Жапырақ өртеумен әуестенбеңіз…

Жапырақ – ағаштың көркі ғана емес, сонымен қатар қорегі, қыста қорғаныш көрпесі. Ол – өсімдіктің маңызды мүшесі. Жапыраққа су, еріген тұздар сабақ арқылы тамырдан келеді. Жапырақ арқылы өсімдік тыныс алады, ал өсімдіктің бойындағы артық су жапырақ арқылы буланады. Буланған жапырақ өсімдікті салқындатып тұрады. Күзде күн салқындайды, топырақ тоңазиды. Соның әсерінен өсімдік тамырына қажетті қорек азаяды.

Көктем, күз мезгілдерінде елді мекендерде үнемі санитарлық тазалық күндері өткізілетіні белгілі. Әсіресе, қала көшелерінің тазалығына ерекше мән беріледі. Соның аясында міндетті түрде ағаш жапырақтарын жинап, қоқысқа тастау немесе өртеп-жою жұмыстары атқарылады.

Көшедегі қоқысқа еш қатысы жоқ органикалық затқа бай жапырақтар қоқыс санатына қалайша кіріп кеткеніне таңбыз. Бұл үрдіс өзі қайдан келді? Бағамдасақ, бұның жауабы жалқы – артық шашылған қоқыс деп өртеп жүрген жапырағымыз ағаш үшін маңызды екенін түсінбеуден.

Біз ағаш бұтағынан жапырақ сарғайып үзіліп түскенімен, ағашпен байланысы үзілмейтінін білуіміз керек. Себебі, жапырақ көктемнен күзге дейін қоректік затты бойына жинап келді, жапырақ тақтасында жасыл түсті хлорофилл жойылғанымен, органикалық заттар онымен бірге кеткен жоқ. Жерге түскен жапырақтар топырақтың құрамында шіри келе оның органикалық құрамына кіріп, табиғаттың үлкен зат айналымына араласады. Сол себепті, осынау аса қажетті экожүйені тазалық деген біржақты өртеп, құртып жатқанымыз – экологиялық тепе-теңдікке жасалған қиянат. Ағаштың бойындағы органикалық пайдалы элементтер жапыраққа жиналады, сол элементтер жерге түскен жапырақтың шіру арқылы ағаш тамырына қайта сіңеді. Демек, зат айналымы үдерісімен ағаштар қажетті дәрумендерді өзінен үзіліп түскен жапырақтан қайыра алып отырады.

Жерге түскен жапырақтың екінші пайдасы – төсеніштік қызметі. Сарыарқа климаты қатаң, қатты аяздан топырақ тоңазып, суынады. Ағаштан түскен жапырақтар бірден шіріп кетпейді, себебі, күзгі салқында шіріту бактериялары жойып, ыдыратып жіберуге дәрменсіз, яғни, жердегі жапырақтың әлі де атқаратын міндеті бар. Қыс қаһарына мінгенше жапырақтар жерге түсіп, ағаштың тамырын көрпемен қымтағандай толық жабады. Осы «көрпе-жабындының» үстінен қар түскеннен кейін ағаштың тамырына қатты аяздың тигізер кері әсері төмендейді. Бұған қоса, қыстағы тыныштық күйіне көшкен ағаштардың бойындағы шырынды пайдалы заттар тамырға жиналып, діңгегі үсімеуі үшін құрғайды. Ал, шырыны бар тамыр қатты аязда үсіп кетпеуінде жапырақтың көрпе-төсеніш қызметін атқаратының әрқайсымыз білгеніміз жөн.

Үшіншіден, жапырақты өртеу арқылы ауаны ластап, топырақты байытатын органикалық заттарды ауаға ұшырамыз. Жапырақ ауаға беретін оттегісін берген, ендігі қызметі топыраққа арналатынын ескеру – шарт.

Тазалық шаралары кезінде жапырақты ағаш түбіне үйіп, пайдалы элементтерді қайыра бойына сіңіруіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Ағаштардың түбі жиі қопсытылып, су, ауа өту үшін жұмсарту жұмыстары жүргізілуі керек. Сонда ғана біз ағашқа өміршеңдік сыйлаймыз, ал өзіміз үшін пайдалы іс тындырған боламыз.

Ернар КЕЙКИН,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің

ботаника кафедрасының аға оқытушысы.