Жарқыра, жасыл шырша

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ БАСТЫ ШЫРШАНЫ ЖАҒУ РӘСІМІ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАҢЫНДА ӨТТІ. ДӘСТҮРЛІ ШЕРУГЕ 200 АЯЗ АТА МЕН АҚШАҚАР ҚАТЫСТЫ. КЕНШІЛЕР ШАҺАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАҢА ЖЫЛМЕН ОБЛЫС ӘКІМІ ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ҚҰТТЫҚТАДЫ.

– Бала кезден Жаңа жыл қарсаңында ғажайып күтеміз, армандарымыздың орындалғанын қалаймыз. Жаңа жеңістерге жетіп, қуанышқа бөленеміз. Біздің еліміз үшін бұл жыл жарқын және жақсы сәттерге толы болды. Келесі жыл еліміз үшін бұдан да жемістірек және табыстырақ болсын деп тілейік. Көп жұмыстар атқарылды, десек те, алда әлі де көп міндеттер тұр. Бүгін барлықтарыңызбен осы кеште қауышқанымызға қуаныштымын. Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық, облысымызға өркендеу тілеймін, – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы дарынды балалармен бірге жасыл шыршаны жақты. Жаңа жылдың басты шыршасын жағу қаладағы №92 мектеп-гимназияның оқушысы Айзере Жағыпар мен «Инфоурок» халықаралық олимпиадасының, республикалық экочеллендждің жеңімпазы, №93 мектеп-гимназияның оқушысы Назар Мұсаперовке бұйырды.

Шара соңында жиналған қауым мерекелік отшашуды тамашалады. Пиротехникалық шоу үш минутқа созылды. 47 метрлік стелладан асқан отшашудың шырақтары аспанды әсем өрнектермен безендірді. Сахнада өнер көрсеткен би ұжымдарына қосылған өткен жылдың нышаны Доңыз эстафетаны келесі жылдың белгісі Тышқанға табыс етті. Қала тұрғындары 450 метрлік гирляндалармен және жарқыраған Аяз ата кескіндерімен безендірілген 18 метрлік басты шыршаның іргесіне суретке түсті. Көңілге шуақ ұялатқан мереке көңілді би кешімен аяқталды.

Аяулым СОВЕТ