ТеміртауАймақЖаңалықтар

Теміртау тазарып, түрленуде

«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Теміртау қаласында жалпықалалық сенбілік өтті. Қаланы көгалдандыруға бағытталған акция ұйымдастырылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жалпықалалық сенбілікке 2880 адам қатысты. Тазалық жұмыстары барысында 3544 қап қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Жұмыстарды жүргізуге 65 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында қаланың аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. «Бірлік» гүлзарында ағаш отырғызу акциясы өтіп, оның аумағына 150 ағаш отырғызылды.
Экологиялық акцияға Теміртау қаласының әкімі Сапар Сатаев, Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин, қалалық бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысты.


Акцияға қатысушылар аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызуға атсалысты. Осылайша, олар қаланың көркеюіне және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

– Бүгін біз қаламыздағы гүлзарлардың бірінде ағаш отырғызып, Теміртауды көгалдандыруға өз үлесімізді қостық. Бұл – қаланы абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс. Ағаш отырғызумен қатар, оның әрі қарай күтіміне де көңіл бөлу қажет. Бірлескен күш-жігердің арқасында қаламызды одан әрі жасыл әрі жайлы ете аламыз, — деді Теміртау қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Бұл Іс-шаралардың негізгі мақсаты – қала аумағында тазалық пен тәртіпті сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Теміртау қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.

Ержан ИМАШ

                                                          ТЕМІРТАУ

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button