Тарих

ЖАЛАҢТӨС (Соқыр) батыр және МАҢҚАН ана

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халқымыз үшін шын мәнінде маңызды құжат болды. Туған жерге, салт-дәстүрге – руханиятымызға жанашырлық танытып, елдігіміздің еңсесін асқақтататын сәт туды.

Тамыз айының 18-інде қазақтың үш ұлы билерінің бірі Қаздауысты Қазыбек бидің торқалы тойы Егіндібұлақта аталып өтілетіні туралы жақсы хабарды естіп жатырмыз. Атақты бидің жиеншарлары ретінде мен де Қазыбек бидің бес ұлының ортасындағы жалғыз қызы Маңқанға қатысты сақталған әрі өз аталарымыздың айтуымен жеткен деректерді бөліссем деймін.

Біз өзіміз – Арғын тайпасының Қаракесек руының бір үлкен тармағы Сарымнан өсіп-өнген ұрпақпыз. Сарымнан Тоқсан, Өтеміс деген екі ұл туады. Осының Өтемісінен – Тоқсары, Жансары, Құлсары деген үш ұл туған. Ел ішінде Жансарыны «Құлық», ал Құлсарыны «Көшкін» деп атап кеткен. Жансарыдан (Құлықтан): Таңат және Жалаңтөс батыр туады.

Жалаңтөс батыр қазақ тарихында белгілі тұлғалардың бірі. 1698 жылы дүниеге келіп, 1775 жылдан кейін өмірден озған. Батырдың ескерткіш тасында туған-қайтқан жылдары 1696-1771 жыл деп берілген. Баспа беттерінде де солай жазылып кетті. Бір-екі жылда тұрған ештеңе жоқ шығар, бірақ бізге анық бір дерек бар, ол бабамыздың Жидебай батырдан тура 15 жас үлкендігі және нағашысы Бөгенбай батырдан кейін өмірден озғаны (Бөгенбай батырдың дүние салған жылы – 1775). Демек, Жалаңтөс батырдың туған жылы 1698, қайтыс болған уақыты 1775 жылдан кейін болып шығады.

Жалпақ жұрт «Сарым Жалаңтөс батыр», «Құлық Жалаңтөс батыр» немесе «Соқыр батыр» деп айтады. Батыр жөнінде республикалық «Қазақ батырлары» газетінде, облыстық және жергілікті газеттерде бірнеше еңбектер жарық көрген. Сейіт Кенжахметовтың «Жеті қазына» деген кітабындағы қазақ батырларының тізімінде аты бар.

Жалаңтөс батыр Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сенімді серіктерінің бірі болған. Бөгенбай батыр Жалаңтөстің туған нағашысы болып келеді. Бабамыздың батырлық ерлігінің шығуына нағашысының да ықпалы болғанға ұқсайды. Жалаңтөс батыр Сарысу бойындағы, Балқаш көлі мен Қарағанды маңында, Шу, Аягөз, Қарқаралы, Баянауыл төңірегінде болған шайқастарға Қаракесектен шыққан Керней Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Қарашор Сеңкібай батырлармен бірге қатысқан. Олжабай, Жасыбай, Көшет батырлармен жақын дос болған. Батырдың құрметіне қойылған Баянауылда «Жалаңтөс асуы» деген жер аты бар. Ол жер атауы Дихан Әбілевтің «Жасыбай батыр» поэмасында, «Сұлтанмахмұт» романында кездеседі.

Қарағанды маңында болған бір үлкен шайқаста батырдың көзіне садақтың жебесі келіп қадалып, содан былайғы уақытта «Соқыр батыр» атанып кеткен екен. Көзге келіп қадалған жебені суырып алуға жанындағы серіктерінің бірде-біреуінің жүрегі дауаламай, батылдары бармаған соң, өзі қос қолдап жұлып алып, шайқас болған жердегі өзен суына лақтырып жібереді. Содан бастап ол өзен «Соқыр өзені» аталып кетеді. Сол жолы Жалаңтөс батыр Қарағанды маңын жоңғарлардан толық азат етіп, өзі Нұраның бір саласы болып саналатын Соқыр өзенінің бойынан жаз жайлауын сайлайды. Ол жер бертінге дейін «Соқырдың Сораңы» аталып келді. Кейіннен ол жерге Саран қаласы орын тепті. «Саран» деген сөздің өзі «Сораңның» орысшаға бейімделген түрі. Ал, батырдың қыстауы Балқаш көлінің теріскейіндегі Тоқырауын мен Жамшы өзендерінің аралығындағы Қызылтас, Қарақозы, Майтас деген таулардың маңы. Қызылтасты жергілікті халық күні бүгінге дейін «Жалаңтөстің Қызылтасы» деп атайды. Сол маңда «Жалаңтөстің үш қорығы» деген жер атауы да сақталған. Батырдың бейіті Қарағанды қаласында, Соқыр өзенінің бойындағы «Соқыр басы» деп аталатын төбеде.

Осы шайқаста жеңіске жеткен батыр ағып түскен көзінің құнына өзіне садақ атқан қалмақ батырының жалғыз қарындасын және екі құла айғырын алып қайтады. Сол құла айғырларға байланысты Құлайғыр деген жер атауы сақталып қалған. Ал, жаңағы қалмақ батырының жалғыз қарындасы батыр бабамыздың үшінші әйелі болып босағасына келген. Ол анамыздың аты – Ақсұлу. Мен осы анамыздан тараған ұрпақтың бірі боламын.

Жалпы, Жалаңтөс батыр үш әйел алған адам. Біріншісі Тобықты Жуантаяқ Шортан дегеннің қызы, есімі – Жібек. Екіншісі – Қаз дауысты Қазыбек бидің қызы Маңқан, үшіншісі жоғарыда айтып өткен қалмақ батырының жалғыз қарындасы Ақсұлу. Осы үш анамыздың азан шақырып қойған есімдері басқаша болған деген әңгіме айтылады, бұл есімдерді бабамыздың өзі қойған деген аңыз бар.

Жалаңтөс батырдың үш әйелінен тараған ұрпақтардың өзі бұл күнде үш рулы елге айналды. Атадан балаға жеткен қымбат мұраның бірі шежіре дейтін болсақ, Жалаңтөс батырдың ұрпақтары туралы да біздің қолымызда үлкен аталарымыздың айтуымен жеткен шежіре нұсқалары бар. Ол шежіреге сүйенсек, Жалаңтөс батырдың Жібектен – Алтай, Әжібай, Толыбай, Маңқаннан – Бәйгел, Берістен, Бөлтей, Сәрке, Ақсұлудан – Есет, Естай, Рүстем, Бабатай, Көбен деген ұлдары және Санат, Шәйра есімді екі қызы болған. Он екі ұлынан ұрпақтар өрбіген. Естайдан атақты Сабота шешен туған. Жалаңтөс батыр екі қызының біреуін Керей Ер Жәнібекке ұзатқан. Ең өкініштісі – бізге Ер Жәнібекке байланысты көптеген деректер жетпей қалды. Кеңес дәуірінде үлкен аталарымыз ол кісілердің аттарын айтуға қорықты, заманның қаһарынан қаймығып, көптеген әңгімелердің сырын аша алмай кетті. Дегенмен, бізге бірді-екілі әңгімелері жетіп отыр. Ол Ер Жәнібек батырдың ауылында өткен үлкен той.

Бұл әңгімені мен өзімнің анам Рымбала Тәукенқызының (1927-2008) аузынан талай рет естідім. 1946 жылы келін болып түскен анам 1956 жылға дейін үлкен атам Сәден Малжанұлының (1879-1956) көптеген әңгімелерін тыңдап өскен. Соның бірі төменде айтқалы отырған Ер Жәнібекке қатысты әңгіме. Үлкен атам Сәден – Жалаңтөс батырдың төртінші ұрпағы, яғни, шөбересі. Бұл әңгімені жеткізуші екінші адам – ол да Жалаңтөс батырдың ұрпағы, Маңқан анамыздан туған Берістен деген баласының шөбересі Тауық Сағымбайқызы (1924-2000). Мен осы кісіден әңгіменің толық нұсқасын 1995 жылы 20 тамызда жазып алдым. Ол кісі бұл әңгімені Әбділда Сүлейменұлы және Сақбай Бекжігітұлы деген аталарымыздан естігенін айтып еді.

Бір жылы, жобалап айтқанда 1770 жылдары, Аягөз жағында отырған Керей Ер Жәнібектің отауында бір қызының ұзатылу тойы өтетін болады. Сол тойға батыр өзімен бірге екі ұлының біреуін алып баруға дайындалады. Маңқаннан туған Берістен мен Ақсұлудан туған Рүстем деген ұлдары бір-бірімен түйдей құрдас екен, екеуі де анау-мынаудан жеңіле қоймайтын палуан болыпты. Бабамыз екеуін күнде күрестіретін көрінеді. Сонда Рүстемнің еті ширақтау, денесі мығым екенін көрген бабамыз сол тойға осы баласын апарыпты.

Ер Жәнібектің ауылына жан-жақтан ең күшті деген палуандар жиналып, күрестен үлкен жарыс өтеді. Солардың ішінде «Көтен палуан» деген атақ-дәрежеге ие болған бір атақты палуан бар екен дейді. Келгендердің бәрі одан жығылып, жеңіліс тапса керек. Төреші болған жігіт: «атақты палуанмен шығатын енді кім бар?» дегенде, ешкім шықпай қойыпты. Бір айтып, екі айтып, ешкім шықпаған соң, бас бәйгені атақты палуанға бергелі жатса керек. Сол кезде жұрттан шеткерірек жерде тұрған Рүстем топты жарып, «палуанмен мен шығамын» деп ортаға келіпті. 18 жастағы жас жігітті палуан менсінбей, желкесінен ұстап бір көтеріп, тастай салыпты. Сірә, күрескісі келмеген болуы керек. Содан Рүстем болмай күресемін деп, ортаға шыққан бетте палуанды аяқтан шалып қалып құлатып, жауырынымен жерге түсіріпті. Аң-таң болған жұрт палуанды жыққан жас жігітке қарай ұмтылыпты. Сол кезде балдызының жеңісін көрген Ер Жәнібек «көз тимесін» деп Рүстемді оңаша тұрған қараша үйге кіргізіп жібереді. Жас палуанды көреміз деп ауылдың барлық қыз-келіншектері киіз үйге қарай лап беріп, үйдің сыртқы киізін жыртып тастапты. Сол жолы Рүстем бірінші рет үлкен тойдағы күреске қатысып, бас бәйгені алып келген екен.

Бұл әңгімені жазып отырған себебім, Қаз дауысты Қазыбек бидің қызы Маңқан анамыз­ға және Ер Жәнібек батырға қатысты кейбір дүдәмал деректерді нақтылай түсу еді. Өйткені, көптеген қаламгерлер Керей Ер Жәнібекті Қаз дауысты Қазыбек бидің жиені деп жазып жүр. Ал, шындығында, Ер Жәнібек Қазыбек бидің жиені емес, керісінше атақты бидің жиенін, яғни Жалаңтөс батырдың қызын алып отыр.

Керей Ер Жәнібекті жазып жүргендердің өзі оның нағашы жұрты туралы әр түрлі әңгімелер айтады. Мәселен, 1993 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Абылай хан» деген кітапта Қытайда тұратын қандасымыз, ғалым Зейнолла Сәнік: «…Жәнібектің әкесі Бердәулет өз кезінде пысық, мықты кісі болса керек. Бердәулет Сарыүйсін жерінде Досымбек, Өмір деген ағайындас адамның бірінің қызын алған. Жәнібек содан туған ұл екен» деп жазыпты (362-бет).

«Ер Жәнібек» атты төрт жыр бар. Соның бірі – 1984 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ қиссалары» деген кітаптағы Жәнібек туралы дастан:

Жәнібек жастайынан мінген атқа,

Жайылған батыр даңқы әр тарапқа.

Досымбек, Өмір дейтін асқан батыр,

Сары үйсін нағашысы батыс жақта, – делінген. («Егемен Қазақстан», 19.01.2006 ж.)

Ал, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған Базарбек Атығай «Қазақ батырлары» газетінің 2000 жылғы №2 санында: «Ер Жәнібектің өміріне, ерлік істеріне байланысты үш дастан бар. Осы үш дастанда ер Жәнібектің нағашы жұрты туралы үш түрлі мәлімет кездестірдік. Бірінде нағашысы – Үйсін Өмір деген батыр делінсе (Зейнолла Сәнік жазғандай), екіншісінде – Қаз дауысты Қазыбек дейді, келесісінде – Шақшақ Жәнібек делінген. Тағы бір аңыздарда Қабанбай батыр деп те айтады. Ыбырай Ботайұлының дастанында (1927ж. жазылған) Шақшақ Жәнібек деп берілген. Ер Жәнібектің анасының есімі – Шәше. Тарихшы, ғалым Ахмет Тоқтабаевтың қолында сақтаулы Шәше анамыздың тас ұршығы бар. Тас ұршықты ғалымға берген Зайсанда тұратын батырдың ұрпақтары Шәше – Шақшақ Жәнібектің қарындасы деген екен» депті. Осы жазылған екі дерек те Маңқанның Бердәулетке ұзатылғанын жоққа шығарып отыр.

Ел аузында Шақшақ Жәнібектің Керей Жәнібек туғанда ауылына барып, жас нәрестеге өз атын қойып батасын бергені туралы аңыз да бар. Сол жолы жас нәресте – Жәнібекті ақ батасымен алқаған Шақшақ Жәнібек жиенінің астына көк дөнен мінгізіп, үстіне көк берен сауыт кигізіпті. (Б.Атығай. «Қазақ батырлары», №2, 2000 ж.).

Жәнібек батыр 1714 жылы дүниеге келіп, 1794 жылы Қалба тауының баурайында қайтыс болады, зираты қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Ортабұлақ деген жерде.

Жәнібек бабамыздың Ермек деген қызы – Абайдың үшінші атасы Айдосұлы Ырғызбайдың (1744–1785) әйелі. Ырғызбайдан төрт бала туған, соның кенжесі – Абайдың атасы Өскенбай. («Абай» энциклопедиясы, 612-бет).

Батырдың тікелей ұрпағы, облысымызға танымал қаламгер, «Орталық Қазақстан» газетінде, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясында қызмет жасаған Масғұт Халиолла былай деп жазған еді: «Әнуарбек Адамбеков 1985 жылы «Жұлдыз» журналының үшінші санында Қазыбек биге байланысты жарияланған кейбір деректердің терістігін айтып, аталған журнал алқасына хат жолдаған екен. Сол хатта мынадай пікірлер бар: «…Қазыбектің бес ұлынан кейін Маңқан атты бір қыз туыпты. Маңхан бес ағаның ортасында өскен әрі атақты бидің қызы, өз замандастарына қарағанда алдына ешкім қарсы келмей еркелеп ер жеткен қыз болыпты. Бойжеткен кезінде қайсыбір әлді ру басшыларының Қазыбекпен құда болуға ниет етіп жүргендерін сезіп, Маңқан бір күні әкесіне:

– Әке, сіздер мені қанша еркелеткендеріңізбен төмен етекті болып жаратылдым ғой, сондықтан түбі бір жерден орын табуым керек болар. Сол орнымды өзім табайын, мені ешкіммен атастырмаңыздар, – деп тілек етіпті. Арада біраз уақыт өткен соң сол кезде Орта жүзге мәлім бола бастаған өзінің ағаларымен үзеңгілес жүрген Жалаңтөс деген батыр жігітке әкесінің ақ батасын алып тұрмысқа шығыпты…». (Ә.Адамбековтің «Жұлдыз» журналына жазған хатының көшірмесі менде сақтаулы. Қ.С.).

Тағы бір айтайын дегенім, Маңқан анамыздың есімін жоғарыда айтқанымдай, Жалаңтөс бабамыздың өзі қойған, ал шын есімі Қамқа болуы тиіс. Осы анамыздың атын келіндері әдеп пен иба сақтап, тіке атамаған, «ортаншы ене» деп айтатын болған. Ал, тарихи деректерде, мәселен, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында аты Қамқа болып жазылған. Онда анамыздың үш-төрт баласы болғандығы да анық көрсетілген. Ал, Қамқаны Жәнібектің әкесі Бердәулетке теліп жүргендер, одан жалғыз ғана Жәнібек туған деп жаңсақ деректер береді. Қ.Тауасарұлы жазғандай, Маңқан анамыздан төрт-бес ұл туған, олардың аттары: Бәйгел, Берістен, Бөлтей, Сәрке. Сәрке – батырдың ең кенжесі.

Батырдың Маңқан анамыздан туған ұрпағы Ысқақ Бәкірұлының (1934-2013) айтуы бойынша Маңқан анамыздың қабірі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Нүркен ауылдық кеңесіне қарасты Жалаңтөс батыр ауылының (бұрынғы Қызылтас, Бірлестік) күн батысындағы Айдай тауының баурайында. «Оны қайдан білдіңіз?» дегенімде, «Ұлы Отан соғысының алдындағы жылы әжем Тілеулі апам (руы Керней) Айдай тауының етегіндегі зираттардың жанынан өтіп бара жатқанда, өгіз арбаны тоқтатып, жерге түсіп тізе бүгіп аят оқығаны бар. Бұл кімнің бейіті дегенімізде, шеткі тұрған саман бейітке жақындап, Маңқан енеміздің мазары деп көрсетті», – деген еді Ысқақ ағамыз 2007 жылы. Ол жерде саманнан, тастан салынған бірнеше қорымдар бар. Онда Маңқан анамыздың балаларының, немере-шөберелерінің сүйектері жатыр.

Жалаңтөс батыр тарихи тұлға ретінде айтылып жүргенімен, есімі ескерілмей келе жатқан батыр. Сүйегі Қарағанды қаласының дәл іргесінде жатқанымен және көрсеткен ерліктері осы қала орналасқан жердің тарихымен байланысты болғанымен, батырдың құрметіне облыс орталығынан не көшенің аты, не шағын ауданның аты берілген емес. Осы жағын қарағандылықтарға құлаққағыс етіп айтқым келеді. Қаз дауысты Қазыбек бидің жалғыз күйеу баласы болғандықтан, Жалаңтөс батырға Қарағанды қаласындағы бір көшенің атын беру атақты бидің 350 жылдық торқалы тойының аясындағы шаралардың ауқымына сай келетін іс десек, қателеспеген болар едік.

Қуандық СӘДЕНОВ,

батырдың ұрпағы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button