Жақсының жағасы, елінің ағасы

Ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, алға қойған асқаралы мақсатына жету үшін бар күшін, ой-жігерін, қажырқайратын аямай, өз ісін беріле атқаратын жандар арамызда аз емес. Сондай азаматтың бірі һәм бірегейі, Нұра ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Нұраның төл перзенті Сейілхан ОСПАНБАЙҰЛЫ 70 жасқа толып отыр.

Әке мен шешенің жалғызы, әулетінің ырысы болған, туған-туыс, дос-жаран, халқына сыйлы Сейілхан Оспанбайұлы 1948 жылы 4 желтоқсанда Жараспай ауылында дүниеге келген. Әкесі Оспанбай Қоңырбаев еліне еңбегі сіңген, сыйлы азамат болыпты. Анасы Жамбы Күдегейқызы 37 жасында осы Сейілханды дүниеге әкелген екен. Сондықтан болар, соғыстан кейін туған жалғыз ұлдың балалық шағы қаперсіз өтті. Ауыл мектебін тәмамдап, Талғар ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті. Оны үздік бітіріп, ауылына оралды. Еңбек жолын сол кездегі «17 лет Октября» кеңшарында агроном болып бастады.

Бар саналы ғұмырын туған ауылына арнаған бір жан болса, ол – Сейілхан ағамыз. 1991 жылы оны аталған кеңшарға директор етіп тағайындайды. Кейін, қайта құру кезінде «Жараспай» ЖШС-не директор болып сайланды. Міне, ширек ғасырдан астам осы шаруашылық тізгінін ұстап келеді. Жай ұстап келе жатқан жоқ, тер төгіп еңбек етіп келеді.

«Жараспай» серіктестігі бүгінде аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі. Соңғы үш жылдың көлемінде шаруашылық ісі алға басып, қарқынды дамуда. Оған кейінгі жылдары 1,2 млрд. теңге қаражат құйылды. Жер өңдеуге қатысты озық үлгідегі заманауи технологиялар енгізу, алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік өнімділігі жоғары техникаларды сатып алу – серіктестік басшысының негізгі ұстанымы. Тәжірибелі диқан озық технологияларды енгізіп, машина-трактор паркін жаңа отандық және шетелдік техникалармен толықтырды. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштар пайдалану да дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде астық өнімді де артуда.

Ауылдың әлеуметтік жағдайына да серіктестік ерекше назар аударады. Биыл көше асфальтталып, ауылға көше шамдары орнатылды. Билайн ұялы телефон байланысын 16 млн. теңгеге орнатып, ауыл тұрғындарын зор қуанышқа бөледі. Осының бәрі де Сейілхан Оспанбайұлының елім деп соққан жүрегінің арқасы десек артық айтпаған болармыз. Бүгінде кеудесінде қос орден жарқыраған Сейілхан ағамыз жетпістің желкенін керіп отыр. Ағамыздың ең бекте де, өмірде де жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде бас сауғаламады, туған ауылын, серіктестігін тастап кетпеді. Нарық қыспағын елмен бірге көтерді. Төзімділік танытып, шыдамдылықпен шаруасын дөңгелетті. Міне, еңбегінің есесін бүгін көріп отыр. Ісі оңға басып, шаруашылығы шалқыды. Елі дән риза. Ең бастысы, ағамыз өзіне қамқорлық жасап, жас маманды өз кәсібін меңгеруге көмектескен жандарды да ұмытпады.

– Ең алдымен, «17 лет Октября» кеңшарын басқарған Жаңабай Ақмағамбетовты ұмытпаймын. Ол кісі іскер басшы, ірі ұйымдастырушы еді. Мен Талғар ауылшаруашылық техникумын бітіріп, ауылға агроном болып келіп, еңбек жолымды бастадым. Одан соң бас агроном болып тағайындалдым. Кейін ол кісі мені ферма меңгерушісі етіп тағайындады. Ол кезде кеңшар ірі шаруашылық болатын. Егіннен өзге мыңдаған ірі-қара мал бар еді. Адамдармен тіл табысу, жұмысты тиімді ұйымдастыру сияқты толып жатқан түйткілдерді шешу жолдарын осы кісіден үйрендім.

Ерекше есімде болатын екінші адам ол осы шаруашылықтың бас агрономы болып 25 жыл еңбек еткен, өз ісінің майталманы – Иван Дмитриевич Мироненко. Диханшылықтың қыр-сырын осы кісіден үйрендім. Кейін еңбек жолымда Дауылбай Мейрамұлы, Георгий Прокоп сынды азаматтармен қоян-қолтық еңбек еттім. Қиындықта әрдайым бірге бола білдік. Бір-бірімізге тірек, ақылшы болдық. Әсіресе, нарық қыспағына түскенде абдырап қалғанымыз рас. Сонда бәріміз бірігіп, тығырықтан шығу жолын іздедік. Сол бірліктің арқасында қиын кезеңдер артта қалды ғой. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, «төртеу түгел болса төбедегі келеді» екен.

Өз өміріме ризамын. Отбасым, бала шағам, жанымдағы Құдай қосқан жарым Сара аман болсын деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса бәрі де еңбекпен келеді ғой. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Тек соны дұрыс түсініп, әр адам еңбек етіп, өз үлесін қосса – еліміз одан сайын дами түсетіні сөзсіз, – деді Сейілхан ағамыз ағынан жарыла

Бүгінде Сейілхан ағамыз бен Сара апамыз жарты ғасыр бірге тату-тәтті өмір кешіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, балаларының бақытына кенеліп, немеренің қылығына қанып, шөберенің қолынан су ішіп отырған бақытты жандар.

Іскер басшы, білікті ұйымдастырушы Сейілхан Оспанбайұлын 70 жасқа толуымен нұралық азаматтар атынан шын жүректен құттықтаймыз. Аптал азаматқа ұзақ та мазмұнды ғұмыр тілейміз.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүше

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.