Жас буын өкілдерімен жүздесті
Ел келешегінің кепілі өскелең буын екендігін ескерген Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдрахман ОМАРОВ жастардың іс-әрекеттерін үнемі әрі жіті назарда ұстап, олардың заманауи бастамаларына қапысыз қолдау көрсетіп отырады. Аудан басшысының Жастар күніне орай, жас буынның қоғамдық тұрғыда белсенді өкілдерін арнайы қабылдап, әңгімелесуі – соның айғағы.
Кездесу кезінде аудан басшысы жастар қауымын еркін әрі ашық əңгімеге шақырып, олардың ой-пікірлеріне құлақ түрді. Өзіне қойылған алуан түрлі сауалдарға тұщымды жауап беріп, қоғамның қанаты енді ғана қатая бастаған мүшелерін асқақ арман мен биік мұраттарға іркілмей ұмтылуға үндеді.
– Қай ел болсын, келешегінің кемел болуын жастар саясатының сапасымен тығыз байланыстырып, оларды «болашақтың тұтқасы» деп есептейді. Сондықтан, олардың алаңсыз өмір сүріп, білімі мен біліктілігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасайды. Бұған Қазақстанда Елбасының тапсырмасы негізінде қолға алынып, ілкімді түрде іске асырылып жатқан игі істер даусыз дәлел. Соның нәтижесінде бүгінгі күні жас қазақстандықтардың таным-өресі мен мүмкіндіктері кез келген елдегі замандастарымен деңгейлес. Жастар саясатының басымдық сипаты мен мән-маңызы ешқашан солғын тартпайды. Міне, осы жайт баршаңызға қуат беріп, жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіруі тиіс, – деді ол өзінің қорытынды сөзінде.
Ерекше мазмұнымен есте қалған кездесу түйінінде белсенді іс-қимылымен өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген жастарға аудан әкімінің құттықтау хаттары және естелік сыйлықтары табыс етілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖАҢААРҚА ауданы.