз оқыған қазақ еліндей кең аймақта азды-көпті қазақ зиялыларының керектігін неге білмесін. Білікті адамдарымыздың орнына жеңдерін сыбанып жаңа ғана шыққан тәжірибесіз, білімсіз адамдарды басшы орындарға қойып, оларды тап күресі деп айғайлата беру осының салдары. Елдің, халықтың мұңын, қажетін айтқан адам болса, олардың бәрін алашордашыл, ұлтшыл деп қуалай бастады. 1929-30 жылдары бізді бастығы Ақаң, елу шақты адамды қамап, көбісін Мәскеуге, Бутырка түрмесіне айдау, біразын соның ішінде ату, көбісін тентіретіп Сібірге айдау осының белгісі еді.»

«…Ресей басшылары бізге алғашқы кезде, жаңа үкімет құрғанша біраз тәуір қарады. Сөйтсек, біз Ресейдің баяғы патшалар тұсындағыдай Орта Азияға шығатын жолындағы буферный ел екенбіз. Әуелі бізде  Кеңес үкіметін орнықтырып алып, содан кейін Орта Азияға шықпақ әдіс екен. Мұны біз кейін түркістан комиссиясы кезінде анық көрдік.

– 1917 жылғы декабрьдің аяқ кезінде бүкіл қазақ съезі шақырылды. Орынборда, барлық облыстардан делегаттар келді, молда да, қажы да, ишан да бар. Бұл халықтың бірлігі үшін керек болды. Сырдария, Жетісу губернияларынан да делегаттар келді. Жетісу губерниясы ішінде қырғыз да болды. Съезд қазақ республикасының автономиясын жарияламақ…

Съезд 15 адамнан «Алашорда» үкіметін құрады. 10 орынды Қазақстандағы орыстар үшін қалдырады. Бұл съезге ол жолы орыстар қатыспаған. Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Ғаббасов, Ж.Ақбаев (Семей губерниясынан), Тұрлыбаев, Ахмет Бірімжанов, Сейілбек Жанайдаров, Асылбек Сейітов (Ақмола губерниясынан, Бақтыгерей Құлманов, Танашев, Халел және Жанша Досмұхамбетовтер (Оралдан), Мұхаметжан Тынышбаев, Аманжолов (Жетісудан), Мұстафа Шоқаев (Сырдариядан). Ахмет Байтұрсынов үкіметте болмау керек, ол оқу ісін басқаратын комиссияда болу керек…»

Ә.Ермековпен болған кездесуден жазылған саналуан өте құнды құжаттарда, В.Ленинмен ерекше ықыласты болған және ол туралы естелік жазуға да тікелей себепкер Бектұров болған екен. «Алғаш осы естелікті жазып болғанда Әлекең оны маған  үйге әкеліп, бірінші нұсқасын оқып берді», деп жазады Ж.Бектұров. Осы естелікке байланысты Ә.Ермековтің Лениннің алдында болғандығы жайлы екі саладағы, бірақ негізгі бір маңызды мәселені ұлты мен жері туралы Ә.Ермековтің өз жазбасынан алынған құжат та бізде тұрақты сақтаулы.

Архивтегі ең үлкен жеке қор жазушы Жайық Бектұровтың көп құжаттарының  бірі «Абзал ағалардың не еді айыбы?»  атты қолжазба, машинкалық түпнұсқадағы эссеcі.

«… Жеке адамға табынушылық» бұрын-соңды болмаған тым сүйкімсіз, әрі жат, әрі үрейлі бір ұғым – деп басталған. Аштықтан кейін бұл аздай, арада аз уақыт өткенде «халық жауы» деген пәле шығып, қалың елдің басты адамдары топалаң тигендей шеттерінен абақтыға жабылды, атылып, айдалып та жатты. Енді жұртты қыстың қыспағы емес, үлкен-кішіге үкімет басындағылардың қысастық қиянаты, жеке бір әкімдердің қастығы тап болды»,– дей келе  Кеңес өкіметін орнатқан, оның шаңырағына алғашқы уықты қадаған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Ораз Жандосов сынды ағалардың ғибратты өмірінен,  көпшілікке ой салған. Ащы шындықты баяндаған жан толғауы жатыр бұл эсседе.

Сонымен қатар, биыл жыл басында Қарағанды облысының мемлекеттік архиві алты алашқа әйгілі үш арыстың бірі – Жақып Ақбаевтың жеке қорымен толықты. Осылай, Қазақстанның архив қоры толысты.

Елбасы мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше  ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызды танытуға шақырды.

Біздің облыстық архивте Ұлттық архив қорын жинау, сақтау және насихаттау ісінде жұмыстар жалғасуда. Архивтік анықтама сұраған толассыз сұраныстар легімен қатар, архивтің оқу залдарындағы зерттеушілердің көптігі аңғарылады.

Әрине, жиі өткізілетін архивтегі айтулы іс-шаралардан өзге, жақында ғана 15 маусымда Алматы және Орал қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Туған елге тағзым» атты тарихи-өлкетану жобасы бойынша Алаш қозғалысының 100 жылдығына байланысты біздің Қарағанды облыстық мемлекеттік архивте болды.  Өз тарихын білуге қызығушылық танытқан өскелең ұрпаққа Алаш қозғалысына қатысты жоғарыда айтылған құжаттармен етене таныстырылып, лекция оқылды. Оқушылар ынтасы өте зор екенін көріп қуандық.

Сонымен қатар, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында өз ақылымен, еңбегімен, білімімен, дарынымен оза шапқан азаматтардың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясымен танысып шықтық. Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылған жандардың бұл жинағы жастарға да үлгілі жоба болары ақиқат. Әрине, ол азаматтардың жеке қорлары архивтерден орын алары, әрі насихатталары сөзсіз.

Мәдениет қызметкерлері, оның ішінде архив қызметкерлері де оған терең білімімізбен, еселі еңбегімізбен, озық мәдениетімізбен үлес қосамыз.

Ел болып бірлікпен, тегеурінмен Ұлттық жаңғырудың жарғысын орындасақ, белгілі мақсатымызға жетеміз, яғни, 30 елдің қатарына қосыламыз.

 Ардақ ӘБДЕШОВА,

Қарағанды облыстық мемлекеттік

архивінің архившісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button