Нұра

Жанға жайлы жүздесу

     Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ көктемнің шуақты мерекесі – Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында ауданның өркендеу жолында аянбай еңбек еткен ақ жаулықты әжелер мен қазіргі таңда егемен еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген нәзік жандылар қауымын қабылдады. Мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Бұл кешке отыздан астам қыз-келіншек қатысты. Аудан әкімі салтанатты қабылдауды ресмилендірмей, жүрекжарды тілегімен, жарасымды әзілімен өрнектеді. Кеш қонақтарына арнап әдемі өлең жолдарын да оқып берді.

Жанға жайлы отырыс барысында жас аналар – Балықтыкөл ауылының тұрғыны Жанар Түсіпова «Алтын алқа» белгісімен, Майоровка ауылының тұрғыны Наталья Будрис «Күміс алқа» белгісімен марапатталды.

Қас-қағым өмірде қуаныштың көп болғаны, мерекенің лайықты тойланғаны жанды жадыратып, көңілді тазартары сөзсіз. Бүгінгі кешке жиналған қыз-келіншектер де күйкі тірліктің күйбеңінен босап, бір сәт арқаны кеңге салды. Естеліктерімен бөлісіп, домбыраны күмбірлете ән шырқап, өлең жолдарын жатқа оқыды.

Ал, жаны – жайсаң, жүрегі – жалын нәзік жандылар үшін ұйымдастырылған концерттік бағдарламаның әсері, тіпті, тамаша. Көктемдей жаймашуақ салтанатта ән айтылды, күй тартылды. Жыр оқылып, би биленді. Нұралық өнерпаз жастар апалары мен әпкелерін қуанту үшін аянып қалмады.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button