АймақБас тақырып

Қарағандыда Qurban Fest 2026 мерекесі өтіп жатыр

Бұл фестиваль Құрбан айттың рухани мәнін дәріптеп, халықты бірлікке, қайырымдылыққа және мейірімділікке шақыратын ауқымды мереке ретінде ұйымдастырылған. Балаларға арналған арнайы аймақ ерекше көңіл-күй сыйлады. Мұнда аниматорлар жұмыс істеп, кішкентай қонақтар үшін түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген автор

Сонымен қатар балаларға тегін ойыншықтар таратылып, мереке қуанышы еселене түсті. Ашық аспан астында түрлі түсті батпырауықтар ұшырылып, аспан көрінісі мерекеге ерекше сән берді. Балалар мен ата-аналар бірге уақыт өткізіп, көтеріңкі көңіл-күйде болды. Фестиваль аясында келушілерге ұлттық мәдениет пен дәстүрді таныстыратын түрлі танымдық және мәдени бағдарламалар ұсынылды. Қолөнер шеберлері өз бұйымдарын көрсетіп, қонақтар қазақтың ұлттық өнерімен жақынырақ танысты. Сонымен қатар, мерекелік сахналық бағдарламада ән-күй орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Нұркөн ата мешіттің құрылысына 15 жыл бұрын қатысқанын айтып, бүгінгі күнге дейін сол еңбектің жемісін көріп жүргенін жеткізді. Ол қазір намаз оқитынын, бұрын мешіт аз болғанын, ал қазір Қарағандыда көптеген мешіт бар екенін айтып, жастардың дінді еркін ұстанып жүргеніне шүкіршілік білдірді. Ол өзін қажы ретінде таныстырып, елге әрдайым бата беріп жүретінін айтты. Нұркөн ата Құрбан айттың мұсылмандар үшін ең ұлық мерекелердің бірі екенін айтып, елге тыныштық, бірлік және амандық тіледі.
Qurban Fest 2026-ға алғаш рет келген орыс ұлтының өкілі де өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл шараға келуіне қызы себеп болған.

– Қызым міндетті түрде барамыз деп қоймады, содан бірге келдік. Ашық ауадағы мереке өте әсерлі екен, адамдардың жылы қарым-қатынасы қатты ұнады, – деді ол.

Қонақ мерекелік атмосфераға таң қалғанын жасырмады. Әсіресе ұлттық дәстүрлер мен Құрбан айттың мән-мағынасы туралы ақпараттар оны қызықтырғанын айтты.

“Бұрын тек естіп жүретінмін, бүгін өз көзіммен көріп, көп нәрсені түсіндім,” – деді ол.

Qurban Fest 2026 мерекесі Қарағанды қаласында өте жоғары деңгейде өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды.
Фестиваль барысында бірлік, қайырымдылық және рухани құндылықтар кеңінен насихатталды. Әр түрлі ұлт өкілдерінің бір алаңда бас қосуы мерекенің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Аружан ЖАНКИНА,
Зере ӨМІРҒАЛИ
ҚарЗҰУ 2 курс студенттері.

Басқа материалдар

Back to top button